Кентауда «Қолжетiмдi баспана-2020» бағдарламасын iске асыру мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 387 млн. 225 мың теңгеге 5 қабатты 60 пәтерлi тұрғын үй пайдалануға берiлдi.
– Елімізде, қаламызда халықтың әлеуметтік мәселелерін шешіп, қолайлы тұрмыс жағдайын жасауда көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеуде. Солардың бірі – Елбасының қолға алуымен жасалған «Қолжетiмдi баспана-2020» бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында осы тұрғын үйді тұрғызуға мүмкіндік туды. Жақында Елбасы «100 нақты қадам» бағдарламасын жариялады. Онда да елді дамудың даңғыл жолына бастайтын негізгі бағыттар көрсетілген. Еліміздің келешегі кемел, болашағы айқын. Мәңгілік ел болу жолында жұмыс жасалып келеді. Халықты баспанамен қамту ісін жалғастыруды алдағы уақытта да жоспарлап отырмыз. Қазірге кезде екі үйдің жобалау-сметалық құжаттарын бітіріп қойдық. Қаржыландыру мәселесі шешілсе, тұрғын үйлерді тұрғызуды бастаймыз. Кезекте тұрған 1000-ға жуық адамды осылайша баспанамен қамту ісін жалғастыра береміз, – деді тұрғындардың қуанышын бөліскен қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев. Қарт Қаратаудың етегінде отырған, кезінде пайдалы қазбаларымен мәшһүр болған Кентауды Мұхтар Әуезов Қаратаудың тәжіне теңеген еді. Айтса айтқандай, сәнді қала. Тоқырау тұстарында тозып кеткені болмаса, жаяу жүргіншілерге аяқ жолдардан бөлек, велосипедке арналған, электр шамдары жарқыраған жолы бар, саябақтары көп, жасыл желекке бөленген көркем қала Еуропаның шағын қалаларын көзге елестететін. Соңғы жылдары Кентау қайта ажарланып келеді. Жиында сөз алған Кентау мәслихатының хатшысы Керімжан Серікбаев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаев бұл 60 пәтердің еліміз егемендік алғаннан бері Кентауда пайдалануға берілген алғашқы тұрғын үй екендігін айтқан. Жаңа пәтер, ең алдымен, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне берілді. Көптен бері пәтер тапшылығын тартып жүрген отбасылар мемлекеттің қамқорлығына алғыстарын айтуда. Жақында Кентау қаласындағы спорт мектебінде Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, Кентау, Түркістан қалаларының құрметті азаматы, профессор Жарылқасын Оңалбековтің жүлдесіне дзюдодан облыстық жарыс өтті. Қала әкімі спорт мектебін күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлген екен. Жарысқа арнайы келген Әбдібақыт Мақұлбаев спортқа керекті құрал-жабдықтармен әлі де қамтамасыз етілетіндігін айтты. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында қалалық спорттың басшысы Жарылқасын Оңалбеков бастауымен қазақша күрес, самбодан республикада алдыңғы орында жүретін Кентау құрамасы осы жарыста бас жүлдеге ие болды. Яғни, Кентау спортында өрлеу бар. Шағын қалалар осылайша өркендеп келеді.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.