Жері шөл, күтімді қажетсінетін көкөніс, жеміс-жидек түрлерінің өсуі мүмкін емес делінетін Маңғыстауда шалғайдың шырайын келтіріп, егін егіп, нәпақа тауып, ел нәсібін арттырып жүрген еңбекқор жандар аз емес.
Мұндай кәсіп иелерінің бірі – егін шаруашылығына бейімделген шаруа қожалығының иесі Жақсылық Ибадуллаев. Құрық аулына қарасты Қызылқұм жерінде жасаған жанкешті еңбегінің нәтижесінде жылыжай кәсібін өрістетіп, бау-бақша өсіруді жолға қойды. Қазір 35 гектар алқаптың 6 гектарына жеміс ағаштарын отырғызып, 3 гектар жер аумағында жылыжай кәсібін жүргізіп келеді.
«2005 жылы 25 гектарға жуық жер алып, кейін 10 гектар жерді қосып, еңбектеніп келемін. Бау-бақшаның күтімі оңай шаруа емес. Егін алқабын жерасты суымен суарамыз. Онымен қоса жеміс ағаштары ерекше күтім нәтижесінде жыл сайын өнім береді. Оны Ақтау қаласындағы базарларға және Құрық аулына тасымалдаймыз. Күніне 700 кило өрік пен алманы сатылымға шығарамыз. Бұл кәсібім мен үшін аса қымбат.Табанды еңбектің нәтижесі жаныңа керемет сезім сыйлайды», дейді «Рысбек» шаруа қожалығының жетекшісі Жақсылық Ибадуллаев.Еңбек қадірін білетін шаруа қожалығында ысырапқа жол берілмейді. Артылған немесе мерзімі өтіп кеткен жемістерден арнайы «кептірілген өнім» дайындалады.
«Бұл шаруашылық – Жақсылық ағамыздың ақ адал еңбегінің жемісі. Одан бөлек, мал азығы да қоса дайындалады. Жұмысшы саны тапшы болғандықтан, жұмыс көзіне жастарды жиі тартамыз. Алдағы уақытта көмекке қоғамдық жұмыскерлер тартылады. Өз тарапымыздан арнайы қолдау көрсетіп келеміз. Қазір аудан аумағында 665 шаруа қожалығы бар. Оның ішінде 41-і егін шаруашылығымен айналысады», дейді Қарақия аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәбит Құсайынов.
Маңғыстау облысы