• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Шілде, 2024

Мазасыз маусым

106 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында биыл балалардың түрлі жағдайда жарақат алуы, тіпті қаза табуы көбейіп кетті. Жақында осы мәселеге орай облыстық әкімдікте арнайы жиын өтіп, төтенше жағдай, полиция департаменттері мен денсаулық сақтау, білім басқармалары басшылары есеп берді.

Статистикаға көз салсақ, жағ­дай шынымен де алаң­да­тар­лық. Облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешевтің мәлі­метінше, биыл жыл басынан бері ауруханалардың жарақат бөліміне 9872 бала қаралған. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыс­тырғанда 257 балаға көп. Соның ішінде ауруханаға жатқызылған бала саны да 100 адамға артқан. Жан сақтау бөліміне 13 бала түсіп, екеуі қайтыс болған.

Өңірде жасөспірімдердің өзіне қол жұмсау оқиғасы да көбейген. Был­тыр алғашқы 6 айда осындай 1 оқиға болса, биыл суицид 4-еуге жеткен. Олардың бәрі де 13-16 жас ара­лығындағы ер балалар екен.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жыл басынан бері 8 сәби терезеден құлап кеткенін мәлім етті. Оқыс оқиғаның бәрі де ересектердің қадағалауынсыз қалған кезде болған. Өкінішке қарай, бір бала қаза тапты.

Биыл жаз шыққалы облыста 6 адам суға кетіп қалса, соның 4-еуі кәмелетке толмағандар болып отыр. Шілденің 11-і күні Ақжайық ауданына қарасты Мерген ауылында 12-13 жастағы үш қыз Жайық өзеніне батып кетті. Оқиға түс кезінде болған. Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалиннің айтуынша, жасөспірімдердің жанында әуелі бір қыздың әкесі болыпты. Ол бірнеше сағат қыздарды қадағалап, кейін үйіне қайтып, үлкен баласын жібереді. Ол келгенде жағада қыздардың киімдері ғана жатыпты...

– Облыста балалардың суға кетуі, терезеден құлауы жиілеп кетті. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалардың саны биыл 3,5 есе, жарақаттанғандар саны 3,8 есе өсіп отыр. Осыған байланысты барлық құзырлы мекемелермен бірлесіп, шұғыл түрде тиісті шара қабылдауымыз қажет. Кә­ме­летке толмағандардың қауіпсіздігі ме­нің жеке бақылауымда болады. Құзырлы мемлекеттік мекемелер балаларды қауіптен барынша қорғауы тиіс. Ата-аналар да шетте қалмауы қа­жет. Бар­лық ата-ананы перзенттерінің қауіпсізді­гі­­не немқұрайды қарамауға шақырамын. Полиция және төтенше жағдайлар департаменті әр факті бойынша тер­геу жүргізсін, – деді өңір басшысы Нари­ман Төреғалиұлы жиында.

Кәмелетке толмағандар алған жа­рақаттың басым көпшілігі, яғни 60,5%-ы – көше жарақаты екен. Оның ішінде: тістелген жаралар – 271, соққы-төбелес – 96, кесіліп-тесілген жаралар – 61, мопедпен, скутермен құлау – 35, үсік шалу – 17, биіктіктен құлау – 6. Екінші орында тұрмыстық жарақаттар тұр: күйік – 246, бөгде дене – 31, химиялық күйік – 24, электр тоғының жарақаты – 7. Оқушылар 377 жарақатты мектеп ғимаратында алған. Спорттық шаралар кезінде алған жарақат саны – 312. Бе­сінші орында жол-көлік оқиғалары тұр.

– Осы оқиғалардың арасында ­суи­цид те болғанына назар аудару керек. Біз 2017 жылдан бастап кәмелетке тол­мағандар арасындағы суицидтік үр­дісті ерте анықтау бойынша бастапқы буын дәрігерлерін, оның ішінде психиатрларды диагностикалау, емдеу тактикасына тұрақты оқытып келеміз. Қазіргі таңда суицидтің алдын алу бойынша медицина қызметкерлері түгел оқытылды. Медициналық ұйым­дардың психологтері кәмелетке тол­мағандармен, ата-аналармен және педа­гогикалық құраммен суицидтің алдын алу бойынша барлық оқу орындарында профилактикалық жұ­мыс жүргізді. 2024 жылдың 6 айында МСАК психологтері оқу орындарында суицидті ерте анықтау және алдын алу жөніндегі 123 іс-шараға қатысты, 5035 адам оқытыл­ды, оның ішінде ­3037 бала – мектеп, ­колледж және ЖОО оқу­шылары, 1998 адам – ата-ана мен пе­дагог. Біздің мамандар жыл басынан бері 3 телебағдарламаға қатысты, га­зеттерде 5 мақала жариялады. Әлеумет­тік желілерде ақпараттық мақалаларды тұрақты орналастырып отырмыз, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев.

