Кейінгі кезде халық арасында жиі талқыланатын мәселенің бірі – АЭС құрылысы. Мемлекет басшысы АЭС салу мәселесі референдум арқылы шешілетінін айтқан еді. Осыған орай Атырауда атом электр стансасын салу жобасы талқыланды. Жария талқылауға атқарушы орган, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партия өкілдері, энергетика саласының мамандары, экологтер, жергілікті тұрғындар қатысты.
Басқосуда сала мамандары АЭС құрылысына байланысты заманауи технологиялар туралы кеңінен әңгімелеп берді. Сондай-ақ еліміздің бейбіт атомды дамыту тәжірибесі, отандық институттардың осы саладағы жүзеге асырған ғылыми зерттеулері мен тұжырымы таныстырылды.
Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалованың пікірінше, жыл сайын электр энергиясын тұтыну мөлшері 3%-ға өседі. Ал атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, 2050 жылға қарай барлық елдің АЭС-інен өндірілетін электр қуаты 792 ГВт-қа дейін, яғни 2 есе өсетініне болжам жасалған.
«Қазір әлем елдерінде 416 реактор бар. Бұл реакторлардың жалпы қуаты – 347 641 МВт. Жаһанның бірнеше елінде 61 637 МВт қуатты құрайтын 59 реактор салынып жатыр. Мәселен, Қытайда 25, Үндістанда 7, Түркия, Мысыр және Ресейде 4, Ұлыбритания мен Кореяда, Жапония, Украина мен Бангладештің әрқайсысында 2 реактордың құрылысы қолға алынған. Франция мен Словакия, Бразилия мен Аргентина, Иран елі бір-бір реактордың құрылысын салуға кірісті», дейді Гүлмира Мұрсалова.
Жаһан елдеріндегі ең көп атом электр стансасы АҚШ-та салынған. Қазір бұл елде АЭС-тің жүрегі саналатын 94 реактор жұмыс істеп тұр. Қытай мен Францияда – 56, Ресейде – 36, Оңтүстік Кореяда – 26, Үндістанда – 20, Канадада – 19, Украинада – 15, Жапонияда 12 реактордан қуат өндіріледі. Жапония 21, Үндістан 4 реакторды уақытша тоқтатып қойған.
Атырау жұртшылығын АЭС-тің қоршаған ортаға әсері мен тиімділігі толғандырады. Бұл нысанның қандай тиімділігі бар? Қоршаған ортаны ластауға әсер етпей ме? «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябековтің айтуынша, АЭС құрылысы басталса, ел дамуына ықпал ететін бірнеше мультипликативтік әсер пайда болады.
«Біріншіден, әлеуметтік тұрғыдан айтатын болсақ, құрылыс жұмысына 8 мыңға дейін адам тартылады. Ал АЭС пайдалануға берілетін болса, 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Екіншіден, отандық экономиканың дамуына оң әсерін тигізетіні даусыз. Осы орайда алдымен еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Өйткені бүкіл цикл бойынша ел бюджетіне 2,5-3 млрд доллар көлемінде салық түседі. Үшіншіден, техникалық тұрғыдан айтқанда, меншікті отын базасының әлеуетін кешенді пайдалану көзделіп отыр. АЭС пайдалануға берілсе, 60 жылдан астам уақыт бойы тұтынушыларды сенімді энергиямен қамтамасыз етеді. Төртіншіден, қоршаған ортаға парниктік газ шығарындыларын жылына 10 млн тоннаға дейін азайту мүмкіндігі туады», деді Асуан Сиябеков.
Жетекші инженердің мәліметінше, жылу-электр стансаларынан қоршаған ортаға тарайтын ластаушы заттар шоғыры аз емес. Мәселен, 1 ГВт энергия өндіру үшін жылу электр стансаларынан ауаға 7-120 мың тонна аралығында күкірт тотығы, 2-20 мың тонна азот тотығы, 700-1 500 тонна майда күл, 3-7 млн тонна көмірқышқыл газы, 300 мың тоннадан астам күл шығады. Ал жылына шығарылатын 400 тоннаға жуық уытты металдың құрамында кадмий, қорғасын, сынап секілді ластаушы заттар бар.
«АЭС-тен 1 ГВт энергия өндіру кезінде ауаға күкірт тотығы, азот тотығы, майда күл, көмірқышқыл газы, күл мен уытты металл секілді химиялық ластағыш заттар тарамайды. АЭС-тің қоршаған ортаға осындай тиімділігі бар», деді Асуан Сиябеков.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Каспий кешенін зерттеу және мониторинг зертханасының меңгерушісі Махамбет Құдайбергенұлының пікірінше, АЭС құрылысын жүргізу үшін халықаралық қағидалар сақталуы қажет.
«Қазір халықаралық қаржыландыру институттары көмірге инвестиция салудан бас тартып жатыр. Өйткені оның болашағы жоқ. Ал күн сәулесі мен жел бірде бар, бірде жоқ. Сондықтан күн мен желді алда тұрған мақсаттарды шешетін тұрақты энергия көзі деп айтуға болмайды. Осының ішінен озып шығатыны – атом энергетикасы. Атом индустриясын дамыту керек деп ойлаймын. Елімізде салынуы мүмкін атом электр стансасы жаңа талаптарға сай технологиямен қамтылса, құптауға болады», дейді Махамбет Құдайбергенұлы.
Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаевтың айтуынша, АЭС елдің экономикасын дамыту, электр тапшылығын жою үшін қажет. Өйткені елімізде көптеген кәсіпорын мен шаруашылық ашылып жатыр. Жаңадан облыстар құрылды.
«Осының бәрін ескеретін болсақ, болашақта энергия көздерін жетілдіру мәселесі туындайды. Демек электр энергиясына сұраныс арта түседі. Сол себепті Президент ұсынысымен АЭС құрылысы халық арасында талқыланып жатыр. Қазіргі уақытта бізге энергия көзі көбірек керек. Оның ішінде ең басты энергия көзі – атом электр стансасы. Бұған күмән жоқ», деді Кеңес Қосыбаев.
Суды пайдалану жөніндегі сарапшы Серік Борановтың пікірінше, АЭС құрылысы кезінде ескеретін жайт бар.
«Қазір АЭС салу үшін Балқаш көлінің маңы таңдалып отыр. Елімізде мұндай көл соншалықты көп емес. Біз атом электр стансасын салып алып, Балқаш көлін жоғалтып алмаймыз ба? Өйткені реакторды суыту үшін көлден көп мөлшерде су алынады. Су кері айдалған кезде көл температурасын көтеріп жібереді. Бұл үдеріс судағы тіршілікке қалай әсер етуі мүмкін? Осындай көңілді күпті ететін мәселе ескерілсе екен», дейді Серік Боранов.
Атырау облысы