• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 20 Шілде, 2024

Табиғат апатына тосқауыл

96 рет
көрсетілді

Алматы облысында апта басынан бері бұршақ араласқан жаңбыр толассыз жауып, бір­қатар аймақтарда ағын сулар пайда болды.

Шілденің 16-сы күні Кеген ауда­нының Ақсай ауылының маңындағы таулы аймақта жауын-шашынның мол түсуінен жазықты түгел су басты. Ағыны күшті судан жол бойындағы 2 жүк көлігі жол жиегіне шығып кеткен. Төтенше оқиға орнына Кеген, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарынан арнайы техникалар тартылып, жолдың лай су басқан тұстарын тазартып, көлік қозғалысын қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізді.

Оқиға орнына ТЖД, ПД, әкімдік өкілдері мен «ҚазАвтоЖол» меке­месінен 17 қызметкер жедел түр­де жұ­мыл­­дырылды. Түс ауа толассыз жау­ған жаңбыр тоқтап, су деңгейі төмендеді.

Сондай-ақ осы күні Жамбыл ауданының Беріктас ауылында да толассыз жауған жаңбыр салдарынан көлбеу су ағыны пайда болып, 15 аула аумағы мен 3 тұрғын үйді су басты. Осыған байланысты ТЖД бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдар инертті материалдар салынған 2 мың қапшық дайындады. Сонымен қатар су басқан аумақтан суды сору және лайдан тазарту жұмыстарын жүргізіп, орын алған оқиғаға мониторинг жасалғаны туралы ТЖД-нің баспасөз қызметі хабардар етті.

Бұл жұмыстарға ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың, ТЖМ 28237 әскери бөлімінің жеке құрамынан 100-ден астам адам, 11 мотопомпа мен 16 бірлік техника жұмылдырылған.

Алматы облыстық ТЖД тұр­ғындарға жауын-шашын мол түсіп жатқан таулы өңірлерде сақтық шараларын сақтауды және ауа райы болжамына назар аударуды ескертеді.

Алматы облысы