Париж жазғы Олимпиадасының басталуына да санаулы күн қалды. Дүниежүзінің назарын аударған төрт жылдық додасына еліміздің спортшылары 80 лицензия иеленуді жоспарлаған. Меже нәтижелі орындалып, саңлақтар 83 жолдаманы олжалап үлгерді. Әлі де жеңіл атлеттер лицензиялық турнирге қатысатындықтан, жолдаманың саны арта түсуі бек мүмкін.
Орталық коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев жеңіл атлеттеріміз жолдаманы еселей түсетініне сенім білдірді.
«Лицензиялық турнирлерге қатысқан спортшыларымыз арасында семсерлесушілер мен оқ ату спортынан додаға қосылатын саңлақтарымыз жоғары нәтижеге жетті. Жазғы Олимпия ойындарына алғаш рет енген брейкинг спортынан бізге де 1 лицензия бұйырды. Теннис пен еркін күрестен спортшылар көздеген жолдаманы толыққанды еншілей алмады, өкініштісі, ауыр атлеттеріміз жолдамасыз қалып, жазғы Олимпия ойындарына қатыспайды. Мұндай олқылық бұрын-соңды болған жоқ», деді спикер.
Париж жазғы Олимпия ойындарына баратын спортшыларымыз киетін бірыңғай формаға қатысты вице-министр ешқандай кілтипан жоқ деп атап өтті. Былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында жалауы желбіреген жазғы Азия ойындарына барған делегацияға арнайы тігілген форманың сапасына қатысты аз сын айтылған жоқ. Вице-министр 5 шілдеде спорттық форманы БАҚ өкілдеріне таныстыру шарасы өтетінін, сапасы, дизайны туралы талқылау болатынын жеткізді.
Ауыр атлеттеріміздің аламанға жолдама олжалай алмауы біздің резервтің әлеуеті қаншалықты екенін айқындап бергендей. Бұл олимпия ойындарынан кейін де кезегі келетін төрт жылдық додасы бар. 2026 жылы Италияның Милан мен Кортина-д Ампеццо қаласында өтетін қысқы және 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласы қабылдайтын жазғы Олимпия ойындарына қосатын спортшыларымыздың да әлеуетін бүгіннен бағамдау маңызды. Бұған қатысты қойылған сауалға жауабында вице-министр кешенді жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.
«Елімізде резервтегі спортшыларды даярлауға арналған 510 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Оның ішінде олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беріледі. Сондай-ақ әр өңірде 20-ға жуық Олимпиадалық даярлау орталығы жұмыс істеп жатыр. Оның екеуі жазғы республикалық даярлау орталығы: Астана және Алматы қалаларында орналасқан.
Париж олимпиадасымен ғана шектелмей, бүгінде 2028 жылы Лос-Анджелесте, 2032 жылы Брисбенде өтетін олимпиадаларға да дайындық кешенді жүргізіліп келеді», деді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
Қазіргі уақытта лицензия жеңіп алған барлық спорт түрінің ерекшелігін, физиологиясын және қажеттіліктерін ескере отырып, жеке жоспар бойынша дайындық пысықталып жатыр. Даярлау жұмыстарын жүйелі жүргізуі үшін 10 спорт түрінен 14 шетелдік маман да шақырылған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша спорт саласындағы басқару институттары арасында тиімді коммуникацияларды үйлестіретін және қамтамасыз ететін штаб құрылды. Спортты дамыту дирекциясы, Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры тарапынан спортшыларды сапалы даярлау үшін барлық мүмкіндік жасалып отыр. Әсіресе медициналық, фармакологиялық құралдармен және спорттық тамақтанумен қамтамасыз ету жолға қойылды», деді Серік Жарасбаев баспасөз мәслихатында.
Францияға аттанатын делегация құрамында 118 адам бар. БАҚ өкілдері, дәрігерлер, жаттықтырушылар, спортшылар сынды делегация мүшелері аккредиттеуден өтіп, Шенген визасын алды. Спортшылардың арасынан алдымен ескек есушілер аттанады. Олар жаттығу жиынын Францияның Гравлин қаласында өткізіп, бірден Парижге ұшады. 22 шілдеде Астанадан 4 команда, Алматыдан 10 команда, сондай-ақ Еуропада жиында жүрген және жарысқа қатысып жүрген 13 команда Олимпиадаға жол тартпақ.
Серік Жарасбаев Париж жазғы Олимпия ойындарында медаль олжалайды деп үміт артқан спортшылар арасынан 54 спортшыға баса екпін беріліп, дайындықтарына айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. «Олар жоғары нәтижемен оралады деп үміт етеміз. Сондықтан да кешенді жаттығуы үшін ғылыми топ жұмыс істеп отыр. Медициналық тексеруден өткізу, фармакологиялық қажеттілікпен қамтамасыз ету, тамақтануына дейін жүйелі жүзеге асырылады», деді спикер. Әр спортшының жеке дайындығын бас бапкер ғана емес, федерация басшылығы да бақылауға алып, жіті қадағалап отырғанын жеткізді.
Париж Олимпиадасының салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің делегациясын бастап, ту ұстап шығушылар да белгілі. Бокстан әлем чемпионы, ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафроноваға көк туымызды көтеріп шығу жүктелмек. Резервте грек-рим күресінің балуаны Нұрсұлтан Тұрсынов пен семсерлесуші Әйгерім Сарыбай да тұр.