• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Шілде, 2024

Ферроқорытпа зауытындағы апат: 8 адам зардап шекті

206 рет
көрсетілді

20 шілде күні сағат таңғы төрттен аса YDD Corporation жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ферроқорытпа зауытында №1 пештен жалын атқылады. Оттың қатты жалынынан сегіз адам зардап шекті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Олар қазіргі уақытта Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханасында ем-дом қабылдап жатыр. Кәсіпорын басшылары да зардап шеккендерге көмек көрсетіп, жұмыскерлеріне алаңдап, аурухананың медициналық қызметкерлерімен байланысын күшейтіп отыр.

– Бес науқас – жансақтау бөлімінде. Үшеуі – қарқынды терапия бөлімінде. Дәрігерлер науқастарды жіті бақылап, едел-жедел ем-домын жасап отыр, – дейді Профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың травматологиялық орталығының басшысы Берік Тілеубаев.

Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен қосымша медициналық көмекті көрсету үшін Қарағандыға Академик Н.Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарысов бастаған қызметкерлер арнайы келді. Медициналық топтың құрамында тәжірибелі комбустиолог-реаниматологтар бар.

Ферроқорытпа зауытында болған жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтау үшін еңбек заңнамасына сәйкес арнайы комиссия құрылды. Оны еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Мұрат Қарақекілов басқарады. Комиссия құрамында барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері бар.

Оқиға орны тексеріліп, жазатайым оқиғаның куәгерлеріне сауалнама жүргізілді, техникалық құжаттамамен танысу жұмыстары жүріп жатыр.

Зауыттағы оқыс оқиғаны тергеп-тексеру жұмыстары облыс басшылығының тұрақты бақылауында. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев зардап шеккен қызметкерлердің туыстарымен кездесіп, дәрігерлермен сөйлесіп отыр.

– Өздеріңіз білетіндей, ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай болды. Өкінішке қарай, 8 қызметкер зардап шекті. Қазір барлығына толық көлемде қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Медицина қызметкерлері қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Зардап шеккен бес адамның жағдайы өкінішке қарай өте ауыр. Ал үшеуінің жағдайы ауыр. Бұл туралы облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова айтып отыр. Қазір шокқа қарсы барлық кешенді терапия жүргізіліп жатқанын қоса мәлімдеді.

Бұл оқиғаға байланысты ферроқорытпа зауытында Қылмыстық кодекстің ҚК 156-бабының 2-бөлігі бойынша, яғни, «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс те қозғалды.

– Комиссия құрамына барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Жұмыс бірінші күннен басталып кетті. Әр өкіл өз бағытын пысықтап жатыр. Бастапқыда оқиға болған жер тексерілді, жазатайым оқиғаның куәгерлеріне сауалнама жүргізілді. Енді техникалық құжаттамамен танысып жатырмыз, – деді Мұрат Қарақекілов.

Тергеу шаралары бойынша қорытынды жасалады.

– Бұл жұмысты сіздер барлық жауапты мемлекеттік органдармен, соның ішінде, құқық қорғау органдарымен тығыз ынтымақтастықта жүргізулеріңіз керек. Түбегейлі және объективті түрде! – деп тапсырма жүктеді аймақ басшысы.