Көктемгі су тасқыны өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қалай әсер етті? Облыста Президент тапсырмалары қалай орындалып жатыр? Осы орайда Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бірнеше сауалымызға жауап берді.
– Нариман Төреғалиұлы, биылғы су тасқыны еліміздің бірнеше өңірін әбігерге салды. Тілсіз жаудан зардап шеккендердің қатарында Батыс Қазақстан облысы да бар. Жалпы, облыста болған табиғи апаттың ауқымы қандай болды? Қанша үй су астында қалды?
– «Апат айтып келмейді» деген рас қой. Батыс Қазақстан облысында су тасқыны 27-28 наурыз күндері басталды. Облысымыздың 12 ауданының ішінде 5 аудан – Теректі, Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі аудандары және Орал қаласының саяжай аумағы су тасқынынан зардап шекті. Алғаш су басқан Сырым, Қаратөбе аудандарында еріген қар суы тоңы жібімеген жерге сіңбей, жолындағы ауылдарды жайпап өтті. Оның үстіне сол күндері өңірде жауын-шашын да қалыптан артық болды. Осының бәрі тасқынға алып келді.
Қар суынан бөлек, Ресейдің Саратов, Орынбор облыстарындағы суқоймаларынан су көп жіберілді. Соның салдарынан Жайық өзеніндегі су деңгейі артып, өзен бойында орналасқан 84 елді мекенді су басу қаупі туды. Қараңыз, сол күндері Орынбордың Иреклі суқоймасынан Жайық өзеніне секундына 3 мың текше метрден аса су жіберілген. Бұл кейінгі 30 жыл ішінде болмаған жағдай еді. Осының салдарынан Жайықтағы су деңгейі 8 метр 64 см-ге жетіп, қауіпті деңгейден асып кетті.
Елімізде болған көктемгі су тасқыны – көлемі жағынан кейінгі 80 жылдағы ең ірі табиғи апат. Мұны мамандар да айтып отыр. Осы апат кезінде Батыс Қазақстан облысында 1 491 тұрғын үй, 10 500 саяжай телімі су астында қалды. 2 мыңнан аса мал шығыны болды.
– Сол күндері өзіңіз де, тиісті сала мамандары да шын мәнінде етігімен су кешіп жүргенін көзімізбен көрдік. Жедел штаб төтенше жағдайда жұмыс істеді. Айтыңызшы, тасқынға тосқын қалай болды? Қандай іс-шаралар қабылданды? Қанша техника, қанша адам жұмылды?
– Мемлекет басшысы қолдауының арқасында біз су тасқынын уақтылы еңсере алдық. Ақжайық өңірін табиғат апатынан құтқаруға бүкіл ел жұмылды. Еліміздің 14 облысынан әскерилер, құтқарушылар, еріктілер, қарапайым тұрғындар келді. Сөйтіп, ауқымды шығынға жол бермеді.
Үкімет басшысы, оның орынбасарлары тасқын кезеңінде өңірімізге бірнеше мәрте келіп, дайындық барысымен танысты. Қажетті ресурсты жылдам тартуға қолұшын созды. Облысымыздағы су тасқынымен күреске 11 мыңнан аса адам, 2 мыңға жуық техника тартылды. Жайық өзенінің бойында
150 км топырақ бөгет салынды. Осының нәтижесінде ауылдарға су кірмеуін барынша қамтамасыз еттік. 13 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. Осылайша, Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауы және халықтың бірлігі арқасында Жайық өзені бойында орналасқан Орал қаласы мен облыстағы 84 елді мекенді су басудан аман сақтап қалдық.
Сәуір айының басында Мемлекет басшысы су тасқыны болған Қаратөбе ауданының орталығына келіп, тасқыннан зардап шеккен Қоржын аулының тұрғындарымен кездесті. Президент сол сапарында әр тұрғын мемлекет тарапынан берілетін көмектен қалыс қалмайтынын атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөзі барша тұрғынға жігер берді.
Су тасқыны болған Қаратөбе ауданының Қоржын аулына барған кезім әлі көз алдымда. Ауылды толық су басып кеткен. 300-ден аса тұрғын ауыл мектебіне уақытша тұрақтаған. Ішінде еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін болды. Оларды қайыққа мінгізіп, әрі қарай тікұшақпен эвакуациялық орталықтарға жеткіздік.
