• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Шілде, 2024

Тасқыннан зардап шеккендерге 775 үй салынады

95 рет
көрсетілді

Су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін 775 үй салынып, мемлекет есебінен қосымша 1 500 пәтер сатып алынады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Теректі ауданы Подстепное аулының тұрғындарымен кездесу барысында айтты.

Елді мекен Орал қаласынан 10 шақырым қашықтықта орна­лас­қан. Су тасқыны кезінде ауыл өзге елді мекендерге қара­ған­да көбірек зардап шекті – 481 отбасы баспанасынан айырылды.

– Барлық дүние-мүлік, төрт түлік су астында қалды. Үйді су басты. Біз көпбалалы отбасымыз. Алғашында бізге мектептегі эвакуациялық пунктте төсек-орын берілді. Қазір баспана жалдап жатырмыз. Мемлекеттен материалдық көмек алдық. Енді тездетіп тұрғын үй алғымыз келеді, – деді жергілікті тұрғын Мариям Қайратқызы.Бүгінде Теректі ауданын­да бірқабатты 131 үйдің құры­лысы жүргізіліп жатыр. Әр үйдің жалпы ауданы – 80 шаршы метр. Подстепное аулында 106 үй салынады. Бұл жұмысқа 10 мердігер компания жұмылдырылған. 670 үй иесі 100 АЕК (369 200 теңге) мөлшерінде біржолғы материалдық көмек алды. 506 үй иесінің материал­дық шығынының орны толты­рыл­ды. Ауылда мектепті жөн­­деу жұмысы басталды. Жол жөндеу­ге және бөгеттерді қалпына келті­руге бюджетке өтінім берілді.

– Депутаттар алғашқы күн­нен-ақ оқиға орнынан табылды. Өз басым зардап шеккен отбасылармен бірнеше рет кездес­тім, су тасқынына қарсы іс-қи­мыл бойынша әкімдіктермен бірге жұмыс істедім, бағалау комиссияларының жұмысы­на атсалыстым. Барлық мәсе­ле Президент бақылауында болды. Қазір біздің басты мақсатымыз – зардап шеккен жандардың барынша тезірек байырғы өмірге оралуына жағдай жасау, үйлерді, жеке қосалқы шаруашылықтарды, әлеуметтік инфрақұрылымды, балабақшалар мен ауруханаларды қалпына келтіру, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары су тас­қынына қарсы іс-қимыл жұмы­сына барынша атсалысу ма­қ­сатымен зардап шеккен өңір­лерге барған болатын. Халық қалау­лылары тұрғындардың өті­ніш-тілегін құзырлы органдарға жеткізіп, қажетті ресурстарды жедел жұмылдыру жұмысын ұйымдастырды.