• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ауыл 20 Шілде, 2024

Қыстың қамын жаз ойла

125 рет
көрсетілді

Биыл Ақмола облысында 183 813 қара мал, 243 842 жылқы, 526 488 қой-ешкі қыстатылғалы отыр. Мал қыстатуға 1 320,8 мың тонна шөп, 260 мың тонна пішендеме дайындалуы қажет болса, күні бүгінге дейін 834,1 мың тонна шөп, 103,8 мың тонна пішендеме дайындалған.

Өңірде ауыл шаруашылығы мақсатында 10 751,9 мың гектар жер болса, шабындық жер көлемі 156,4 мың гектарды құрайды. Көгеріп көк­тем келгелі көк аспанды бұлт торлап тұр. Ыл­ғал мол. Шабын­дықтағы шөп бітік. Шөп шабуға қажетті бар техника күні бұрын тыңғылықты дайындалған болатын. Бұл ба­ғыт­тағы көрсеткіш – 100 пайыз. Қазір 1 168 шалғы іске қосылып, бітік өскен шөпті шабу үстінде.

Биыл өңір шөпшілері 791 тырнауыш, 758 шөп тайлағыш, 767 тиегішті пайдаланып жатыр. Шөптің шығымы да айта қаларлықтай. Тіпті кешегі кеңес заманынан қалған көпжылдық екпе шөптердің өткен жылдары айтақыр болып қалған орындарына да шыққан. Көктемдегі қызыл су жүріп, ылғал жинал­ған ойпаң жерлер масатыдай құлпырып тұр. Соңғы жылдары көзден балбұл ұшқан бозғанақ, бұйырғын, бозжусан, қоңыржусан, ақселеу, бидайық, бетеге, қараөлең, құлаңшайыр, изен, айырауық тәрізді төрт түлік мал аса сүйсініп жейтін өсімдіктер қаулап өскен. Мал басын көбейтуге бел буып отырған уақытта жаңа агроин­новациялық саланың қарқынды дамып, айтарлықтай өнім алуы, алған өніммен толайым елді қамтамасыз етуі үшін өсімдік шаруашылығын түбегейлі зерттеп, оның өнімді пайдалы түрлерін тозып кеткен ша­бындық жерлерге ауыстыруы қажеттігі де бар. Жыл өткен сайын азық-түлік өнімдеріне сұраныс күрт өсіп, бағасы да жыл сайын көтеріліп келеді. Сон­дықтан жер ресурстарын тиім­ді пайдалану мәселесі назар­дан тыс қалмауға тиісті.

Жетек шаншысаң арба өсіп шығады делінетін құйқалы да құнарлы шабындықтар аз емес. Әсіресе биыл су жақсы жайылған Есілдің салалары Ақанборлық, Тайсары, Жабай, Ақсораң, Жы­лан­ды, Қалмақкөл, Салқынкөл, Ащы­лы, Жекебояқ жайлаулары қалың кілемдей құлпырып, неше түрлі шөп өсіп, көз жауын алып тұр.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқар­масының мәліметіне қарағанда, жауапты науқанға жақсы әзірлік­пен келген Жарқайың, Есіл, Арша­лы, Астрахан аудандарының шөп­шілері тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жатыр. Олар қысқа қажетті шөптің ширек бөлігін шауып, маялап үлгерді.

– Биыл шөп өте жақсы, – дейді басқарма басшысының орынбасары Еркеш Әленов, – Екі жылдық шөп қорын еркін жинап алуға мүмкіндік бар. Қазір серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының бас­шы­ларына қара күзге дейін жат­пай-тұрмай шөп жинап алың­дар деп ескертіп жатырмыз. Шөптің шығымдылығы да жақсы. Демек, техника қуаты аз жұм­салып, жанар-жағармайдан да үнем­деу­ге болады. Ең бастысы, шөпті ба­лауса кезінде, нәрі бойында тұр­ған­да жеткілікті етіп жинап алсақ, қыстан қысылмайтын боламыз.

Қыстан қысылмау дегеннен шы­ғады, өткен қыстағы жемшөптің қас­қалдақтың қанындай қат болып кет­кені елдің есінде. Қаңтар айында жаңбыр жауып, көгалалы көп жыл­қы тебінге жарамай қалған кез­де малсақ қауым бармақ тістеді. Биыл ондай өкінішке жол бермеу үшін жалпақ жұрт жұмылып шөп ­да­йындап жатыр.

– Қыстың күні шөптің бағасы аспандап кетті, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Алпысбай Тұрсынбаев. – Жабағы, тай былай тұрсын, құтпан айғыр қар тебе алмай қыстан көтерем болып, әрең шықты. Биыл көктен иіп, жерден беріп тұр. Тек бір әттеген-айы, жауын жиі. Көпененің түбіне дейін су өтіп, қарайып кетіп жатыр. Еңбегіміз еш болмауы үшін жауынның саябыр табар сәтін тосып отырмыз.

Шөпшілердің айтуына қара­ғанда, гек­тар берекесі де айта қа­лар­лықтай. Әрине, әр аймақта әрқилы. Дегенмен орта­ша көр­сет­кішті есепке алатын болсақ, Ақмола шөпшілері бір гектардан 800 кило­дан 4 тоннаға дейін шөп жинап жатыр.

