Алматы қалалық мәслихаты қоғамдық көлікте жол жүру тарифінің бағасын көтеру ұсынысын мақұлдады, деп жазады Egemen.kz.
Енді алматылықтар жол ақысы үшін 120 теңге төлейді. Сонымен қатар автобустарда қолма-қол төлем жасауды алып тастау жоспарланып отыр.
Алматы қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев 2023 жылғы тамызда жол жүру тарифі 11 жылда алғаш рет 100 теңгеге дейін көтерілгенін еске салып, бұл баға автобустарды жөндеу сынды шығынды өтемейтінін айтты.
«Тасымалдаушылардың нақты шығыны 310 теңгеден асады, кейбір маршрутта 400 теңгеден асады. Осыған байланысты әкімдік әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялайды. Қабылданған шаралар 2024 жылы субсидиялар сомасын 7 миллиард теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік береді, сонымен қатар қала тұрғындарын сапалы, қауіпсіз және жайлы қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз етуге оң әсер етеді», деді Сағындық Телібаев.
Айта кетейік, қазір Алматыда 22 жеке, 1 коммуналдық автобус паркі жолаушыларды тасымалдаумен айналысады. Ал қоғамдық көлікпен қатынайтындар саны 1,5 млн адамнан асады.