Мемлекет ұстанатын басым бағыттың бірі – инвестициялық ахуалды жақсарту, өңдеу өнеркәсібін экономиканың локомотивіне айналдыру.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаевтың пікіріне сүйенсек, елімізде индустриялық саясатты іске асыру жалғасын тауып келеді. Кейінгі 5 жылда өңдеу өнеркәсібінің орташа өсу қарқыны 4,5%-ды құрап отыр. Оның ішінде машина жасау саласындағы өсім – 17,6%.
Ұлттық экономикаға, оның ішінде отандық өндірістің өрісін кеңейтуге құйылған инвестицияның игілігімен жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орны көбейеді.
Соның бір дәлеліндей, Атырау облысында жүк вагонын құрастыратын жаңа зауыт ашылды. Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің айтуынша, мұнайлы өңірде шетелдіктермен бірлескен мың-нан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Ал машина жасау саласында 150 ірі, орта және шағын бизнес нысаны бар.
«Аймақта мұнай-химия өнімдерін өңдеу бағытында іске асырылып жатқан ірі жобалар бар. Енді машина жасау өндірісіне назар аударылып отыр. Бұл инвестициялық жобаның өңір үшін маңызы зор. Біріншіден, «Теңіз» кен орнындағы келешек кеңею жобасының аяқталуына байланысты босаған жұмысшыларды жұмыспен қамту мәселесін оңынан шешуге септігін тигізеді. Екіншіден, экспортқа бағытталған өнімдердің өсіміне ықпал етеді. Үшіншіден, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Сол себепті, облыс басшылығы тарапынан осындай өндірісті ашуға ниет еткен инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі», дейді М.Мурзиев.
Айтуынша, жаңа зауытта жобаға сәйкес 6 мың вагон құрастыру жоспарланып отыр. Инвестициялық жобаның қуаты біртіндеп артқан кезде 2 700 жұмыс орны құрылады. Соған орай зауытта ұста, дәнекерлеуші, бұрғылаушы, тойтарушы секілді сан түрлі бейіндегі мамандарға сұраныс артады. Зауытта вагон мен цистерна шығару, жөндеу, техникалық қызмет көрсетуге арналған барлық инфрақұрылымды қамтитын вагон жасау кластері құрылады. Вагон құрастыруға неміс станоктары мен елімізде өндірілген материалдар қолданылады. Ал өндірістік өнімдер Еуропа және Балтық елдеріне экспортталады.
Зауытты іске қосқан «Texol» компаниялар тобының басшысы Шота Авхазованың дерегіне қарағанда, жаңа өндіріске салынған инвестиция көлемі аз емес. Мәселен, бастапқы инвестицияның көлемі шамамен 170 млн долларды құрайды. Ал жобаны толық жүзеге асыру кезіндегі инвестиция 160 млрд теңгеге жетуі мүмкін.
«Теміржол вагоны да ескіреді. Алдағы 10 жылдың ішінде елдегі жүк вагоны паркі жыл сайын 54 мыңға қысқарады. Осыған байланысты Орталық Азиядағы жүк базасының өсу әлеуетін ескердік. Тозған вагондарды жаңасына алмастырып, паркті жаңартуды көздедік. Өйткені вагон паркіне сұраныс артатыны даусыз», дейді Ш.Авхазова.
Машина жасау, оның ішінде вагон құрастыру саласы мамандарының топшылауынша, жаңа өндіріс орнында осьтік жүктемесі 23,5 мың тоннаны көтеретін жартылай вагондар мен платформаларды құрастыру көзделіпті. Сондай-ақ жүк вагонын, мұнай өнімін, сұйытылған газды және өнеркәсіптік жүктерді тасымалдауға арналған цистерна құрастыру мақсаты бар. Зауыт толық қуатына 2027 жылы көшеді.
Қазір 17 мың шаршы метр аумақты алып жатқан өндірістік алаң алдағы 4 жылда 62 мың шаршы метрге дейін кеңейеді. Бірнеше цехта вагон құрастыруға қажетті сан алуан компонент жинақталады. Сондай-ақ мұнда орташа және кіші сыйымдылық пен салмақтағы вагондарды құю желісі іске қосылған.
Зауытта жаңа үлгілерді өндіріске енгізу қолға алынып, қазір 25 мың арба мен 13-6741 үлгісіндегі артикуляцияланған фитинг платформасының моделін енгізудің қамы жасалып жатыр. Алда сұйытылған көмірсутекті газды тасымалдауға арналған цистерналар шығарыла бастайды. Вагон құрастыруға қажетті металл конструкциялары – Қарағандыдан, мойынтіректер – Степногордан, доңғалақты жұптарға арналған дискілер мен осьтер Екібастұздан әкелінеді. Қазір зауытта 70-тен аса маман жұмыс істеп жүр. Жыл соңына дейін жұмысшылар саны 180-ге жетеді. Ал 2027 жылға қарай 2 700 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Атырау облысы