Атырау, Алматы, Қызылорда тәрізді балық шаруашылығы дамыған өңірлердің қатарына Қостанай облысы қосылатын күн де алыс емес сияқты. Бұған біраздан бері бағалы балық өсіруді қолға алып, оны тиімді табыс көзіне айналдыруды көздеп отырған «Қостанай бекіресі» серіктестігі айқын дәлел бола алады.
Аталған серіктестік – өңірде бекіре тұқымды бағалы балық өсіріп жатқан бірден-бір кәсіпорын. Балық фермасы толық өндірістік қуатына көшсе, жылына 10 тонна тірі бекіре, 10 тонна өңделген балық етін өндіре алады.
Өңір тұрғындарына таңсық өнімді жергілікті жерде өндіріп жатқан бірегей кәсіпорын мемлекеттің бизнесті қолдау бағдарламаларын да тиімді пайдалана білген. Мемлекет аталған жобаға индустрияландыру картасы аясында Тобыл қаласынан ауқымы 1,1 гектар болатын жер телімін бөліп беріп отыр. Мұның сыртында, серіктестік «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» шеңберінде «Даму» қорының қолдауына ілігіп, «Bereke Bank» АҚ арқылы 100 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Қомақты қаржыға өндіріске қажет құрылғылар мен шабақ сатып алынды.
Серіктестік басшысы Валентин Ищенконың айтуынша, жоба үш кезеңге бөлініп жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы кезең ішінде, 2023 жылы балық фермасының ғимараты салынған. 2024 жылдың бастапқы айларынан бастап уылдырық сатып алынып, бекіре тұқымды балық өсіріле бастаған. Кәсіпорын қазан айында арнайы дүкенін ашып, балық өнімдерін саудаға шығаруды жоспарлап отыр.
«Ферманың ғимаратын көтеру, резервуарларды орнату жұмыстары аяқталды. Инженерлік инфрақұрылымның жетпей қалған жеріне, атап айтқанда, ферма нысандарын электр қуатымен қамтамасыз етуге «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында облыстық бюджеттен тағы 91,7 млн теңге қаржы бөлінді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының бәрі кестеге сәйкес дер уақытында орындалды. Қазір балық өңдеу өндірісін іске қосу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Өзіміз өсірген балықты өңдейтін құрылғыны да сатып алып, орнатып қойдық. Сондай-ақ өнім сақтайтын тоңазытқыштарымыз бен дайын өнімді сатуға шығаратын құрылғыларымыз да дайын тұр», дейді кәсіпорын басшысы.
Бүгінде балық фермасындағы 7 бассейнде Астраханнан әкелінген уылдырықтан тараған 5 мыңға жуық бекіре тұқымы бар. Ал шабақ цехында 20 мыңнан астам бекіре шабағы мен аралас тұқымды шабақтар өсіп жатыр. Кәсіпорында 6 адам еңбек етеді. Алдағы күзде балық өңдеу цехы мен ферманың арнайы дүкені ашылған соң, жұмысшы саны да арта түспек.
Кәсіпорын келешекте бекіре өсірумен ғана шектелмей, нарықта жоғары сұранысқа ие, бағасы қымбат форель, ақсерке сынды таңсық балықтарды да өсіруді жоспарлап отыр. Осылайша, облыс көлеміндегі бағалы балық өнімдерінің түрін көбейтуді көздейді.
«Сонымен қатар әуесқой балықшылар келіп балық аулайтын арнайы су қоймасын ашуды ойластырып жатырмыз. Қостанай ауданы әкімдігі ферманың іргесінен қосымша тағы 0,4 гектар жер телімін беруге дайын отыр», дейді кәсіпкер.
Таяуда облыс әкімдігінде өңір экономикасын әртараптандыру жөнінде қадау-қадау мәселелерді ортаға салған алқалы кеңес өтті. Осы жиында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов біз сөз етіп отырған ферманы да тілге тиек етіп, өзге кәсіпкерлерге үлгі қыла сөйледі.
«Бүгінде мемлекет тарапынан тамақ өнеркәсібін дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отырғаны тегін емес. Бізде азық-түлік өндірісін дамыту үшін ауыл шаруашылығы шикізаты мен басқа да қосалқы компоненттер жеткілікті. Кәсіпкерлер экономиканың көп игеріле қоймаған бағыттарында белсенділік таныту қажет. Валентин сияқты кәсіпкерлерден үлгі алған жөн. Мемлекет бірінші кезекте ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге күш салатын болады», деді әкім.
«Қостанай бекіресі» серіктестігі өңір тұрғындарын бағалы балықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелден әкелініп жатқан теңіз балығы өнімдеріне де бәсекелес бола алады.
Қостанай облысы