• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Шілде, 2024

Көпбалалы аналардың қуанышы

117 рет
көрсетілді

Баспаналы болу – бір ба­қыт. Таяуда зеренділік көпбалалы отбасылар мен жетім балалар бас­паналы болды. Он отбасы үшін ақ түйенің қарны жарылған осынау сәт көптен күткен ақ­жарылқап оқиға еді.

Зеренді ауданында 19 мың шаршы метр­ден аса тұрғын үй пай­далануға берілді. Ілкімді атқарылған іс ауданда пәтер кезегінде тұрғандардың санын мейлінше қысқартуға септігін тигізіп жатыр. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар да жақсылыққа кенеліп, шат-шадыман болып қалды. Жарқыраған жаңа үйлердің кілтін облыс әкімі Марат Ахметжанов табыс етті.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударып отыр. Бұл арадағы ең бас­ты мәселе – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Үйі жоқтың күйі болмайтыны белгілі. Бұл тараптағы мәселелерді ше­шу үшін мемлекеттік бағдар­ламалар қабылданып отыр. Жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Жерлестеріміз тұратын заман талабына сай жақсы үйлер салынып жатыр. Ең бастысы, халықтың әл-ауқа­тын жақсарту, – деді облыс әкімі.

Көпбалалы аналардың бірі Гүлзада Ақпаева жарымен бірге бес бала тәрбиелеп отыр. Әрине, жеке үй салып алуға мүмкіндіктері болмаған. 2012 жылдан бері үй кезегінде тұрды. Енді, міне, мемлекеттің қамқорлығының арқасында өзіміздікі деген сәулетті де кең пәтер беріліп отыр. Қолына баспана кілтін ұстаған ананың жан дүниесі қамқорлық шуа­ғымен нұрланып, көңілі де босап кетті. Әсіресе балалардың қуанышында шек жоқ. Осы арада бала қуантудың өзі ба­қытт­ы сәт-ау деген ой келді. Жаңа пәтерлер білім ошағына таяқ­тас­там жерде. Жақын арада тұр­мыс­қа қажетті нысандардың бәрі бар.

Аналар осындай шуаққа бөл­еген Мемлекет басшысына ақ алғысын жаудырып жатыр. Ана алғысын алған адамның алдынан бақыт қақпасы ашылары сөзсіз.

Ақмола облысы,Зеренді ауданы