Денсаулық сақтау басқармасы қала мен аудан әкімдеріне, түрлі басқарма басшыларына балалар қауіпсіздігіне байланысты атқарылуы тиіс кешенді шаралар тізімін ұсынған екен. Олардың басым көпшілігі коммуникацияны дамытуға, яғни қаржыға тіреледі. Дегенмен адам денсаулығы, соның ішінде бала қауіпсіздігі – ең басты құндылық екені рас. Ендеше назар салайық:Қала және аудан әкімдері жол­дардың жарық болуын, жаяу жүргінші өткелдерінде арнайы белгілер сапасын қадағалап, тас жолдарда мал өткелдерін салуды жүзеге асырса.

Полиция департаменті облыс орталығы мен республикалық маңызы бар күре жолдар бойында патруль санын ұлғайтып, жол жүру ережелерін қадағаласа, әсіресе қауіпсіздік белдігіне, автокөліктегі балалар креслосына, жаяу жүргіншілердің де жол ережесін сақтауына назар аударса. Сондай-ақ суицидке қатысты әр оқиғаны егжей-тегжейлі талдап, зерделесе. Кәмелетке толмағандар арасында суицид оқиғаларына сараптама жасайтын жауапты қызметкер тағайындалса.

Төтенше жағдайлар департаменті оқыс оқиғадан кейін жедел, алғашқы сағатта көмек көрсететін жүйе қалып­тастырса. Республикалық маңызы бар Самара-Шымкент (Сырым ауданында Бұлдырты ауылының жанында), Орал-Атырау (Тайпақ ауылында), Чапаев-Жәнібек-РФ (Жәнібек ауданы Өнеге ауылында) тас жолдарында трассалық медициналық-құтқару пункті ашылса. Жалпы, республикалық маңызы бар жолдар 4 жолақты болса.

Әрине, бұл талаптың бәрі де орын­ды-ақ. Жалпы, жаз кезінде бала қауіпсіз­дігі онсыз да тиісті мекемелердің басты назарында тұратыны сөзсіз. Әсіресе суға шомылу кезінде сақтық мәселесі білім нысандарының күн тәртібінен түспей­ді. Мәселен, облыста каникул басталған­ға дейін-ақ 110 мыңнан астам ата-ана су айдынындағы қауіпсіздік ережелері­мен таныстырылып, су айдындарында адам өлімі туралы статистикасы бар жадынамаларға қол қойған болатын.

Оқушыларға судағы қауіпсіздікті түсіндіріп, жүзуді үйрету үшін облыс бойынша 4 жабық және 36 модульді-каркастық бассейн ашылған. Орал қаласында әлеуметтік осал отбасы тобындағы 120 бала «Жайық самалы» жүзу бассейніне, Ақсай қаласында 470 бала «Сарыарқа» спорт кешенінің бассейніне тегін қабылданған. Орал қаласындағы «Оқушылар сарайы» бассейн үйірмесіне 290 бала қатысып жүр екен. Соның ішінде осал топтарға жататын 35 бала 20% жеңілдікпен қабылданған. «1 қыркүйекке дейін 480 баланы жүзуге үйрету жоспарланып отыр», дейді Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аяжан Жүнісова.

Төтенше жағдайлар департаменті­нің мәліметіне қарағанда, облыста суға шомылуға арналған небәрі 31 жағажай бар екен. Оның 10-ы – коммуналдық меншікте болса, 21-і жеке қолда. Құт­қарушылар осы жағажайлардың түбін тексеріп, 21 жағажайды «халыққа қауіп­сіз қызмет көрсетуге дайын емес» деген шешім шығарған.

Алайда шіліңгір шілдеде халық бәрібір суға түсуді, шомылуды аңсайды. Рұқсат етілмеген жерде шомылудың түбі жоғарыдағыдай орны толмас өкі­нішке ұрындыруы мүмкін. Су айдын­дарының қауіпті тұстарына орнатылған 240 тыйым салу белгісіне қарамастан, жағдай осындай.

