Елорда экономикасының драйвері – сауда, транспорт, байланыс және құрылыс салалары. Сауда секторының жалпы өніміне қосқан үлесі бойынша Астана облыстар мен қалалар арасында Алматы қаласынан кейін екінші орында тұр.
Бас қалада негізінен құрылыс материалдары, тамақ өнімі мен сусын, машина жасау жақсы дамып келеді. Республика бойынша металдан жасалған құрылыс материалдарын, қолдануға дайын бетон және бетоннан жасалған өнімдерді шығарудан көшбасшы болып жүр. Оған қоса құрылыс металл конструкцияларын, радиаторлар мен орталық жылыту қазандықтары және қондырғыларды өндірудегі үлесі де басқалардан басым.
№1 Индустриалды парк территориясында ел экономикасына орасан зор үлес қосып келе жатқан елеулі ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС, «Тау-кен Алтын» ЖШС мұнай өңдеу зауыты, «Қазақстан құбыр зауыты» ЖШС, «Алкон+» ЖШС, «JFoodKazakhstan» ЖШС, «JfoodProduction» ЖШС, «ModeX Astana» ЖШС, «GLB» ЖШС, тоқыма өндірісі ЖШС, «Paramount Engineering» ЖШС, «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС сияқты кәсіпорындар бар.
Жалпы алғанда, 110 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 57-сі пайдалануға берілген. Нәтижесінде, 5 543 тұрақты жұмыс орны ашылыпты. Парктегі кәсіпорындардың өнім көлемі мегаполистегі өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемінің шамамен 70%-ын құрайды екен. Былтыр өңдеу өнімінің көлемі 7,434 млрд теңгеге жетіп жығылған. Алдағы үш жылда қалған 53 жоба іске асырылады. Жоспар бойынша алдағы уақытта парк аумағында іске қосылатын кәсіпорындарда жалпы 2 574 тұрақты жұмыс орны құрылмақ.
Өткен жылы «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағындағы (АЭА) өндірілген өнім көлемі – 5,2 млрд теңге, экспорт көлемі – 106 млрд теңге, олардан түскен салық түсімі 186 млрд теңге болған. Шығарылатын өнімдердің көбі көлік жасау саласына қатысты дүниелер: электртасығыш, локомотив, қозғалтқыш, бронды техника, коммуналды техника, лифт пен вагондар. Металлургия саласында алтын өндіріледі. Сонымен бірге құрылыс саласына қажетті тауарлар жасалады.
Жалпы, «Астана – жаңа қала» АЭА құрылғалы бері бірқатар нәтижеге қол жеткізілді. Өндіріс көлемі – 7 434 млрд теңге, оның ішінде 2023 жылғы үлес 1 150,85 млрд теңге болған. Ал экспорт көлемі 140,15 млрд теңгеге жеткен. Оның 40,38 млрд теңгесі өткен жылдың үлесінде. Салық шегерімдерінің көлемі – 230,29 млрд теңге. Бұл соманың 56,99 млрд теңгесі өткен жылға тиесілі.
Келешекте Астанада құрылатын кәсіпорындардың бірі – «Tiryaki Agro» (Түркия) жобасы негізінде салынатын бидайды терең өңдейтін кешенді зауыт. Кәсіпорынның өзіндік құны – 99 млрд теңге. Зауыт бір жылда 240 мың тонна бидайды өңдеп шығару қуатына ие. Бүгінде өндіріс кешені орналасатын 20 гектар жер телімі анықталды.
Сонымен қатар «Қазақстанда астық және бұршақ дақылдарын терең өңдеу бойынша интеграцияланған агроөнеркәсіп кешенін салу» инвестициялық жобасын іске асырудың Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Бұл жол картасының негізінде елордада аграрлық сала бойынша бірнеше игі жұмыс қолға алынбақ.
Ал «Cynosure» ЖШС компаниясының жобасымен бірінші кезеңде 200 төсектік емдеу-сауықтыру және емдік денешынықтыру кешенін салу ісі жүзеге асырылады. Компания Сыртқы істер министрлігімен 2020 жылы Астана қаласында 2,3 гектар аумаққа құны 5 млрд теңге болатын кешен салуға келісім жасаған еді. Ол жер телімі мегаполистің Нұра ауданындағы Сығанақ көшесі мен Тұран даңғылы қиылысында орналасқан. Өкінішке қарай, Кіші Талдыкөлге қатысты сот үдерістеріне байланысты жоба бойынша жұмыс жүргізу 2023 жылға дейін тоқтатылған еді. Өйткені әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен Кіші Талдыкөл тобындағы жер телімдерінде құрылыс жұмыстарының кез келген түрін, оның ішінде жасанды толтыруды жүргізуге тыйым салынған. Алайда бұл тыйым Жоғарғы соттың 2023 жылғы шешімімен қайта алынып тасталды.
Түрлі күресіннен өткен компания аталған жобаны іске асыруды қайта қолға алды. Қазір жоба техникалық шарттарды алу және алдын ала жобаны әзірлеу сатысында тұр. Оның екінші кезеңінде құны 360 млн доллардан асатын медициналық орталық құруды көздейді. Жобаны жүзеге асыру үшін инвестор тағы 5-тен 12 гектарға дейінгі жер телімін сұрады. Өз кезегінде Астана әкімдігі жалпы көлемі 12 гектар жер телімін Нұра ауданынан ұсынды.
Бүгінде елордада ондаған индустриалды кәсіпорын жылдан-жылға қанат жайып, өнімді терең өңдейтін, уақыт талабына сай өндіріс орындарын ашып жатыр. Бұл зауыт-фабрикалар бір Астананың ғана емес, бүкіл ел экономикасын өркендетудің алдыңғы легінде болары анық.