Қырғызстанның Ош облысы, Науқат (Ноокат) ауданында толассыз жауыннан тасқын жүріп, бірнеше адам суға кетті. Қаза тапқандардың ішінде еліміздің 4 азаматы бар.
Анасымен бірге Қырғызстанға туыстарына барған 19,16, 11, 8 жастағы екі қыз, екі ұл бала тасқын су салдарынан қаза болды. Көрші елдің Апшыр-Ата ауылынан демалыс аймағындағы суқоймаға тынығуға бара жатқан жолда тасқынға тап болып қазаға ұшыраған марқұмдардың денесі елге Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағымен жеткізіліп, марқұмдарды жерлеу рәсімі өтті.
Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі, таулы өңірде жауын әлі де толастамайтынын, сел жүру қаупі жоғары екенін ескертіп, жергілікті тұрғындар мен туристерге қауіпсіздік ережесін қатаң ұстануға үндеді.
Қырғызстанның Ош облысында 28 маусымда бесін ауа басталған жаңбырдан оннан астам адам мерт болды. Осы елдің Төтенше жағдайлар министрлігі Науқат ауданында төтенше жағдай режімі жарияланып, Абшыр-Сай демалыс аймағынан 1300-ден аса адамның қауіпсіз аймаққа көшірілгенін, Кезарт жайлауында қалған 10 адамды да қауіпсіз орынға көшіру жұмысы жүзеге асырылғанын хабарлады.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігімен тығыз байланыс орнатып, жағдайды жіті қадағалап отыр. Елімізден аттанған құтқарушылар, медицина қызметкерлері, психологтер де көрші ел азаматтарына көмек көрсетіп жатыр. Ош облысындағы төтенше жағдайға тап болған халыққа Қазақстаннан алғашқы гуманитарлық көмек те жеткізілді.