• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Өндіріс 12 Шілде, 2024

«Sartay» суы саудаға шықты

177 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында табиғи минералды ауызсу өндіретін жаңа зауыт іске қосылды. «Batysminiralsu» ЖШС «Sartay» атауымен емдік-асханалық суды саудаға шығаратын болады.

Подстепный ауылдық округінің Юбилей­ный ауылында ашылған жаңа зауыт­тың тұсаукесеріне облыс әкімі Нариман Төреғалиев барды. Ауыл аумағынан су көзін са­раптамадан өткізген отандық және ресей­лік ғылыми зерттеу институттары бұл судың емдік қасиеті ерекше екенін байқап­ты. Мысалы, ересек адамның орташа тәулік­тік қажеттілігі 200-300 мкг/дм3 десек, емдік-асханалық судың бір құты­сында 60-100 мкг/дм3 йод бар екен. Бұл судың денсаулыққа өте пайдалы екенін көрсетеді.

«Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан жобалардың бірі. Өңірге инвестиция тарту, кәсіп ауқымын кеңей­тіп, елдің сұранысына сай қызмет көрсету күн тәр­тібінен түспейді. Облыс көлемінде келелі жобалар құлашын кеңге жайды. Өткен жыл­­дың қорытындысына сүйенсек, инвести­ция әкелу жоспарын 16 пайызға артық орын­дадық. Ал биыл 118 млрд теңгеге 26 жобаны іске қосқалы отырмыз. Міне, соның ішінде «Sartay» минералды таза суымыз – төртінші жоба», деді өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы.

Облыс әкімінің айтуынша, осы жылдың соңына дейін өңірге 700 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылады екен. Әрине, осы арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, табыс молая түспек.

«Batysminiralsu» зауытында 60 адам жұмыс істейді. Құрылыс кезінде 30 адам жұ­мыс­қа тартылған. Осылайша, қазірдің өзін­де алақандай ауылдағы бір ғана зауыт 90 адамды жұмыспен қамтыған.

Зауыттың ашылу салтанатына Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова, осы жобаны қаржыландыруға атсалысқан «ForteBank» өкілдері қатысып, сәттілік тіледі. Жаңа кәсіпорынның есігіне керілген бауды облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен зауыттың бас директоры Әлішер Оңталапұлы қиды.

Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жоба өнімінің атауы белгілі би және батыр Сартай Байжанұлының есіміне байланысты қойылған екен. 1711-1785 жылдары өмір сүрген, 15 жасында қол бастап, жауға той­тарыс берген тарихи тұлға жөнінде режиссер Ақан Сатаев «Жаужүрек мың бала» атты фильм де түсірген болатын. Айтпақ­шы, Сартай батырдың ашамайы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр.

Батыс Қазақстан облысы