Маусым айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 доллар үшін 471,84 теңгеге дейін, 5,5%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 251 млн доллардан 183 млн долларға дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,7 млрд доллар болды деп хабарлады Ұлттық банк (ҰБ).
Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз етуге маусым айында 420 млн долларға валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 11%-ын және күніне 21 млн доллардан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл – шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді.
Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін маусымда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 293 млн долларды немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 8%-ын құрады. Сондай-ақ бас банк маусымда валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.
«Республикалық бюджетке трансферт бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2024 жылғы шілдеде Ұлттық банк Ұлттық қордан
450 млн доллардан 550 млн долларға дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді», делінеді ҰБ мәлімдемесінде.