• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2015

Өткеннен сабақ ала білгеннің артықтығы жоқ

640 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең жойқын қақтығыстардың бірі болды әрі алғаш атом бомбасының қолданылуымен ерекшеленді. Қазіргі таңда жаппай қырып-жоятын қаруға ұмтылушы мемлекеттердің қатары аз еместігін ескерсек, оның тамыры сол кезге барып тіреледі.  Жалпы, бірінші дүниежүзілік соғыс барысында шешімін таппаған аумақтық мәселелер екіншісінің басталуына себепші болса, үшіншісінің басталып кетпеуін тілеп отырған адамзат үшін жағдай келесісінде қалай өрбуі мүмкін деген алаңдаушылық жоқ емес.  Негізінен, соғыс бір елдің аумағын басып алу үшін де жасалмайтыны, оның астарында империалистік пиғылдың жататыны тарихтан белгілі. Адам бала­сының атаққұмарлығы немесе менмендігі өзгелерге өз ұстанымын күштеп таңуға итермелейді. Бір шетінен қарасаңыз, я бүтін бір елді уысында ұстап, солардың игілігі үшін күресіп жүрген тұлға кейпіндегі жан өзгелерге адам еркіндігі мен бостандығына немесе өміріне қол сұғушы агрессор. 1939 жылдың 1 қыркүйегінен 1945 жылдың 2 қыркүйегіне дейін созылған екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына түрткі болған Германия, Италия, Жапония және оның басында болғандар тиісті жазаларын тартты да. Гитлер жұмбақ жағдайда өлім құшса, Муссолиниді алаңда жазалады, ал Жапонияның екі қаласына тасталған атом бом­басының салдары әлі күнге дейін сезіліп келеді. Енді мұндай әлемдік ауқымдағы қақтығыстарды болдырмау мақсатында соғыстан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылып, оның Жарғысына Сан-Франциско қаласында 50-ге тарта мемлекет (КСРО, АҚШ, Ұлы­британия, Қытай және өзгелері) қол қойды. Қазір 200-ден астам елмен толыққан бұл әлем­дік белді ұйым нәтижелі дерлік жұмыс іс­теп келеді. Алайда, кейбір мәсе­ле­лер бойынша ірі мемлекеттер арасында ұстанымдық жағынан қайшылықтар бар. Әсіресе, ол Иранның ядролық бағдарламасы, Солтүстік Кореяның ядролық қару­ға ұмтылуы, Сирияның саяси дағдарысы сияқты мәселелерде анық байқалады. Ал адам шығынына келсек, екінші дүниежүзілік соғыста қаза болғандар саны оның алдын­дағыларынан айтарлықтай көп. Соғысқа 110 миллиондай адам тартылған 72 мемлекеттің жұмылуы, ал қаза тапқандар санының 65 миллион адамға (соның 27 миллионы кеңестік азаматтар) жетуі кім-кімді де ойлантпай қоймайды. КСРО Қорғаныс министрлігі Бас штабы арнайы комиссиясының жұмысы мен КСРО ҒА Тарих бөлімінің деректері кеңес әскерінің 1941-1945 жылдардағы демографиялық ахуалы нашарлап, 8 688 400 адамды құрағандығын келтірген. Ал вермахттың және оның одақ­тас­тарының демографиялық жоғалту­ы 8 649 500 адам болыпты. Мұн­дай демографиялық жоғалту тізі­міне тұтқынға түскендер мен із-түз­сіз жоғалып кеткендер де кірген. Кеңестік тарихшылардың мәлі­­меттеріне қарағанда, жау­дың қолына түскен кеңестік жауын­герлердің саны 4 559 000 (неміс деректерінде 5 200 000-нан 5 700 000-ға дейін) болса, соның тек 1 836 000-ы ғана елге оралып­ты. Ал кеңестердің қолында болған 4 126 964 тұтқынның 580 548-і ғана өлім құшып, қалғаны өз елдеріне қайтарылған. Неміс лагерь­лерінде адамдардың мың­дап пешке жағылып, бүкіл бір деревнялардың тұрғындарымен өртеп жіберілгендігін білеміз. Фашис­тер 628 белорус деревнясын тұр­ғын­дарымен өртеп жібергендігі белгілі. Жалпы, басып алған кеңестік аумақта 7,4 миллион адам өлтіріл­се, соның 1,5 миллионы белорустар екен. Кеңестік әскерлер де кек алу үшін немістерге небір зұлымдықтар жасағаны айтылып қалып жатыр. Кеңес әскерінен қашып, «Вильгельм Гуслов» круиздік кемесіне мінген 7000 неміс азаматының, оның ішінде жас балалар мен әйелдер және егде жастағы қариялар да бар, тағдыры жантүршігерлік. Кеңестік сүңгуір кеме капитаны Александр Маринеско әлгі немістер мінген кемеге торпедо жібергені сол екен, ол бір жағына жантайып барып 70 минуттан кейін суға кетіпті. Шығыс Пруссияда кездескен еркек кіндікті неміс бірден атылса, қыз-келіншектері зорланған. Қалай десек те, орасан адам шығынымен жеткен жеңіс жеңім­паздардың кеудесінде сақталған кекті қайтаруға итермелесе керек. Тұрақты мекендерінен қуылған немістердің саны 18 миллион бол­са, олардың 2,5 миллионы қаза бол­ғанын да айта кету керек. Жалпы, Кеңестер Одағы адам шы­ғынымен қатар, елдің ұлт­тық байлығының 30 пайызын жоғалт­са, Ұлыбритания – 0,8 пайы­зын, ал АҚШ 0,4 пайызын ғана жоғалтыпты. Тарихта бір тұлға өз елінің ғана емес, әлемнің