Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының балуандарына тағы бір жолдама бұйырды.
57 кг салмақта белдесетін Азия чемпионатының қола жүлдегері Мейрамбек Қартбай Париж Олимпия ойындарында белдесуге мүмкіндік алды. Ресейлік Заур Угуев Париж Олимпиадасына барудан бас тартқандықтан, оған тиесілі жолдама біздің балуанға бұйырды. Өйткені тоғыз ай бұрын Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатында Мейрамбек осы Угуевке есе жіберіп, лицензиядан қағылған еді. Ақтөбе облысы Ембі қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі алғаш рет жазғы Олимпиада додасына қосылады.
«Ресейлік балуандардың бару-бармауы бұлыңғыр болғандықтан да жолдамадан үмітімді үзбей, жаттығуды жалғастырдым. Ұлттық құрама сапында Дағыстанда әзірлік жүргіздік, 57 кг салмақта Олимпиада медалі үшін белдесуге шығатын балуандардың барлығы да сыралғы қарсылас, бәрінің де күресу өнерін, қайратын білемін. Маған осындай мүмкіндік бұйырғанда барымды салып күресемін», деді М.Қартбай.