Сол күндері қарапайым тұрғындар «Біздің ертеңгі күніміз не болады? Баспанамызды қалай қалпына келтіреміз? Мемлекет тарапынан көмек бола ма?» деген үміт пен күдікке толы сауалды жиі қоятын. Сол уақытта Президенттің қолдауы Қаратөбе халқына ғана емес, тасқыннан зардап шеккен барша халыққа демеу болды.
– Тасқын өтті, кетті. Қазір апат зардабын жою үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр? Тұрғындардың мал-мүлік шығыны өтелді ме?
– Жалпы, облыс бойынша 2 мыңнан аса мал шығыны болғанын айттым ғой. Осының бәрі жергілікті бюджет және демеушілер есебінен толық өтелді. Мәселен, 1 171 мал шығыны жергілікті қазынадан бөлінген 151 млн теңгенің есебінен қалпына келсе, 1 286 малдың орнын демеушілер толтырды.
Ал 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмекті 9 994 отбасы алды. Бұған 3,7 млрд теңге жұмсалды. Тасқын кезінде бүлінген материалдық мүлікті өтеу бойынша бүгінге дейін 10 218 отбасының өтінішіне оң шешім шығарылып, 3,6 млрд теңге қаржы төленді.
– Дегенмен тасқын судың ең үлкен шығыны тұрғын үйлер ғой. Мемлекет басшысы тасқын салдарынан баспанасы жарамсыз болған тұрғындарға жаңа үй беруді тапсырды. Қазір осы тапсырма қалай орындалып жатыр? Күзге, салқын түскенге дейін тұрғындар жаңа үйіне кіре ала ма?
– Дәл қазір су тасқыны болған 5 ауданда және Орал қаласындағы саяжай тұрғындары үшін 775 үй салынып жатыр. 60 мердігер компания анықталып, құрылыс қарқыны қыза түсті. Жоспар бойынша 1 қыркүйекте тапсырылуға тиіс. Құрылыстың сапасын, аяқталу мерзімін қатаң бақылап отырмыз.
Бұған қоса аудандарда шығынды өтеу жөніндегі комиссия қорытындысына сәйкес баспанасы жарамсыз болып қалған отбасыларға тұрғын үй сатып алу жұмысы да жүріп жатыр. Мәселен, қазірге дейін Бөрлі ауданында – 66 үй, Теректі ауданында – 5 үй, Бәйтерек ауданында 2 үй сатып алынды. Ал Орал қаласында жалғыз баспанасы апатты деп танылған саяжай тұрғындарына жаңа үй сатып алу және салу бойынша жұмыс қызу жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде оралдық саяжай тұрғындары үшін демеушілер қаржысынан 864 тұрғынға үй сатып алу жөнінде шешім шықты. Бүгінде олар жаңа пәтеріне кіріп, қоныстойын тойлайды. Бұл үйлер жаңа нарықтан да, екінші нарықтан алына бастады.
– Тасқын зардабын өтеу ісінің қомақты бөлігі демеушілер күшімен жүріп жатыр екен. Өңірде тұрғын үй салуға, сатып алуға қандай ірі компаниялар, кәсіпкерлер көмектесіп жатыр?
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өткен мамыр айының 20-сы күні өңірге Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевпен бірге бірқатар кәсіпкер келді. Олардың арасында «Astana Group» компаниясының төрағасы Нұрлан Смағұлов, «Банк ЦентрКредит» директорлар кеңесінің төрағасы Бақытбек Байсейітов, «Jusan Bank» директорлар кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов, «ҚазАзот» директорлар кеңесінің мүшесі Рүстем Аязбаев, «QazaqStroy» құрылтайшысы Нұрлан Артықбаев, «Alageum Electric» директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов сынды азаматтар болды. Олардың бәрі қолұшын созып жатыр. Сонымен бірге «ERG» компаниясы, «Қазақстан халқына» қоры, Батыс Қазақстандағы «Жайықмұнай», «Конденсат», «АқсайГазСервис», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниялары да қолдау білдіріп келеді.
