Соңғы уақытта АҚШ президенті Джо Байденнің денсаулық жағдайына байланысты баспасөз-хатшысы Карин Жан-Пьерге көптеп сұрақтар қойылып, президенттің Паркинсон дертіне шалдығуы мүмкін деген күдік күшейе бастаған еді, деп жазады Egemen.kz.
Kazinform хабарлағандай, осыған байланысты Ақ үй Джо Байденнің денсаулық жағдайы жөнінде хат жариялады.
Құжатта АҚШ президентінің келісімі бойынша Ақ үйге Паркинсон дерті бойынша маман, доктор Кевин Коннордың келу себебіне байланысты мәліметтер жарияланған.
Нақты айтқанда К.Коннор Ақ үйдің медицина бөлімінде 2012 жылдан бері неврология бойынша консультант қызметін атқарады және неврология саласында тәжірибесі өте зор маман. Оның көптеген ұлттық марапаттары бар және клиникалық біліктілігі өте жоғары бағаланады.
Президент жыл сайын оптометрия, стоматология, ортопедия, физиотерапия, неврология, ұйқы медицинасы, кардиология, радиология мен дерматология сияқты бағыттар бойынша медициналық тексеруден өтеді.
«Жан-жақты жасалған неврологиялық тексеру Паркинсон дертін қоса алғанда неврологиямен байланысты қандай да бір дерттің жоқ екенін көрсетті»,-делінген 28 ақпанда жасалған тексеру қорытындыларына байланысты құжатта.