• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Футбол 16 Шілде, 2024

Испания – төрт дүркін Еуропа чемпионы

63 рет
көрсетілді

Дүниені бір ай бойы дүбірімен тербеген футболдан Еуропа чемпионаты да мәресіне жетті. Испания құрамасы құрлық аламанының ат басындай кубогін қанжығасына бөктерді.

Финалға шыққан Англия құ­рамасы испан футболшыларына қарсы тартысты ойын өрнегін көрсетті. 1-таймда Испания құрамасы дүркін-дүркін шабуылдап, қыс­паққа алғанымен, қақпашы Пикфорд бірнеше соққыны тойтарып, құрамасын құтқарды. Бірақ тайм аралығындағы үзі­лістен алаңға Испания ұлттық құ­рамасы тың күшпен шыққандай әсер қал­дырды. 47-минутта Нико Уильямс­тың голынан алға ұзап шыққан қар­сыластарын қанша тықсырғанымен, ағылшын футболшыларының шабуылы нәтижелі болған жоқ. Тек 73-минутта Коул Палмер еншісіне гол жазып, есепті теңестірді. Жеңіс голын 86-минутта Микель Оярсабаль соқты. 90-минуттағы стандартты шабуылда ағылшындар таразы басын теңестіретін тамаша мүмкіндік алған. Гехи Марктің баспен сүзе соққаны сөзсіз Испания құрамасының қақпасында тулайтын еді, егер жартылай қорғаушы Дани Ольмо болмағанда.

1964 жылы өткен Еуропа чемпио­натының финалдық аламанында СССР құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, құрлықтың үздігі атанған испан футболшылары арада өткен алпыс жылда төртінші мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізіп отыр. 2008 жылы Еуропа біріншілігінің финалдық тартысында Германия құра­масын 0:1 есебімен еңсерген Испания футболшылары 2012 жылы да сол биігінен төмендеген жоқ. Тіпті құрлық бәйгесінің кубогі үшін финалда Италия құрамасын 4:0 есебімен есеңгірете жеңгені жұрт есінде. Одан бері де бір мүшел уақыт өтті. Испания құрамасы Еуропа чемпионатында топтан шыққанымен, финалға жетпей сүрінді. Ұлттық құраманың бүгінгі буыны сөзсіз мықты екенін айқын дәлелдеп берді.

1960 жылдан бері ұйымдастырылатын Еуропа чемпионатының финалдық матчында гол соққан ең жас футболшы Пьетро Анастазидің 1968 жылғы жетіс­тігін ешкім жаңарта алмай келеді. 1968 жылы өткен Еуропа чемпионатының финалдық тартысында Италия құрамасы Югославия футболшыларын 2:0 есебімен жеңді. Екінші голды 31-минутта соққан Анастази сонда 20 жастан 64 күн асқан еді. Англия мен Испания құрамалары арасындағы тартыста гол соққан Нико Уильямс пен Кол Палмер де – 22-ден асқан футболшылар. Егер 17 жасқа толған Ламин Ямал финалда гол соққанда тарихи нәтиже тіркелер еді.

Англия ұлттық құрамасының бас бапкері Гарет Саутгейт шәкірттері матч­тың ақырғы минуттарында шар­шағанын айтты. «Екінші таймның соңында біздің есепті теңестіретін тамаша мүмкіндігіміз болды. Жігіттер барын салып ойнады, Испания құрамасы талассыз таңдаулы ұжым екенін әйгіледі. Алпыс жылдан бері жалынан ұстатпай келе жатқан Еуропа чемпионатының кубогін құшағымызға қысар едік жеңіске жеткенде», деді Г.Саутгейт.

Испания ұлттық құра­масының енші­сіне Еуропа чемпионатының кубогін төр­тінші мәрте бөктерген бас бапкер Луис Де ла Фуэнте аламанға «мен жастарға сенемін» деп келгенін көрсетті. Бұл бапкер 2015 жылы Испа­нияның 19 жасқа дейінгі жастар құрамасын баптап, Еуропа чемпионы атанды. Финалдық тартыс­та Ресей жастар құрамасын 2:0 есебімен ұтты. Осы матчта алаңға шыққан Родри кешегі ойында да жасындай жарқылдады. Қақпаны қорыған Унай Симон тоғыз жыл бұрын Де ла Фуэнтенің қанатының астында қосалқы құрамда отырды. 2019 жылы 21 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Еуропа чемпионатының финалдық тартысында Луис Де ла Фуэнте шәкірттері Германия жастарын еңсерген еді. Осы матчта Микель Оярсабаль, Унай Симон, Даниэль Ольмо сынды саңлақтар сапта болды.

2022 жылдың желтоқсанында Ис­пания ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне 61 жастағы Луис Де ла Фуэнте тағайындалды. Мұндай лауазымды қызметтің жауапкершілігін арқалағанға дейін жастар құрамасын Еуропа чемпионы атандырған маманның біліктілігі бірден байқалды. Былтыр УЕФА Ұлттар лигасының финалдық сайысында Фуэн­те бапкердің шәкірттері Хорватия құра­масын пенальти сериясында (есеп 4:5) еңсеріп кетті.

Жастар құрамасының сапынан бері баулып келе жатқан шәкірттері бап­кердің сеніміне селкеу түсірмеді. «Бірінші таймда гол соғылған жоқ, үзілісті анау айтарлықтай ақылгөйлік танытпадым. Тек біз қашанда өзіміздің тегеурінді құрама екенімізді дәлелдей алатынымызға сендірдім, болды. Мен бұл ұжымның жетістігімен қашанда мақтанамын», деді Луис Де ла Фуэнте.

Испания құрамасы Еуропа чемпио­натының финалдық додасын төрт рет жеңген жалғыз ұжым атанды. Германия құрамасы үш рет жеңсе, Италия, Франция құрамаларының еншісіне Еуропа чемпионы деген атақ екі рет бұйырды. Англия құрамасы қатарынан екінші рет құрлық аламанының финалдық додасына жетке­німен, жолы болмады. Олар 2021 жылы өткен Еуропа чемпио­натының фи­налдық тартысында Италия құрамасына есе жіберді.