Қазір әлеуметтік желіде өзге тілдегі сөзді немесе мәтінді лезде аударып беретін құрылғылар жетерлік. Солардың ең танымалы – «Google Translate». Өткен аптаның соңында «Google» компаниясы аталған бағдарламаның жаңарып, толыққанын жариялады.
Жасанды интеллект арқылы онлайн аудармашыға жаңадан 110 тіл қосылды. Олардың арасында бес түрік тілі бар. Атап айтсақ, башқұрт, чуваш, якут, тува, сондай-ақ қырым татарларының тіліндегі мәтіндер енді өзге тілдерге емін-еркін аударылады. Қызмет онлайн үлгіде, интернетке кіру мүмкіндігі бар кез келген қолданушыға қолжетімді. Компанияның хабарламасында айтылғандай, жаңарту 614 миллионнан астам адамды немесе жер тұрғындарының шамамен сегіз пайызын қамтиды.
«Олардың кейбірі – 100 миллионнан астам сөйлеушісі бар негізгі әлемдік тілдер. Ал кей тілдер жергілікті шағын қауымдастықтарда ғана қолданыста. Тіпті бұл бағдарламаға ана тілі жойылып кеткен халықтардың да сөздері енгізілген», деп хабарлайды «Google» компаниясы.
Онлайн аудармашы жүйеге қосылған барлық тіл арасында жеке сөздер мен сөйлемдерді, мәтіндерді, сондай-ақ тұтас веб-парақшаларды аудару мүмкіндігіне ие. «Google» аудармашының да басқа машиналық аудармашы құралдар сияқты өзіндік шектеулері бар. Оқырманға шет тілдегі мәтіннің мазмұндық мағынасын түсіндіруге көмектескенімен, әрдайым нақты аударманы жеткізіп бере алмайды. Әрине, кең қолданыстағы кейбір тілдердің аударма нәтижесі жақсырақ болып келеді. Мысалы, «Google Translate» ағылшын тілі мен Еуропа одағы тілдері арасында сапалы аударма жасайды.
Айта кетейік, қазақ тілі «Google» онлайн аударма жүйесіне он жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2014 жылдың 12 желтоқсанында қосылды. Жыл өткен сайын аударма сапасы жақсарып, базадағы қазақ тілінің сөздік қоры арта түскен.