– Биыл өмірі шықпаған шөп шықты, – дейді Ақкөл ауданы Құрылыс ауылындағы «Атамекен» шаруа қожалығының басшысы Ерлан Қажығалиев. – Соңғы үш жыл бойы әбден тұяқкесті болып тозып, шөп шықпаған көпжылдық екпе шөп алқабым бар еді, соның өзі құлпырып тұр. Қазір әрбір ашық күнді тиімді пайдалануға тырысып жүрміз. Ол үшін қолда бар техника қаңтарылып тұрып қалмай, жүріп тұруы керек. Осыдан он жыл бұрын МТЗ-82 тракторын алған болатынмын. Сәл тоза бастаған соң былтыр тағы бір осындай трактор алдым. Шөпшілер үшін ең үлкен мәселе қосалқы бөлшектердің қымбаттығы. Науқан дәл қарқын алған кезде техниканың істен шығып қалатыны бар. Біздің өңірдегі малсақ қауым Ақкөл қаласындағы техника бөлшек­терін сататын дүкендерге кіріптар. Бағасы удай қымбат. Шөп дайындауға мем­лекеттен арзандатылған жанар-жағар­май береді дегенді өз басым естіп көрмеппін. Шаруашылықта үш жүз бас ірі қара мал бар. Оған қоса азын-аулақ қой-ешкі. Қазір алты механизатор жұмылып қысқы мал азығын дайындап жатырмыз. Жұмыс өнімді болуы үшін механизаторлардың жағ­дайын жасау керек. Қожалық­та жұ­мыс істейтін адамдардың айлық жа­лақысы 300 мың теңге көлемінде. Мал­шылар да осындай еңбекақы ала­ды, жылдық еңбек демалысы бері­леді. Бурабай бау­райындағы сауық­тыру орындарына жолдама алып беремін.

Тәжірибелі басшының ай­туы­на қарағанда, биылғыдай жа­уын-шашыны мол жылда өнімді жұ­мыс істеудің өз әдісі бар екен. Мәселен, қожалық басшысы Ерлан Еділұлының айтуына қарағанда, шөптің бір орамасы шамамен 300 кило болады. Егер тығыздап, арасында жік қалдырмай әбден қысып буатын болса. Міне, сонда жауыннан қорықпай жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Ал орама 150-200 килолық болып, арасында жік қалса, ылғал өтіп, шөп шіріп кетеді. Бұл да бір биылғыдай жауынды-шашынды жылдары шөпшілер ескеретін жай екен деп ежіктеп жазып отырмыз. Ендігі бір мәселе, техника­ның қосалқы бөлшектерімен қатар шөпті буатын жіптің қымбаттығы.

– Мұндай жіп сатармандардың айтуларына қарағанда, алыс-жақын шетелдерден тасымалданады, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – Қажет болғаннан кейін қымбаттағына қарамай аламыз. Өкініштісі сол, осындай қарапайым ғана жіпті біздің елдің кәсіпкерлері неге шығармайды екен? Нарықтағы барлық тарап бос емес деп уәж айтатын кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға деп айтып жатқан базынам. Міне, осындай мықты, берік жіп шығарыңдаршы, шөпшілер пышақ үстінде талап алып кетеді.

Ұйымшыл шаруашылықта Ораз­­ғали Кимиев, Әнуар Юсупов, Бауыр­­жан Орынтайұлы тәрізді меха­­ни­­заторлар күндік жоспарла­рын асы­ра орындап, жанталаса жұ­­мыс іс­тейді. Шаруа қожалығы­ның­ айтуына қарағанда, шөп са­тып­ көр­ме­ген, ал Новорыбинка ауылдық округіндегі мал сүмесі­­­­­­­мен күн көріп отырған жалғызілікті, әлеу­­мет­тік жағынан аз қамтылған жан­­дарға әрқашанда көмек қолын со­за­ды.

– Қақаған қыста жемшөбі тау­сыл­­­ғандар өтініш айтатыны бар, – дей­ді шаруа қожалығының басшысы. – Елде отырған соң көршіңнің малы тілін тістеп аш тұрса қалай кө­мек­теспессің. Негі­зінде, төрт түлік мал­дың бейнеті көп екені белгілі. Ең бастысы, мал азығын дер кезінде қам­дап алу. Егер елде отырған біз мал өнімдерін мейлінше көбейтіп, дас­тар­қандағы ырыздықты молайтатын болсақ, нарық заңына сәй­кес бәсекелестік туындап, азық-түлік бағасы арзандап кетпегенімен қым­бат­тай қоймайды ғой.

Осы арада шаруашылық бас­шысының биылғыдай шөп мол шыққан жылы екі жылдық қор жинап аламын деп отырған ұмтылысы құптарлық. Дәл биылғыдай шөп жыл сайын бола бере ме?

– Биыл шөп өте жақсы шықты, – дейді Жақсы ауданындағы «Софья» шаруа қожалығының бас­­шысы Сейілбек Жолдыбаев, – Тек шабындық жерге жете алмай отыр­мыз. Терісаққан өзені қат­ты та­сып, су сай-саланы басып қал­ған. Шабындыққа барар жол әлі құр­­ғаған жоқ. Таяуда бірер шаруа қо­жалықтары шалғы салып еді, ал­қапты трактордың табанымен айғыз­дап бүлдіретін болған соң тоқта­д­ы. Бірер күн тоспақбыз. Жер кеп­кен соң кірісеміз.

Мал қораларының маңайына үйіл­ген қоянжон маялардың қатары көбе­йіп келеді. Ырыздық мол жылы жі­ті қимылдап, екі жылға еркін же­те­­тін қор жинап алғанға не жетсін, ші­р­кін?

Ақмола облысы