• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Шілде, 2024

Зәрулік шешілуге тиіс

83 рет
көрсетілді

Станционный кенті қа­ланың құрамдас бөлігі санатында. Екі жарым мың тұрғыны бар елді мекен қаламен салыстырғанда әлеу­­меттік-тұрмыстық дең­гейі шамамен отыз жыл­ға артта қалған десе де болады. Дәріхана, банко­мат, балабақша жоқ.

Қала тұрғындары ауызекі тілде кентті «Көкшетау-2» деп те атайды. Бұл атауды кент тұр­ғындары жақтыра бермейді, себебі облыс орталығының құ­рамына кіргенімен, еншісі әділ бөлінбеген жетім баланың кейпін киіп отыр. Сәл ғана таратып айта кетелік, кент тұрғындары күн­делікті тұрмысқа қажетті заттарын алу, дәрігерлерге қаралу, банкоматтан ақша алу үшін Көкшетауға баруға мәжбүр. Бір жақсысы, жұмыс бар. Үш бірдей элеватор астық қабылдауда.

Ертеректе кенттің кейпін өзгертіп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағыт­талған бірнеше жоба жасалған. Жылдар өткенімен, ақ түйенің қарны жарылған жақсылық бола қойған жоқ. Бірнеше жыл бұрын спорт залы, кітапханасы және әртүрлі балалар үйірмесі орналасатын аумағы атшаптырым клубтың жобасы жасалды. Эскиз сұлбасын көрдік. Көзтартарлық зәулім, салтанатты. Кент тұрғындарын көл-көсір қуанышқа бөлеген жоба «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасына да енгізілген еді. 2021 жылы күрделі құрылыстың басталуы­на республикалық бюджеттен 700 миллион теңге қаражат бөлінді. Бірақ белгісіз себеп­тер­мен құрылыс кейінге қал­дырылып, бөлінген қаражат кері қайтарылды. Енді кентте мәдениет ошағы да, кітапхана да жоқ. Шағын кітапхана өздері әзер сыйы­п отырған әкімдік ғимаратының тар бөлмесіне әкеліп тоғытылған. Сыймаған кітаптар сыз басқан жертөледе сақтаулы. Осы кентте 45 жыл бойы тұрып келе жатқан Ораз­хан Шүленбаевтың айтуына қарағанда, шешімін таппаған мәселе шашетектен. Ең бастысы, кент жастарының бос уақыттарында көңіл көтеретін орындары жоқ. Қас қарайысымен Көкшетаумен екі ортада сергел­деңге түсіп жүргендері. Ал облыс орталығынан қатынайтын соңғы автобус сағат 20.40-та тоқ­тайды. Одан кешіксең, бағасы удай қымбат такси жалдайсың. Ақ­шаңды қимасаң, облыс орта­лығында қонып қалуға мәж­бүрсің.

Кенттегі тағы бір жақсы жоба – жаңа қазандық салынады деген ұмтылыс еді. Ескі қазандық 1979 жылдан бері жұмыс істеп тұр. «Көкшетау жылу» серік­тестігінің балансында. Кент әкімі Әлібек Төлебаевтың айтуы­на қарағанда, он жыл бұрын көнерген, әбден тозығы жеткен қазандықты ауыстырып, орнына жаңа автоматтандырылған қазандықтар орнатпақ болған. Жаңа қазандықтар кентке жет­кізілген. Әйтсе де, «қыр­сыққанда қымыран іриді» де­мекші, дәл осы уақытта облыс­тың өзге бір елді мекенінде апат болып, ты­ғырықтан шығар жол табуға ұм­тылған облыс бас­шылығы жаңа қазандықтарды алып кеткен.

– Жаңа блокті-модульдік қазандық өте қымбат, – дейді кент әкімі Әлібек Төлебаев, – қазандығымыз ескі болғанымен, қыс маусымында тұрғындар тарапынан ешбір шағым айтылған емес. Облыс орталығында жылу-электр орталығы салынбақшы. Қазандық орнатқаннан кентке дейін жылу құбырын тарту арзанға түседі. Ескі қазандық кеңес кезінде жасалған. Мықты. От жағушы шыдаса, қазандық әзірге шыдап тұр.

