Қонаев қаласының Мәдениет үйінде Ветеринария саласы қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Бұл күні сала ардагерлері мен жас мамандарға Құрмет грамоталары мен Алғысхаттар табысталды. Іс-шара барысында 4 облыстық, 11 аудандық және қалалық ветеринарлық стансаларға 15 жаңа автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
«Ветеринарлардың жұмысы аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ветеринар мамандарға ауыл шаруашылығы өнімдерінің тазалығы үшін үлкен жауапкершілік жүктелген. Облыста ветеринарлық медицина саласына көп көңіл бөлінеді. Атап айтсақ, штаты
1 071 қызметкері бар облыстық ветеринарлық станса құрылды, жұқпалы ауруларға қарсы вакцинация және серологиялық зерттеулер жүргізілуде. Жануарлар мен адамның жұқпалы ауруларының алдын алу үшін өңірде 1 500-ге жуық ветеринарлық қызметкер бірлесіп жұмыс істейді. Жыл басынан бері облыста жануарлар мен құстардың 16 түрлі аса қауіпті ауруына қарсы ветеринарлық-профилактикалық іс-шаралар 89 пайызға орындалды. Биыл эпизоотияға қарсы іс-шараларға жұмсалатын шығындар
4 миллиард 997 миллион теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға артық», деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.
Биыл эпизоотияға қарсы іс-шараларға 5 млрд теңге жұмсалады. Жылдан-жылға ветеринарлық-санитарлық объектілерді салуға ақшалай қаражат ұлғаюда. Ветеринарлық мамандарға жалақыны көтеру үшін қосымша қаражат бөлініп, жалақы 20 пайызға көбейді. Жалақыны көтеру есебінен шалғай ауылдарда ветеринарлық мамандарды жұмысқа орналастыру, олардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту, еңбек өнімділігін арттыру көзделген.
Кәсіби мерекеге орай Балқаш ауданы Құйған ауылдық округі ветеринарлық пунктінің меңгерушісі, 38 жыл жұмыс өтілі бар Айгүл Дүйсенбекова Премьер-министрден Алғысхат алды.
«Бүгін біз алғаш рет кәсіби мерекемізді атап өтудеміз. Бұл ветеринарлардың мәртебесін көтерумен қатар еңбекке қызығушылығын арттырары анық», деді марапат иесі Айгүл Дүйсенбекова.
Алматы облысы