«Су – тілсіз жау» деген. Талғар ауданы Кеңдала аулындағы Үлкен Алматы каналын (ҮАК) жағалап жүгіріп жүрген кішкентай балапанның аяқасты ағыны қатты суға құлап, ағып бара жатқанын байқап қалған Серікжан Сембайұлының еш кідірместен суға қойып кетіп, баланың өмірін сақтап қалған ерлігі лезде елге тарады.
«Күндізгі 11 шамасында сол маңайда пәтер іздеп жүрген едім. Көпірден өтіп бара жатып кішкене балалардың жанұшырған даусын естіген күйде су жағасына жүгірдім. Қарасам бала ағып барады. Бірден көмекке ұмтылып, жағаға алып шықтым. Бала суға тұншығып, әлсіреп қалған екен. Менің орнымда басқа адам болса да осылай етер еді», – дейді баланы ажалдан аман алып қалған Райымбек ауданы Нарынқол аулының тумасы Серікжан Ботан.
Қатерден бала өмірін сақтап қалған 28 жастағы азаматтың бұл ерлігін Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбеков ескерусіз қалдырмай, алғысын айтып, бағалы сыйлық табыс етті.
«Осындай баға жетпес адамгершілік қасиетіңізге және суға батқан баланы құтқарған ерлік ісіңіз үшін алғыс білдіремін. Қырағылық пен ержүректікке баулып өсірген ата-анаңызға да ризашылығымыз шексіз. Сізге және жақындарыңызға мықты денсаулық, қажымас қайрат және бейбіт өмір тілеймін», деді аудан басшысы.
Адам өмірін құтқаруда көрсеткен батылдығы үшін Серікжан Сембайұлына аудан әкімі Алғысхатпен қоса, салтанатты түрде соңғы нұсқадағы іPad-ты табыс ете отырып, мұндай батыл қадамға барған батырлардың іс-әрекеті мен есімін ел-жұрты біле жүргені жөн екенін ерекше атап өтті.
Алматы облысы