Осы арада қазандық көмейіне көмір қолмен тоғытылатынын айта кетуіміз керек. Күн күрт суыт­қанда бір тәулікте 15-20 тонна көмір күн салынады екен. Әкім от жағушының сыну-сынбауы туралы әзілдегенімен, күн сайын жиырма тонна көмір салу қиын шаруа екендігі белгілі. Тағы бір айта кетерлігі, әкімнің өзі от жағушылардың неше адам екендігін, табысының қанша екендігін біле бермейді.

Кент балалары қала балалары сияқты жақсылық көріп отырған жоқ. Теміржолдың арғы бетіндегі шағын ауданда тұратын балалар орталықтағы жаңа футбол алаңын жақсы көреді. Бірде жасөспірімдердің біреуі вагондардың үстінен өтіп бара жатып, электр тоғына ұрынып қалып, арты қайғылы қазаға ұласқан. Сөз арасында ауызекі тілде ПМС деп аталатын теміржолдың арғы бетіндегі ауданда футбол алаңын салуға қаражат бөлінгендігін де айта кетелік. Бірақ жол қаупі әлі де қалуда. Кенттің іргесінен өтетін қалааралық күре жолдың бойы жарықтандырылмаған себепті қысқы маусымда екі жаяу жүргінші апатқа ұшырады. Міне, содан кейін ғана шетін шаруа қолға алынды. Осындай жайға қарап бір нәрсе түзелуі үшін міндетті түрде апат болуы керек пе деген ойға қаласың.

Кент тұрғындарының өкпесін қара қазандай етіп отырған жай­дың бірі – жаңа дәрігерлік амбула­тория салуға қатысты. Кент тұр­ғындарына медициналық қыз­мет көрсету мәселесі ондаған жылдар бойы шешімін таппай келеді. Жергілікті билік бо­лашақ медициналық мекемеге жер телімін бөлгенімен, құрылыс жұмысы басталмаған. Кент әкімінің айтуына қарағанда, көпшіліктің наразылығын тудырып келе жатқан бұл шару­а таяуда оңынан шешілмек. Биз­нес өкілдерімен келіссөз жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Ал зейнеткерлердің банкоматтан ақша алуы үшін табандарынан таусылып облыс орталығына баратын мәселесі тіпті тез шешілуі мүмкін.

Кейінгі үш жылда кейбір көшелерде асфальт жамылғысы төселген. Үш футбол алаңының екеуі жасанды шөппен жабылған. Әйтсе де қиындық бар. Мәселен, екіқабатты үш тұрғын үйдің су желісі жүйесі өзгеріске ұшы­раған. 1990 жылдары кейбір тұрғындар магистралды құбыр­ларға өздігінен қосылып, су мен жылудың ырғағын бұзған. Енді оны қалпына келтіру керек. Қо­сымша қаншама шығын?! Биыл мектеп спорт залы жөндеуден өткі­зілуде. Жеке кәсіпкер өз қара­жатынан мешіт салып жатыр.

Тағы бір жағымды жаңалық бар, кент тұрғындарының үлбіреген үміт отын жағатын осы жай. Болашақта жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 1 300 жер телімі бөлінбек. Егер әр отбасында орташа есеппен төрт адамнан бар деп болжасақ, кент халқының саны бірден 4-5 мың адамға көбейеді. Жер телімдерінің инфрақұрылымы да тартылған. Электр қуаты және сумен жабдықтау желілері бар. Тек суды алатын жер жоқ. Қазір кентті ауызсумен қамтамасыз ететін екі ұңғыма жұмыс істеп тұр. Егер оның суын жаңа ауданға беретін болса, бұрынғы үйлер сусыз қалады. Суы мен қысымы жетпейді. Қазір геологиялық зерттеу жүргізетін мердігер анықталып отыр. Олар жерасты суларын іздестіруде. Қашан табылатыны беймәлім.

– Алдағы уақытта автобус бағыттарын ұзарту үшін бү­кіл кентті айналып өтетін жол саламыз, – дейді кент әкімі Әлі­­бек Тө­лебаев, – жолаушылар қа­тынасы сол кезде жолға қойы­лады.

Кент қаланың қосымша бөлігі саналғандықтан, мектеп мұ­ға­лімдері мен медицина қызмет­керлері қосымша ақы алмайды. «Дипломмен – ауылға!» мем­лекеттік бағдарламасы ар­қылы жас мамандарды тарту да мүмкін емес. Осылайша, ке­леңсіз жай қордаланып қал­ған Станционный кентінің бола­шағын таразы басына тартқанда көсегесі қашан көгерер екен деп те ойлайсың.

КӨКШЕТАУ