• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 12 Шілде, 2024

Еңбектің ебін тапқан

145 рет
көрсетілді

Биыл Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарын қуаңшылық қинап тұр. Оның үстіне, саны 3 миллионға жуықтаған ақбөкеннің нобайы да осы өңірде. Мал бағып, кәсіп қылған жергілікті шаруаның мұң-мұқтажы шашетектен.

Дегенмен айтайын де­геніміз ол емес. Осын­дай қиындыққа қара­мастан істің ретін тауып, әре­кет етіп жатқан ерлер де бар. Көк­тен түсер жауынға, жерден өнер шөпке ғана тәуелді болудың күні өткен екен. Заманауи технологияны қолданып, шаруасын реттеп жатқан ауыл кәсіп­керлерінің мысалы соны көрсетті.

Қазталов ауданының Ақпә­тер ауылдық округінде «Ерқо­жа» атты шаруа қожалығы бар. Оның жетекшісі – өңірге бел­гілі кәсіпкер, ауыл жанашыры, Батыс Қазақстан облыстық мәс­лихатының депутаты Самат Ха­санов. Еңбек жолын туған ау­лын­да қарапайым жұмысшы болып бастаған азамат кейін электр энергетикасы саласын­да жоғары білім алған еді. Ізде­­німпаз кәсіпкер ауылдағы ағайын­ның аузын аққа, қолын бақ­қа жеткізетін жоғары технология ту­ралы көптен ойлап жүріпті.

«Біздің өңірде 2019–2020 жылдары да ерекше қуаңшылық болды. Төрт түлік малымызға шөп таппай тентіреп кеттік. Ауылдың айналасы ақ тақырға айналды. Амалсыз сонау шалғайдағы Шыңғырлау, көршілес Тасқала аудандарынан шөп шауып, тасыдық. Ойлана келе, екпе шөп егуге бел будық», дейді Самат Хамзаұлы.

Фермер көп ізденді. Әріптес­терімен ақылдасты. Ақыры түрік елінің тәжірибесіне тоқтады. Сөйтіп, 2021 жылы жаңбырлатып суаратын арнайы техниканы алуға Түркия компаниясымен келісімшарт жасасты. 2022 жылы Қазталов несие серіктестігі арқылы сатып алынған «PIVOT» маркалы жаңбырлатып суарғыш агрегаты толық құралып, былтыр көктемде іске қосылды. Әрине, мұның бәрі айтуға ғана оңай ғой. Мәселен, осы құрылғының жалпы қаражаты 146 млн теңге болыпты. Оның ішінде 1 шақырым электр желісі, су жүретін құбырлары бар. Жаңбырлатып суаратын бір агрегаттың өзі 40 млн теңге тұрады. Ол айналдыра 500 метр­ге дейін алқапқа жаңбырлата су шаша алады. «Ерқожа» осындай агрегаттың екеуін бір-ақ алған.

«Былтыр тым тәуір өнім аламыз ба деп ойладық. Бірақ киік есепсіз көбейіп кетті ғой. Егістік еккен аумақты «электр бақташы» деп аталатын сыммен қоршағанбыз. Ақбөкен оны бұйым көрмейді екен. Қоршауды кез келген жерінен бытырлатып үзіп, егісті таптап кетті. Биыл соны ескеріп, егістікке арналған 250 гектар жерді 7 шақырым арнайы тормен қоршап, әр 5 метр сайын бағана қойдық. Торды Алматы қаласынан тапсырыспен алдырдық», дейді Самат Хасанов.

Иә, 2023 жылы ақбөкеннің тым көбейіп кетуі салдарынан батысқазақстандық біраз шар­уа қожалығы қатты зардап шекті. Соның ішінде қазталовтық Самат Хасановтың «Ерқожа» шаруа қожалығында 160 гектар, Бауыржан Мұханғалиев бас­­қаратын «Асхат» шаруа қо­жа­лығында 55 гектар ек­пе шөп алқабы пайдасыз бол­ды. Мем­лекет тарапынан өтем­ақы сұрап, қанша қағаз тол­тырғанымен, нәтиже шықпады Биыл «Ерқо­жа» шаруа қожалығы 160 гектар жерге көпжылдық судан шөбін егіпті. Құдайға шүкір, еткен еңбектің, төккен тердің нәтижесі жаман емес. Шілденің алғашқы күнінен бастап шалғынға орақ түсті. Бұйырса, қара күзге дейін екі, тіпті үш мәрте өнім алсақ деп үміттенеді кәсіпкер.

Бүгінде шабындық алқабын­да 2 комбайн, шөп тайлағыш 2 трак­тор – барлығы 5 адам қызу жұмыста жүр екен. Бұл іске кәсіп­кердің ұлдары да жұмылып, егістікті суару, техникаларды уақ­тылы қараумен айналысады. Самат Хамзаұлы мал азығын дайындау ісі жыл бойы жүретінін ай­тады. Өйткені биылғы орақ мау­сымы аяқталған соң келер жыл­ға дайындық басталады. Алқап қайта жыртылып, алдағы жыл­дың көктеміне дайындалады.

«Біз әкемізге көмектесеміз. Екпе шөп егу оңай көрінгенімен, оның да әбігері жетіп артылады. Егінге киік қана емес, далада жүрген төрт түлік мал да құмар. Көктемнен бері қыз­ғыштай қорып жүрген алқапқа шалғы салып, еңбектің нәтижесін енді көріп жатырмыз», дейді кәсіпкердің ортаншы ұлы Бек­сұлтан Саматұлы.

Әрине, жоғарыда айтқан­дай, ауылдағы ағайынның әзір шешіл­мей тұрған түйткілдері де баршылық. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында электр желілері тозып тұр. Сәл жел тұрса, жарық өшеді. Бұл «Ерқожа­ның» жаңбырлатқыш агрегат­тарына да кедергі. «Күннің ыстығын, электр жарығы­ның жиі сөнуін ескеріп, егістікті түнде суарып жүрдік. Болашақта электр желілері мен бағаналар жөнделіп, ауыстырылса» деген тілегін де айтып қалды Самат Хасанов. Ел ішінде адал еңбегінің жемісін жеп жүрген азаматқа табыс тілейміз.

Батыс Қазақстан облысы