Таразда аға прокурор Сергей Налыгачев көз жұмды. Қайғылы оқиға жергілікті дәмханалардың бірінде болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың 30 маусымында болған, бірақ бұл туралы ақпарат 10 шілдеде тарай бастаған. Прокурор қайтыс болған дәмхананың әкімшілігі оқиғаның егжей-тегжейін баяндады.
Сол күні Налыгачев дәмханаға досымен бірге барған еді. Олар асқа тапсырыс берген, бірақ оқиға даяшы нан салынған ыдысты әкелгеннен кейін болған.
Досының айтуынша, аға прокурор нанға қақалып қалған. Оған қоса ер адам оқиғаға дейін 1-2 күн бұрын инсультпен ауруханаға түскені анықталды. Бірақ тиісті ем шараларын қабылдамай, ауруханадан шығып кеткенді жөн көрген.
Дәмхана әкімшілігі прокурордың досы алғашқы медициналық көмек көрсете алмағанын алға тартып отыр. Ер адам жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін жан тапсырған.
Айта кетейік, Сергей Налыгачев 20 жылдан астам уақыт бойы Жамбыл облысының прокуратурасында қызмет еткен.
«Ол ұжым арасында үлкен құрметке ие болды», дейді марқұмның әріптестері.
Жамбыл облысының прокуратурасы Сергей Налыгачевтың отбасы мен жақындарына көңіл айтып, моральдық және материалдық қолдау көрсетуге уәде берді.