• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Экология 18 Шілде, 2024

Игілігі мол бастама

179 рет
көрсетілді

«Таза Қазақстан» эко­логиялық акциясы Батыс Қазақстан облы­сында белсенді өтіп жатыр. Жақында төрт аудан мен Орал қаласында «Игі істер» марафоны ұйымдас­тырылды.

– «Таза Қазақстан» акция­сының негізгі мақсаты – қор­шаған ортаны қорғау мәселесіне қоғам назарын аудару және жастарды эко­логиялық бастамаларға тарту. Біз замандастарымызды қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға және табиғатқа жауапкершілікпен қарау­ға тәрбиелеуге тырысамыз. Орал қаласында саябақтар мен Жайық өзені жағалауын тазаладық, көшет ектік. Ақпараттық тақталар орнатып, тұрмыстық қалдық­ты сұрыптау бойынша шебер­лік сабағын өткіздік. Осы іс-шараларымызға 200-ден аса студент, мектеп оқушылары және қала тұрғындары қа­тысты. Болашақта да осындай акцияларды тұрақты өткізіп, іс-шаралар ауқымын кеңейтеміз деп ойлаймыз. Осынау игі іске көбірек адам тартылса керемет қой. Халықтың экологиялық сауатын арттыру үшін кей­бір білім бағдарламаларын да қолдануды жоспарлап отыр­мыз, – дейді «Ғасыр» жас­тар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Сахиев.

Осындай игі іс-шаралар Тасқала ауданында да өтті. Жастармен жұмыс жөніндегі аудандық ресурстық орта­лық басшысы Жиенбай Нау­рызбайұлы таяуда жастар аудан орталығында тұратын үш ардагердің үйіне барып, ауласын, үйін тазалап, шөбін орып, қоқысын шығарып, ағаштарын әктеп қайтқанын айтты. Бұл акция аясында­ғы «Өнегелі ұрпақ» апталығы­на орай ұйымдастырылған іс-шара екен.

– Біз әуелі ауыл әкімдігі­нен көмек қажет ететін жал­ғыз­ілікті қариялар туралы ақпа­рат сұрадық. Сөйтіп, Сара Боранбаева, Қымбат Сер­да­лиева және Тойғаным Мақаева есімді әжелеріміздің үйіне бардық. Қариялардың қуанышында шек жоқ, күтімсіз қалған ауланы арамшөп басып, аспанмен таласып тұр екен. Жастар ойнап-күліп, жарысып жүріп тазалап тастады. Қайырымды іске қол созған жастарға да түрлі сый-сияпат берілді. Бірақ сыйлықтың үл­кені ақ жаулықты әжелердің жүрекжарды алғысы болды, – дейді Жиенбай Наурызбайұлы.

Айтпақшы, Тойғаным әжей­дің үйінің шатырын жа­қында жел ұшырып, бүл­діріп кеткен екен. Аудандық ресурстық орталық басшы­сы­ның айтуынша, жақында ол үйге арнайы мамандар барып, қарияның үйінің шатырын жөндеп бермек.

Бір тәуірі, республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы түрлі бағытқа бөлінген. Мысалы, «Таза өлке» бағыты бойынша белсенді жастар Тасқала ауданының ең әдемі мүйісі – Ешкітауға шығып, тау баура­йын түрлі қоқыстан тазартты. Бейберекет өскен шөпті орып, реттеп, ағаш түптерін әктеп, табиғи бұлақтың көзін ашты. Дәл осындай тағылымды іс-шара Бөрлі ауданында да өткен екен.

– Біз табиғатқа жауап­кер­шілікпен қарау мәдениетін қалыптастырып, тұрғындарды белсенді экологиялық әрекет­ке тартып отырмыз. Бөрлі ауданының Ақсай қаласын­да қоғамдық орындарды жинап, ағаш егіп, қоқысты сұрып­тап жинауға арналған урналар орнаттық. Экология­ны сақтау туралы семинарлар ұйымдастырдық. Осынау іс-шараларға 200-ге жуық адам, оның ішінде еріктілер, мектеп оқушылары, студенттер мен қала тұрғындары қатысты, – дейді Бөрлі ауданындағы жастар ұйымының төрағасы Ербол Балгерейұлы.

Жалпы, Батыс Қазақстан облысы бойынша сәуір айынан бері санитарлық тазалық шараларына 131 мыңнан аса тұрғын, 3 мыңнан аса мекеме мен кәсіпорын, 74 мыңға жуық жеке аула қатысқан екен. Өңірде 231 саябақ пен гүлбақтың аумағы тазаланған, 48 мыңнан аса түрлі ағаш көшеті отырғызылған. 1 221 әлеуметтік нысан мен 525 тарихи-мәдени ескерткіш аумағында тазалау жұмысы жүргізілген. Экологиялық айлыққа 1 197 бірлік техника жұмылдырылып, 49 307 тонна қоқыс шығарылыпты.

– Бұл күндері Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүкіл елімізде экологиялық акция өтіп жатыр. Бұл – өте маңызды іс-шара. Жақында Астана қала­сында болғанымда да осындай іс-шараға тап болып, қатыс­қан едім. Ал біздің Орал қала­мыз елдегі ең жасыл, әдемі қаланың бірі ғой. Биыл өңір­де су тасқыны болып, сани­тарлық тазалық жұмысын дер ке­зінде жүргізе алмап едік. Сон­дықтан бұл мәселе біз үшін өте өзекті. Қуанатыным, табиғатты аялайтын белсенді жастардың қарасы көп екен. Туған жерімізді, табиғат анамызды аялай берейік, – дейді еңбек ардагері, «Жаңақала жайсаңдары» қоғамдық ұйы­мының жетекшісі Еламан Бәденұлы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шілде айының со­ңында өңірде «Таза жағалау» акциясы өткізілмек. Оның мақсаты – өзендер мен су айдын­дарының жағалауын қо­­қыстан тазарту. Бұл бастама су ресурстары экожүйе­сін қалпына келтіріп, өзен-көл­дің тұрмыстық және өнді­ріс­тік қалдықтармен ластануын бол­дырмауға бағытталған. Ал тамыз айында ауылдық елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағыт­талған «Таза ауыл» акциясы өтеді. Осы акция шеңберін­де ауылдарда жаппай тазалау, сондай-ақ абаттанды­ру және көгалдандыруға кө­ңіл бөлінеді. «Таза ауыл» акциясы қыркүйек айында да жалғасып, қала мен ауыл­да­ғы аулалардың жағдайын жақ­сартуға ден қойылады. Осы акция аясында ең үз­дік аулалар арасында байқау өтіп, жеңімпаздар мара­патталады.

Батыс Қазақстан облысы