• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2015

Батыс Қазақстан облыстық театры фестивальдан бас жүлдемен оралды

410 рет
көрсетілді

ОРАЛ. 11 маусым. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Қырымда өткен халықаралық фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Керчь қаласында 5-10 маусым аралығында өткен «Боспорские агоны» халықаралық антикалық өнер фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Қырым жерінде осымен он жетінші рет өткізілген өнер мерекесінде оралдықтар Еврипидтің «Троя аруларымен» көрінді. Труппаны театр директоры Қуаныш Амандықов пен бас режиссері Мұқанғали Томанов бастап барды. «Троя арулары» трагедиясын Орал сахнасында тараздық белгілі режиссер, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов биыл қойған болатын. Міне, осы қойылым үшін батысқазақстандық театр фестивальдің бас жүлдесі - «Боспор Никасымен» марапатталды. Сонымен қатар Гекуба ролінде ойнаған театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Исалиева «Ең үздік әйел бейнесі үшін» аталымымен наградталды. «Қазақ театр өнерін әрдайым жоғары бағалайтын Ресейдің халық әртісі Александр Голобородько бастаған қазылар алқасы және фестивальді ұйымдастырушылар Татьяна Умрихина мен Елена Клименколарға ризашылығымызды білдіреміз», - деді Қ.Қасымов. Еске сала кетейік, батысқазақстандық театр бұдан бұрын да халықаралық, республикалық өнер байқауларына қатысып, олжамен оралып жүрген болатын. Әсіресе, 2012 жылғы қазанда Қостанай қаласында Ілияс Омаровтың 100 жылдығына арналған республикалық театрлар фестивалінде Григорий Гориннің «Атың өшкір Геростратын» (режиссері Мұқанғали Томанов) қойып, жеті бірдей жүлдені алып қайтқан еді. Темір Құсайын. Дерек, сурет: Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының баспасөз қызметі.