Мәжіліс депутаттары, «Amanat» партиясының мүшелері Берік Бейсенғалиев пен Еркін Әбіл Қостанай облысы Жангелдин ауданының Көлқамыс ауылының тұрғындарымен кездесіп, су тасқыны салдарынан баспанасыз қалған азаматтармен, оларға жаңа үйлерді салып жатқан құрылысшылармен жүздесті.
Апаттан зардап шеккен Жангелдин ауданының отбасылары жалғыз баспаналарынан айырылды. Президент тапсырмасымен әрбір мұқтаж отбасына мемлекеттен жаңа баспана беріледі. Атап айтқанда, Тауыш ауылында – 22, ал Көлқамыс ауылында 19 үй салынып жатыр. Баспаналар Қостанай облысы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арасында жасалған меморандум аясында типтік жобамен салынады. Әр үйдің жалпы ауданы 80 шаршы метр, құны шамамен 30 миллион теңгені құрайды.
Айта кету керек, партия табиғи апаттың алғашқы күнінен бастап зардап шеккендерге нақты көмек көрсету жұмыстарын шұғыл бастады. Бұл гуманитарлық көмекті жинау, «Жастар рухы» еріктілерін жұмылдыру, жағалауларды құм салынған қаптармен нығайту, су тасқынына қарсы бөгеттер салу, тағы басқа жұмыстар.
– Су тасқыны кезінде біз тұрғындармен кездескенде олардың көбі жатақханалар мен басқа эвакуациялық пункттерге орналастырылған еді. Қазір жағдай жақсарып келеді, зардап шеккендер баспаналарын алып жатыр. Көлқамыста 19 отбасы осы жаздың 1 тамызында жаңа үйлеріне қоныстанады. Қосымша 10 соттық жер де беріледі. Жалпы, Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін құрылыс және тұрғын үй сатып алу жұмыстары жаздың соңына дейін аяқталады, – деді депутат Берік Бейсенғалиев.Ал депутат Еркін Әбіл егер тұрғындар өтемақы алу немесе жоғалған мүлікті бағалау мәселелерінде қиындықтар туындаса, партия «Құқықтық көмек» жобасы аясында тегін заңгерлік көмек көрсететінін айтты.
Бір күн бұрын депутаттар Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккен Арқалық, Амангелді, Жангелдин аудандарының тұрғындары үшін салынып жатқан 50 пәтерлі үйдің құрылыс барысымен танысты. Қыркүйек айында үй пайдалануға беріледі. 50 пәтердің 20-сы Арқалық тұрғындарына, 16-сы Амангелді, 14-і Жангелдин аудандарының тұрғындарына арналмақ. Бұдан бөлек, Арқалықта 78 зардап шеккен отбасы үшін дайын пәтерлер сатып алынды.