– Нариман Төреғалиұлы, өңірдің ең өзекті мәселесі – автомобиль жолдарының жағдайы. Жол сапасының төмендігі жоғарыда айтқан құрылыс, тағы басқа салаларды да тежеп отырғаны белгілі. Осы бағытта қандай жұмыс атқарылды?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Батыс Қазақстан облысында жол салу және жөндеу бойынша берген бірқатар тапсырмасы бар. Өткен жылы өңірде 562 км автомобиль жолы жөнделді. Биыл 576 км жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде жергілікті маңызы бар 304,7 км жол қамтылады. Сондай-ақ Президенттің 2019 жылы берген тапсырмасы аясында өңіріміздегі Қазталов, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын 245 км жолдың аяқталмай қалған 104 шақырымын 2023 жылдың ішінде салып біттік. Енді 16 км жол қалды, оны жыл соңына дейін аяқтаймыз.
– Өткен жылдары еліміздің әр өңірінде бірнеше қала халқы қыс қиындығын көрді. Мұндай жағдай Батыс Қазақстан облысында болмай ма? Өңірдің алдағы қысқы жылыту маусымына дайындығы қалай? Кәріз желілері мен жылу электр стансалары дайын ба?
– Дұрыс айтасыз, қала күрделі ағза сияқты. Қысқы жылыту маусымына дайындық жыл бойы, жүйелі жүруі керек. Біз алдағы қыстың қамын осы қыстан шығысымен-ақ ойлап, дайындықты мамыр айында бастап кеттік. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
Биыл өңірде коммуналдық салада бірнеше ірі жоба іске қосылады. 1961 жылы салынған, Орал қаласының 150 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсетіп отырған 2, 3 және 21-кәріздік сорғы стансалары түгелдей жаңартылады. Бұл жобалардың жалпы құны – 4,8 млрд теңге. Бұған қосымша қаланың Құрылысшы, Қадыр Мырза Әлі, Жаңа Орда шағын аудандарын, «ескі аэропорт» аудандарының 150 мың тұрғынды қамтитын 18-КСС (кәріздік сорғы стансасы) құрылысы басталады. Сонымен қатар Орал қаласының Ақжайық шағын ауданындағы, Солтүстік-шығыс бағытындағы қосалқы электр стансалары, электр таратушы компанияның жұмысын жеделдету үшін Зашаған кентінде жөндеу-өндірістік базасы және жылу желілері бойынша 70 мың адамды қамтитын 5-жылу магистралі жөнделіп жатыр.
Қала тұрғындарына мәлім, былтыр жапониялық «Хитачи» компаниясымен келіссөз жүргізіп, Орал қаласындағы жылу электр орталығының газ турбиналы қондырғысын жөндеуге келісім жасаған едік. Осыған орай биыл маусым айында Жапониядан арнайы мамандар келіп, тиісті жұмысты іске асырды.
2024 жылы коммуналдық кәсіпорындардың инвестициялық жобалары және бюджеттік инвестициялар есебінен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына барлығы 17 млрд теңге қаражат бағытталады. Оның 5,9 млрд теңгесі – республика бюджетінен, 8,2 млрд теңге – жергілікті қазынадан, ал 2,9 млрд қаражат инвестициялық бағдарлама есебінен бөлінбек. Соның ішінде су бұру желілерін реконструкциялау 3, электрмен жабдықтау желілерін реконструкциялау 7, жылумен жабдықтау желілерін реконструкциялау бойынша 1 жоба жүзеге асады.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес инженерлік желілер бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері қолданылып жатыр.
Тағы да айтайын, жылыту маусымына дайындық менің жеке бақылауымда, тұрғындар алаңдамасын. Жалпы, 2023–2024 жылдары энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласына әртүрлі көзден 30,3 млрд теңге бағытталды. Оның 14,2 млрд теңгесі немесе 45%-ы – жергілікті бюджеттен.
– Президент тапсырған нақты істің бірі – өңірге инвестиция тарту. Бұл мәселе қалай? Былтыр және биыл облысқа қанша инвестиция құйылды? Жуырда жүзеге асатын маңызды инвестициялық жобалар туралы айтып өтсеңіз?
