• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Мәдениет 04 Шілде, 2024

Бір мезетте мың адам күй тартты

167 рет
көрсетілді

Елімізде ерекше маңызға ие Ұлттық домбыра күні Алматы облысында да айрықша аталып, ұлттық өнер дәріптелді. Қонаев қаласында айтулы мерекеге орай «Домбыра-дастан» фестивалі өтті. Оған аймақтың түкпір-түкпірінен қара домбыраны қолына алған мыңдаған музыканттар жиналды. 

Белгілі күйші, композитор Секен Тұрысбеков, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Мейрамбек Бесбаев пен Нұркен Әшіров сынды аға буын өкілдері домбыра құлағында ойнап, ел арасында кеңінен таралған шығармаларды орындады.

Ал аудандық және қалалық мәдениет орталықтарының жанынан жұмыс істейтін 80 үйірменің 1000-нан аса шәкірті  күміс күйден шашу шашты. Оларға әр аймақтан келген 92 үйірме ұстаздары жетекшілік етті.

Ұлттық аспап ұлықталған фестивальге өңір басшысы Марат Сұтанғазиев арнайы қатысып, қазақ мәдениетінің дәстүрлерін сақтау мен дамытудың маңызына тоқталды.

«Домбыра – бұл жай ғана музыкалық аспап емес, бұл біздің тарихымыздың, бірегейлігіміздің символы. Жас ұрпақтың өз мәдениетін білуі және жақсы көруі маңызды. Сондықтан домбырада ойнау өнерін кеңінен насихаттау қажет», деген облыс әкімі Марат Елеусізұлы күй тыңдауға құмартқан қала тұрғындары мен қонақтарды ұлттық мерекемен құттықтады.

«Домбыра-дастан» фестивалі қазақ музыкасы мен мәдениетін сүйетіндер үшін нағыз мереке болды. Арнайы мерекелік бағдарлама көрермендерді Құрманғазы Сағырбайұлының классикалық шығармаларын орындаумен, сонымен қатар композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» сияқты заманауи әуендерімен де қуантты. Күмбірлеген күй төгілген іс-шара соңы Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның мерекелік концертіне ұласты.

 

Алматы облысы