«Төтенше жағдайлар министрлігі­нің бұйрығына сәйкес жағажай жаб­дықтау үшін су ағысының қалыпты жыл­дамдығы секундына 0,5 метрден аспауы керек. Ал қазір Жайық өзені ағысының жылдамдығы секундына 2 метрден жоғары. Сондықтан жаға­жайға қолайлы басқа өзен-көл бол­ма­ғандықтан, суға шомылатын жер ұйым­дастырылған жоқ», дейді Ақ­жайық ауданының әкімі Мұрат Сер­далин. Бұған Нариман Төреғалиұлы Жайыққа түсу қауіпті болса, ең болмаса, үлкен ауылдық округтерде бассейндер ұйымдастыру қажет екенін айт­ты. Сонымен бірге төтенше жағдай­лар департаменті ауыл әкімдерімен, қоғамдық ұйым өкілдерімен бірлесіп, өзен-көл жағаларында кезекшілікті күшейтуі тиіс. Әсіресе, су жағасында орналасқан аудан, ауылдар басты назарда болуы қажет.

Өңірде жол апаты да азаймай тұр. Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев кәмелетке толмағандар­дың қатысуымен болған жол-көлік оқиға­сы 3,5 есеге (34-тен 118-ге), онда қай­тыс болғандар 4,5 есеге (2-ден 9-ға) және жарақаттанғандар саны 3,8 есеге (36-дан 137-ге) өскенін мәлімдеді. Балалар­дың кінәсінен 17 жол-көлік оқиғасы тірке­ліп, 3 бала қаза тапты, 19 жасөспірім жарақат алды. Мұндай оқи­ғаның басым көпшілігі Орал қаласын­да, Бәйтерек, Бөрлі, Ақжайық және Теректі аудандарында болған. Жол-көлік оқиғалары салдарынан жол бойында жүрген 53, көлік ішінде отыр­ған ­39 бала зардап шеккен. Одан бөлек 13 бала – мопед және басқа да мотоқұрал­дар, 3 бала – электрмопед, 3 бала – көлік, 1 бала – мотоцикл, 6 бала велоси­пед жүргізіп келе жатып апатқа түскен.

«Кейбір ата-ана перзентінің немен айналысатынын қадағаламайды. Мысалы, үш жол-көлік оқиғасы бала­лардың көлік жүргізуі кесірінен болды. Бірінде облыс орталығында жаяу жүргіншіні қағып кетсе, екіншісінде Бөрлі АПб аумағында сәбиді басып кетті. Үшіншісінде Деркөл кентінде өзінің сыныптасын басып кеткен», деді Арман Оразалиев.

Өңірдің бас полицейі жасөспі­рім­дердің скутер, электрмопед және электрсамокат басқаруы көбейгенін, олардың жыл басынан бері 53 мәрте апатқа ұшырағанын айтты. Соның ішінде жасөспірімдер қатысқан 13 жол апатынан бір бала қайтыс болып, 16-сы жарақат алған. Полиция қызметкер­лері оқиғаға кінәлі тұлғаларға 233 әкім­шілік хаттама толтырған. «Облыс әкі­мінің 2023-2025 жылдарға арнал­ған оқу орындарының жол бойын­дағы инфрақұрылымын дамыту жөнін­дегі кешенді жоспары тиісті деңгейде орындалмай отыр» дейді Арман Молдиярұлы.

Облыста кәмелетке толмағандарға қатысты басқа да түйткілді тақырып аз емес. Соның бірі – екпеден бас тарту. Облыстық санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау депар­таментінің басшысы Мұхамғали Арыс­паев өңірде балаларына тиісті екпе сал­дырмайтын ата-ана көп екенін айтып, мәселе көтерді. Негізінде, балалар кәмелет жасқа толғанға дейін жұқпалы ауруларға қарсы 22 екпе алуы тиіс. «Бұл жұмысқа аудан, ауыл әкімдері мен медицина ұйымдары да барынша атсалысуы қажет», дейді облыстың бас санитары. Өңір басшысы бұл мәселені қадағалауды орынбасары Бақытжан Нарымбетовке тапсырды.

Жаз – барша мектеп оқушылары­ның, жалпы бала біткеннің жыл бойы асыға күтетін, асыр салып демалатын ең шуақты кезеңі. Алайда оқыс оқи­ғалар сал­дарынан кей сәбидің соң­ғы жазы бо­лып қалатыны өкінішті... Періш­те­ле­­ріміздің қауіпсіздігіне біз, ересектер жа­уаптымыз. Сондықтан абай болайық!

Батыс Қазақстан облысы