Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезіне қатысушылармен кездесті, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Ламберто Заньер Астанадағы дінаралық форумның айрықша маңызын атап өтіп, оған қатысушылар құрамының ерекшелігіне назар аударды. Оның пікірінше, осындай форумдар әлемдегі, әсіресе, Таяу Шығыстағы күрделі ағымдар жағдайын ескере келгенде өте қажет және ол барлық халықтардың қауіпсіздігі жолындағы ауқымы зор жемісті жұмысы үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді.
Қ.Тоқаев Қазақстан үшін ЕҚЫҰ басымдыққа ие екенін және оны одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті. Сенат Төрағасы Хельсинки Қорытынды актісінің 40 жылдығы қарсаңында Ұйым, оның ішінде, парламенттік өлшемі Еуразиядағы үнқатысу және бірлескен іс-қимылға маңызды тұғырнама болып қала береді, деп санайды.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің Діни қауымдастықтар бастамалары мәселелері жөніндегі басқарма жетекшісі Шон Кейси дінаралық үнқатысуға ерекше мән беретін Мемлекеттік хатшы Джон Керридің сәлемін жеткізді.
Съезд жұмысынан алған әсері туралы айта келіп, Ш.Кейси діндер арасындағы үнқатысу үшін осыншама өнімді күш салып келе жатқан өзге мемлекет жоқ екенін атап өтті.
Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі Мигель Анхель Моратиноспен кездесуде съезд бен БҰҰ Өркениеттер альянсы арасындағы өзара іс-қимыл туралы пікір алмасылды. М.Моратиностың пікірінше, әлемдегі күрделі жағдай, атап айтқанда, радикализмнің арта түскен деңгейі съездің ерекше маңызды екенін айқындайды, осыдан он екі жыл бұрынғы дінаралық үнқатысу туралы бастамасы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық тұрғыда көрегенділік болғанын көрсетіп отыр.
Біріккен Араб Әмірліктері Дін және уақыптар істері жөніндегі Бас агенттіктің атқарушы директоры Убейд әл-Мазруи діни және саяси қайраткерлерге, әсіресе, Таяу Шығыстағы күрделі жағдайды ескере келгенде, Қазақстан дер кезінде мінбер ұсынғанын атап өтті. Мейман атап өткендей, қазіргі кездегі әлемдегі бейбіт дін ретінде Ислам туралы дұрыс ақпарат жеткізу және Исламды қылмыстық мақсаттарға пайдаланатын экстремистік топтарға тосқауыл қою аса маңызды. Әл-Мазруи съездің бұдан былайғы жұмысының табысты болуына тілектестік білдірді және басқа гуманитарлық-діни ұйымдар форум қызметіне қатыса алатынына сенім білдірді.
Дүниежүзілік Ислам мазхабтарын жақындастыру ассамблеясының Бас хатшысы Мохсен Мохаммади Аракимен кездесуде мұсылман үмметінің бірлігін нығайту қажеттігі, Исламдағы түрлі ағымдарды жақындастыру шаралары және ағарту жұмыстары арқылы экстремизмге қарсы іс-қимыл таныту туралы әңгіме болды. Дүниежүзілік ассамблея мен Қазақстан зерттеу орталықтары арасындағы ынтымақтастықты жолға қою туралы ұсыныс айтылды.