Табиғаты тамылжыған, Сауыр-Сайқан тауының бөктерінде қоныс тепкен «Бәйтерек» мәдени-спорттық сауықтыру орталығына келген кезде бізді директор Анарбек Дүтбаев қарсы алды. Өз ісіне мығым, жас болса да іскерлігімен есімі ауызға іліне бастаған Анарбек Жақыпбекұлы бірден атқарып жатқан жұмыстарымен таныстыра бастады.
– Бұл мекеме Шығыс өңірінде бірінші болып ашылды. Құрылысты небәрі бір жылда тәжірибелі маман, «Зайсан құрылыс» мекемесінің басшысы Болат Нұрасылдың жігіттері салып берді. Оларға, сол кездегі бастама көтеріп, керемет орталықтың ашылуына қамқорлық жасаған Серік Зинабекұлына алғысымыз ерекше. «Бәйтерек» орталығына мектептегі дарынды балалар, көп балалы отбасындағы шәкірттер, тұрмысы нашар жандардың балалары келіп, 12 күн бойы таза ауада демалады, көңілдерін көтеріп, түрлі спорт жарыстарын өткізеді. Өткен жылы ауданның 420 баласы, сондай-ақ басқа өңірлерден 100 бала келіп аунап-қунап қайтты. Ауданның оқушылары бюджет есебінен демалса, басқа жақтан келгендер небәрі 12 мың теңгеден төледі. Ақылы қызмет көрсетіп, қаржы табу мәселесі де шешімін тапқан, төрт маусым бойы облыс тұрғындары да келіп, денсаулықтарын түзеп қайтады, – деді орталық басшысы Анарбек Жақыпбекұлы. Анарбек мемлекеттік қызметте ысылған, мектепте ұстаздық құрған, директор қызметінде де мол тәжірибе жинаған азамат екен. Ол балалардың психологиясын жетік біледі, олармен әңгімелесіп, барлық жағдайды жасайтын көрінеді. Орталықта қазір 13 үй, оның 8-і жатақхана, асхана, волейбол, баскетбол, бадминтон, футбол алаңдары бар. Табиғаты тамылжыған Бестерек қорықшасында атпен серуендеуге, қарда сырғанайтын шанамен демалуға жағдай жасалған. Мұнда спорт жарыстары тұрақты өтіп тұрады. Мәселен, өткен жылдың жазында Қытайдың Жеменей ауданынан 17 оқушы осы жерде үш күн демалған кезде «Бәйтеректің» балаларымен футбол, волейболдан жарысыпты. Ал керісінше Зайсанның балалары Жеменейге барғанда, қарсыластарын ұтып кетіпті. Орталықтың Зайсан қаласында 18 орындық қонақүйі, балалардың ойын алаңдары бар. Қосымша қызметтен түскен қаржыға қажетті заттарды сатып аламыз дейді директор. Демалыс орталығы маңында жабайы алма, алмұрт, қойбүлдірген, таңқурай, неше түрлі шипалы өсімдіктер көп болғандықтан, мектеп оқушылары оларды жинауға қолғабыс жасайтын көрінеді. Демалыс орталығының директоры Анарбек Дүтбаев бес мемлекет арасында өткен экономикалық көрсеткіші үшін «Экономика мақтанышы» деген орденмен марапатталыпты. Осы мекеменің бас есепшісі Алмаш Донбаеваға «кәсіби саладағы жетістігі үшін» медалі, ал фельдшер Алмас Сейітхановқа үздік сертификат табыс етілді. – 2015 жылы Қазақстан, Украина, Беларусь, Ресей және Әзербайжан сияқты бес мемлекет арасында жүргізілген экономикалық рейтингте жақсы нәтиже көрсеткені үшін «Бәйтерек» орталығы «2015 жылдың сала көшбасшысы» деген сертификатқа ие болды. Аудан әкімі Алмас Оңдақанов қуанышты хабарды естіген кезде ұжымды арнайы келіп құттықтап, табыс тіледі, – деп әңгімеге араласты аудандық мәслихаттың хатшысы Дәулет Ыдырышев. Демек, бәсі биік «Бәйтеректің» алдағы уақытта да болашақ ұрпаққа адал қызмет ете беретіні сөзсіз.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист. Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы. Суретте: орталықтың қызметкерлері.