ОРАЛ. 11 маусым. Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында Ұлттық ұланның сарбаздары әйелді зорлықтан құтқарып қалды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Оқиға 7 маусымда кешкі мезгілде болған. Ефрейтор Жандар Тасболатов пен қатардағы Дәулет Сұлтан және Нұрсұлтан Мизамовтар қызмет барысында №720 бағыт бойынша Циолковский көшесінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалап жүреді. Кенет патрульдік топ көмек сұрап айқайлаған әйел адамның даусын естиді. Дереу дауыс шыққан жерге жеткен тәртіп сақшылары бірнеше еркектің бір әйелді зорламақ болып, күш қолданып жатқандарының үстінен түседі. Ширақтық танытқан сарбаздар әйелді арам ойлылардың қолынан құтқарып қалды.
Тергеу барысында зорламақ болғандардың мас екені анықталды. Ұсталғандар Орал қалалық ішкі істер бөліміне жеткізілді. Ал өз кәсіптерінде қырағылық пен шеберлік танытқан патрульдік топ басшылық тарапынан марапатқа ие болды.
Темір Құсайын.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: zhaikpress.kz.