– Өткен жылдың қорытындысына сәйкес 7 экономикалық индикатор-көрсеткішті орындаған облыстардың қатарына кірдік. Негізгі үлесті өндіріс саласы алып отыр. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қайта өңдеу саласына көбірек инвестиция тартуға тырысып жатырмыз. Өңірге инвесторларды тарту – аса маңызды міндет. Өткен 2023 жылдың қорытындысына қарасақ, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі БҚО-да 16,4%-ға өсіп, 645,6 млрд теңгені құрады. Бұл жаман емес.
Ал 2024 жылдың 5 ай қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 178,3 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар биыл 728 жұмыс орнын жаңадан құрып, жалпы құны 118,4 млрд теңгелік 26 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Осының ішінде 3,7 млрд теңгеге 3 жоба іске қосылып үлгерді. Қазір өңірдегі индустриялық аймақта көптеген компания жұмыс істейді.
Облыс аумағында іске асырылып жатқан ірі жобаның бірі һәм бірегейі –Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы. Яғни 5 және 6-компрессорларды іске қосуымыз қажет. Бұл жоба шикі газды дайындау қуатын арттыруды көздейді.
Айта кетейін, кен орнының 5-компрессорын биыл іске қосамыз. Ал 6-компрессорды іске қосу 2026 жылға жоспарланған. Бұл шикі газды өндіру көлемін 4 млрд текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Рожков кен орнын игеру жобасы да жүзеге асырылып жатыр. «Орал Ойл энд Газ» ЖШС алғашқы ұңғыманы іске қосты, газ бен оның конденсатын өндіру басталды.
Тағы да бірқатар жоба бар. Оларға да тоқтала кетейін:
«West Group/Вест Групп» атты кірпіш зауытының қуаттылығы жылына 20 млн кірпіш шығаруға жетеді. Бұл жаңадан 40 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал кеше ғана іске қосылған «Батыс Минерал Су» зауытында жылына 10 млн литр минералды су шығарылады. Бұл мекеме 61 жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. «Пойма май Комбинат» ЖШС тәулігіне 100 тонна өсімдік майын шығарады. Бұл екі кәсіпорын туралы «Egemen Qazaqstan» газетінде көлемді мақала беріліп, өңір тынысын республика жұртшылығына көрсетті. Газет ұжымына сол үшін рахмет айтамыз.
2023 жылы 1 мың адамды жұмыспен қамтыған 45 жоба іске қосылғанын айтайық. Бұл жобалардың жалпы құны 30 млрд теңгеден асады. Оның ішінде «Ringo-Milk» ЖШС-ның сүт-тауарлық фермасы, «PlayCom Uralsk» ЖШС-ның фанера өндірісі, «Талап» АҚ мен «OLYMP» ЖШС-ның медициналық орталықтары, «Packaging Systems» компаниясының бигбэг өндірісі секілді ірі жобаларды бөлек айтуға болар еді.
– Нариман Төреғалиұлы, өңірде құрылысы тұралап қалған нысандар бар екені белгілі. Бұл жөнінде не айтасыз? Қаңтарылып қалған құрылыстарға жан бітіру үшін қандай шара жасалып жатыр?
– 2022 жылдың соңында өңірге әкім болып келгенімде 2020–2022 жылдары бірқатар нысан мен жобаның құрылысы басталып, аяқталмай қалғанын анықтадық. Олардың ішінде тұрғын үйлер де, әлеуметтік нысандар да, су құбырлары мен жолдар да бар еді. Бұл нысандардың тоқтап тұруына жауапсыз мердігерлердің жұмысты толық аяқтамауы, қаржыландырудың тоқтап қалуы, бақылаудың болмауы, т.б. мәселелер себеп болған екен.
Біз 2020–2022 жылдары аяқталмаған нысандар бойынша нәтижелі жұмыс жүргіздік. Бір жылдың ішінде 40 нысанның құрылысы толықтай аяқталды. Ал биыл тағы да 13 жобаны жыл соңына дейін бітіреміз. Жауапты мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеп, қажетті қаржы көздерін тауып, жауапсыз мердігерлерге қатаң талап қою арқылы нысандарды халық игілігіне бердік. Бұл бағыттағы жұмысымыз алда да жалғасады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен – Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,«Egemen Qazaqstan»Батыс Қазақстан облысы