Елімізге көптеп турист тартудағы әліміз нешік? Былтырдан бері іске қосылған визасыз режім Қытай мен Қазақстан арасындағы туризмге қаншалықты серпін берді? Миллиардтар елінен келетін туристер ағынының салмағы қандай?
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен кездесуінде осы сауалдардың да жауабы айтылды. Астанада өткен кездесуде туризм саласын өрістету бағыты бойынша екіжақты ынтымақтастық талқыланды. Былтырғы нәтиже бойынша көрші Қытай елінен бізге келген туристердің саны едәуір артқан.
«Туризм саласындағы ынтымақтастықты жандандыру, туристер санын ұлғайту мақсатында бірқатар шара қабылданып, игі істер жүзеге асырылды», деген Е.Маржықпаев 2023 жылы Қытайдан елімізге келген туристер саны бірнеше есе артып, 367 мың адамға жеткенін атап өтті. Сонымен қатар былтыр 311 мың отандасымыз турист ретінде Қытайға сапарлаған. Бұл көрсеткіш былтырға қарағанда екі есе көп. Министр Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстері саны аптасына 44 рейске дейін артқанын атап өтті.
«ҚХР Төрағасының Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Қытай медиа корпорациясымен (СМG) елдің туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында туризм саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады», деді Е.Маржықпаев.
ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, елдестірмек игі іс екі ел арасындағы экономикалық, сауда және гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытатынын жеткізді. Қытай тарапы Қазақстан үшін туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға әрқашан да әзір екенін аңғартты.
Е.Маржықпаев Сунь Елиге сауын айтып, Қытайдың Ұлттық құрамасы өнер көрсететін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын тамашалауға көрші ел туристерін де шақырды. 8–13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін дүбірлі доданы тамашалауға бірнеше елден туристер келетінін жеткізді.
Биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының жабылу рәсімін желтоқсан айында Алматыда өткізу жоспарланып отыр.