• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 13 Шілде, 2024

Қоқыс сұрыптау алаңы салынады

94 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері бұл іс-шараға Алматы облысынан 700 мыңға жуық азамат тазалық шарасына атсалысып, 20 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Қоршаған ортаның тазалығын сақтауға ба­ғытталған жоба бү­гінде «Таза бейсенбі» экоакциясына ұласып, өңірлерде тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл науқанда «Amanat» партиясының мүшелері де белсенділік танытып келеді. Өткен бейсенбіде партия мүшелері Жамбыл ауданындағы Қастек өзенінің жағасын тұр­мыстық қалдықтардан тазартты. Экологиялық іс-шараға барлық деңгейлі мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, ауыл тұрғындары қатысты. Сөйтіп, акцияға атса­лысқан 100-ге жуық адам туған өлкенің тазалығын сақтауға өз үлесін қосты. Жиналған 1,5 тонна қоқыс арнайы полигонға жіберілді.

«Жазғы уақытта азаматтардың көбі өзен-көлді жағалайды. Соның бірі адам аяғы арылмайтын Қастек өзенінің жағасын таза ұстау – негізгі мақсатымыз. Бүгінгі тазалау жұмыстары барысында бұрыннан қалып қалған тұрмыстық қалдықтар, полиэтилен пакеттер мен пластик бөтелкелер, басқа да тұрмыстық күл-қоқыстар шығарылып, полигонға жөнелтілді. Елді мекендерде ұйымдастырылып жатқан «Таза бейсенбі» экоакция­сы аясында табиғатымыз тазарып, тәртіп орнап жатыр. Әрбір азамат өзінің туған жерін таза ұстауға дағдыланып, оны өзгеге көрсете білуі керек деп ойлаймын. Сондықтан бұл бастама жалғасын табады», дейді «Amanat» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Ықылас Амалбек.

Ал Алматы облыстық мәс­лихат депутаты Меруерт Молда­шеваның айтуынша, эколо­гия­лық мәселелерді шешу – «Amanat» пар­тиясының сайлауалды бағ­дар­ламасында қамтылған ма­ңызды басымдықтардың бірі.

«Аманаттықтар табиғатты аялау ісін әрі қарай жалғастыруға ниетті. Партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін барлық аудан орталығындағы және Қонаев қаласында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою міндеті тұр. Онымен қоса өңірде полигон және кешенді қоқыс тиеу мен сұрыптау төрт алаңы салынады. Сондай-ақ ауылдарда қоқысты бөлек сұрыптауға және құрамында сынап бар қалдықтарды жинауға арналған кемінде 1 мың контейнер орнатылады», дейді облыстық мәслихат депутаты.

Алматы облысы