• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәдениет 23 Шілде, 2024

Алматыда монументалды-сәндік мұра табылды

214 рет
көрсетілді

Алматыда ұлттық киімдегі қыздар бейнеленген мозаика табылды. 70-ші жылдарда атақты суретшілер Молдахмет Кенбаев пен Николай Цивчинскийдің қолынан шықққан мозаика Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Ұлпан» асханасының екі қабырғасында бейнеленген, деп жазады Egemen.kz.

Қыздар бейнеленген монументалды-сәндік панельді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ұжымы, ҚР Суретшілер Одағы және Молдахмет Кенбаевтың ұлы бірлесе сақтап қалмақ. Университет ректоры Гүлмира Қанай жоба демеушілеріне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, қаланың мәдени мұрасы үшін осындай артефактілерді сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

«Асхана ғимаратының бұзылуына байланысты университет панельдерді қалпына келтіруді және  жаңа орынға қайта орнатуды жоспарлап отыр, соның арқасында оны қала тұрғындары да көре алады. Мозаика тек көркемдік қана емес, сонымен қатар тарихи құндылыққа ие. Молдахмет Кенбаев пен Николай Цивчинский көптеген бірегей панельдер мен витраждар жасап, Қазақстанның монументалды өнерінде елеулі із қалдырды. Олардың қазақ эпосын бейнелеген шығармалары бүгінде құнды мәдени жәдігерлерге айналды. Алайда олардың көпшілігі жоғалып кетті, бізге қалған шығармаларды сақтап қалуымыз керек», деді  QyzPU ректоры.

Қазақ КСР Халық суретшісі Молдахмет Кенбаевтың ұлы Алпамыс Кенбаев та суретші-монументалист, мозаиканы қалпына келтіру процесіне белсенді атсалысып жатыр. Суретші өнерді болашақ ұрпақ үшін сақтаудың маңыздылығын атап өтті және панельдерді қалпына келтіруге, жаңа жерге орнатуға көмектесуге дайын екенін жеткізді. ҚР Суретшілер одағы да мозаиканы қалпына келтіру үшін жобаны қолдауға дайын.

«Бұл мозаикалық панель – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тарихы. Ал тарихты ұмытпауымыз керек. Бұл панельдің жанынан әртүрлі кезеңде қаншама студент, қызметкерлер өтті. Университет басшылығына Қазақстан тарихын түсінетін адам келгеніне өте қуаныштымын. Жөндеу жұмыстары жүргізілгенде мозаикалық панельдердің үстінен қабырға сыланғаны өте өкінішті. Бұл мозаикалық панель – тұтас бір дәуір. Тарихты ұмытпау және студенттердің Отанға деген махаббатын ояту, оларға сұлулықты көруді үйрету өте маңызды. Олар бұл сүйіспеншілікті оқушыларына да жеткізуі тиіс. Қазір мозаиканы қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр, смальтаның түс схемасын барынша таңдау керек. Мозаиканы бөлшектеу кезінде кейбір смальттар түсіп кетеді, оларды жинап, панельге қайта бекіту сынды жұмыстар бар. Плита жарылып кетуі де мүмкін, оны да қалпына келтіру шарт. Мозаика қажырлы еңбекті талап етеді. Оған смальта, кафель, шыны сияқты материалдар керек. Кейбір материалдар өзімде сақталған. Мұның бәрі материалдың түсіне байланысты. Мәскеуден немесе Санкт-Петербургтен тапсырыс беруге тура келеді», деді Алпамыс Кенбаев.