өзгеруіне де ықпал етіп жатады. Осы тұрғыдан келгенде, Иранмен сегіз жыл бойы соғысқан, артынан атом бомбасын жасап жатыр деген желеумен диктаторлық режімі үшін дарға асылған Ирак басшысы Саддам Хусейн туралы айта кетпеске болмас. Кувейтке басып кіріп, өз ықпалын күшейтпек болған оның бұл әрекеті осылайша орта жолдан қиылды. Егер агрессор дер кезінде тоқтатылмаса, онда күшейіп алғаннан кейін Гитлердің жолын қумасына ешкім кепілдік бере алмайды. Бұл ретте, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ирак­тың Германия жағында болған­дығын да айта кеткен жөн. Араға ондаған жылдар салып, миллионнан астам адамы бар Ирак әскерінің тас-талқан етіп жеңілуі батыстық әскери технология мен әлемдік қоғамдастық қолдауымен жүзеге асты. Ал С.Хусейн болса, жаппай-қырып жоятын қаруға қол жеткізе алмады. Германия да бір кездері АҚШ, Англия және Франциямен Версаль бейбіт келісімін жасасқаннан кейін-ақ арадағы үзілісті пайдаланып, бірден өзінің әскери әлеуетін күшейтуге кірісті. Оны өзге державалар білсе де, үнсіз қалды. Олар­дың пайымынша, Германия өзінің бар қаһарын Кеңестер Одағына төгуі тиіс-ті. Ол ойлары жүзеге асты да, алайда шоқтан тұтанған жалын олардың өздерін де шарпи бастады. Тек содан кейін ғана екінші майдан ашылғаны тарихтан мәлім. Оның немен аяқталғанын және білеміз. Сөз реті келгенде айта кетейік, Германия ғалымдары атом бомбасын жасап шығаруға шақ қалды. Егер жасап үлгергенде, оның міндетті түрде қолданылып, қазіргі геосаяси жағдай тіптен түбірімен басқаша қалыптасар ма еді, кім білсін?! Соғыс жаппай қырып-жойып қана қоймай, сонымен қатар, жаңа ізденістер мен қадамдарға итер­мелейтінін де білеміз. Герма­ниямен соғыстың әйтеуір бір болмай қоймайтынын түйсінген КСРО жабық конструкторлық бюролар ашып, тәртіпті барынша күшейтті. Жаңа әскери училищелер мен академиялардың желісін құра бас­тады. Германияға қарсы соғыста АҚШ-тың әскери техникалары КСРО-ға берілгені қазір айтылып қалып жүр. Бір кездері Сібір жерінде лагерь ашып, байлығын игермек болған америкалықтар мен ағылшындар жергілікті тұр­ғындардың қарсылық көр­сетуімен кеткендігін ескерсек, әрине, АҚШ мұндай көмекке тек Германияны әлсірету үшін ғана барды. Қазір жағдай керісінше қалыптасып отыр. Батыс Ресейді барынша қыспаққа алып, оның экономикасын әлсіретуге әрекет етуде. Бұл да баяғы бір миссияның жалғасы іспетті. Қалай болған күнде де Ресей бұл дағдарысты еңсеруге барын салуда және де тиісті шаралар қабылдап жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Батыс Еуропа елдерінің экономикасы шатқаяқтап қалды. Әлемдік аренадағы ықпалы да барынша төмендеді. Соғыстың бел ортасында жүрмеген, тек 1941 жылдың 7 желтоқсанында Жапонияның Перл-Харборға шабуылынан бастап қана ішінара ұрысқа кіріскен АҚШ-тың екінші дүниежүзілік соғыстан қос бүйірі бұлтиып шыққаны белгілі. Бұл өз кезегінде доллардың әлемдік нарықтағы құнының жоғары әрі тұрақты болуына оң ықпалын тигізді. Қазір АҚШ әлемде үлкен айырмашылықпен бірінші экономика санатында тұр. Екінші дүниежүзілік соғыс КСРО-ның да әлемдік қоғамдастықтағы ықпалын арттырса, ал Еуропа мемлекеттерін белгілі бір уақытқа кері итеріп тас­тады. Үнемділік пен қомақты ин­вес­тицияның және қажырлы еңбек­тің арқасында араға ондаған жылдар салып, Еуропа еңсе тіктей алды. Ұрыс қимылдарына пайдаланылып келген әскери техноло­гиялардың артынан бейбіт мақсатқа бағытталып отырылатыны және анық. Көптеген жаңаша шығарылған тауарлардың әскери технологияның жемісі екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Дей тұрғанмен, қазіргі кезде инновация мен технология өміріміздің ажырағысыз бөлшегіне айналып үлгерді. Германия жеңіл­геннен кейін оның біраз техноло­гиялары АҚШ пен КСРО қара­мағына өтті. Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы соғыста алғаш рет қолданылған реактивті ұшақтардың ұқсас болуы германиялық технология деген де пікір бар. Сол кездің өзінде сонау Лондонға дейін ұшып барған Фау-1 және Фау-2 деп аталған неміс зымырандарының технологиясы қазір барынша дамытылған. Қазір құрлықаралық зымырандардан өзге, ғарышқа жөнелтілетіндердің де қатары толығып келеді. Егер кешегіге көз жүгіртсек, екінші дүниежүзілік соғыста бұрын белгілі болмаған 7 қару түрі қолданылса, корей соғысында – 25, ал араб-израильдің төрт қақтығысында – 30 және де Парсы шығанағында қарудың 100-ге тарта жаңа түрі пайдаланылыпты. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».