Ақмола облысында үш бала тәрбиелеп отырған шаңырақ тағы үш нәрестенің іңгәлаған дауысымен нұрланып, өмірдің базарына айналды.
Көпбалалы ана Мақпал Жүнісова жарымен бірге Зеренді ауданының Гранитный елді мекенінде тұрады. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, ана мен сәбилердің жағдайы жақсы. Арнайы бөлмеде тынығуда. Медицина қызметкерлері нәрестелерді күтуге қолұшын беріп, көмектеседі.
– Операция қырық минутқа созылды. Ешқандай ауытқу болған жоқ, – дейді көпсалалы облыстық аурухананың перинаталдық орталығының акушер гинекологі Ангелина Корнилова, – барлық тексеру мен ақыл-кеңес жүргізілуде.
Облыста үшем соңғы рет 2022 жылы дүниеге келген екен. Сөз арасында 2024 жылдың алғашқы бес айында өңірде
4 449 нәресте дүниеге келсе, олардың 36-ы егіз, Көкше жұртын қуанышқа бөлеген дәл осындай оқиға көптен бері болмаған екен. Мақпал қазір бір ұл, екі қызды таңғы шықтай мөлдіреген аналық ақ махаббатымен әлпештеп отырып, отбасындағы үш перзентінің де жайын ойлап қояды. Ана көңілі осындай ізгілігімен ыстық емес пе!
Ақмола облысы