Иордания астанасы Амман қаласында күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі балуандар арасында Азия чемпионаты мәресіне жетті. Еліміздің балуандары құрлық бәйгесінен толайым табыспен оралды.
Әйелдер күресінен балуандарымыз 7 медаль олжалады. Өкінішке қарай, финалдық бәсекеге дейінгі қарсыластарының барлығын еркін еңсерген Кәмила Апекова (50 кило), Шұғыла Өмірбек
(57 кило), Тыныс Дубек (62 кило) чемпион атануға сынық сүйем жетпей тоқтап, күмісті місе тұтты.
Азия чемпионатының қола жүлдесі Зейнеп Баянова (53 кило), Гүлдана Бекеш (59 кило), Бейбіт Сейдуалы (68 кило), Әлина Ертөстікке (76 кило) бұйырды.
Еркін күрестен жігіттер ерледі. 61 кило салмақта Мерей Базарбаев пен 86 килода белдесуге түскен Шамсат Тайыр құрлық додасының чемпионы атанса, Сұлтан Құрманәлиев (57 кило), Рүстем Мырзағалиев (79 кило), Әкежан Айтбеков (97 кило) финалдық бәсекеде сүрініп, күміс медаль иеленді.
Азия чемпионатының қола жүлдесі Олжас Олжақанов (70 кило), Нұрдәулет Бекенов (92 кило), Бекзат Үркімбайға (125 кило) бұйырды.
Грек-рим күресінен де балуандарымыз топ бастады. Азия чемпионатының алтын медалі Ербол Камалиев (55 кило), Нұрсұлтан Базарбаев (63 кило) және Мерей Мәулітхановқа (72 кило) бұйырды. Диас Әскебай (67 кило), Расул Жүніс (77 кило), Әлмир Төлебаев (82 кило) және Мақсат Сайлау (87 кило) Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Құрлық додасының қола медалі Бақдәулет Азамат (97 кило) пен Асылбек Жәнібекұлына (125 кило) бұйырды.