Азаттығымыздың 23 жылында көз алдымызда болған түбірлі өзгерістерді, тіпті, тілмен жеткізу қиын-ақ. Міне, осы тәуелсіздік туындысының ешбір жан таласа қоймайтын алғашқы авторы – Нұрсұлтан Назарбаев. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы біз бастан кешкен қиындықтарды кім ұмыта алар? Әрине, «бас-басына би болған өңкей қиқымдардың» да табылмай қалғандығын жасыруға болмайды. Басқасын айтпағанда, осы тәуелсіздігімізге күмәнмен қараған, ілгері жылжыған көшіміздің бір жерде ауып қалмай, діттеген жеріне аман-есен баратындығына да толық сенімді болмаған мысықтілеулілердің де арамызда жүргендігін елемей кетуге болар ма?! Міне, қирандыдан жаңа мемлекеттің қабырғасын қалау, қалап қана қоймай, әлемдік өркениеттен ойып тұрып өз орнын иемдену деген ұлы миссия бәрімізден бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мойнына түсіп еді ғой. Елордамызда Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өткен жылы «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» ұйымдастырған Әйелдердің ІІІ еуразиялық саммитіне қатысу қуанышына бөлендім. Жас тәуелсіз мемлекетімізде басқа талай жетістікпен бірге кәсіпкер әйелдердің де ықпалы артып келе жатқанына айқын көз жеткіздім. Әйел-аналардың, әрине, қолынан келмейтін тірлік жоқ. Үздіктерден үйреніп, тың жоспарды алға қойғанға не жетсін. Баланы да тәрбиелеп, кәсіпті де дөңгелеткен нәзік жандылар қаншама. Еліміздің аймақтарынан, шетелдерден келген әріптестермен дидарласулардан осындай ордалы ой түйдім. Алысты болжай білетін көреген саясаткер, елі сүйген Елбасының барлық буын өкілдеріне сияқты, нәзік жандыларға да өлшеусіз қамқорлығын сезініп келеміз. Осылайша еңбек адамдарына жігер, серпіліс сыйлауы да өте орынды. «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласының түп төркіні де елді еселі еңбекке жұмылдыру еді. Ал, Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан шағын және орта кәсіпкерлікті жетілдіру жолындағы баянды бағдарламалардың нәтижесінде талай жанның шаруасы шалқып, кәсіптері өрге басқанына баршамыз куәміз. Мұны түптеп келгенде, халықтың әл-ауқатының артуы, ортақ Отанымыздың әлеуметтік-экономикалық нығаюы деп түсінгеніміз абзал.
Жұбан елінің халқы талай ұлт пен ұлысты ортақ шаңырақ аясында береке-бірлікте топтастырып, жас мемлекетті дамудың даңғыл жолына түсірген Елбасымыздың сарабдал саясаты мен батыл бастамаларын әрдайым қолдап келеді, келер күндері де қолдайтын болады. Өйткені, аудан жұртшылығы мызғымас тірліктің, бейбіт күннің бағасын бір кісідей сезінеді. Десек те, аудан, өңір, күллі Қазақ елі тұрмақ, Елбасымыздың ұлылығын әлем елдері мен тарих әлдеқашан-ақ мойындаған. «Тәуелсіздік тарихтың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халықтың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес, аңғал болмағанымыз да абзал», – деген-ді Елбасы. Ақ жұмыртқа, сары уыз тәуелсіздігімізді абайлап әлдилейік, сындырып алсақ, енді қайтіп келер ме? Ендігі міндетіміз – Елбасы саясаты мен ел бірлігін насихаттау, жас ұрпаққа жарастықтың, бірліктің жолын меңзеп, маңдай термен бақытқа жетуге жөн сілтеу. «Қазақтан-2050» бағдарламасымен қуаттанып, ұлы болашаққа қарай тәуелсіз Қазақстан кемесі жүзіп барады. Палубасында жарқын жүзді Қазақстан жұрты. Ал штурвалында – әлем таныған қайраткер, кемеңгер саясаткер.
Дариға СҮЛЕЙМЕНОВА, кәсіпкер.
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.