Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай кезінде зардап шеккен тағы бір қызметкер қайтыс болды. 25 жастағы жұмыскердің қаза болғанын Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
- Дәрігерлердің бүкіл күш-жігеріне қарамастан Қарағанды ферроқорытпа зауытының тағы бір қызметкерінен айырылдық. 1999 жылы туған науқастың денесін 90% күйік шалған. Осы уақытқа дейін ол өте ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатқан. Марқұмның жақын туыстарына қайғыра көңіл айтамыз, – деп жазды облыстың Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
25 жастағы Қазкен Ерұлан Қайырбекұлы ферроқорытпа зауытында технолог болып жұмыс істеген.
Естеріңізге сала кетейік, 20 шілдеде Қарағандыда ферроқорытпа зауытының пешінде кенеттен жалын шықты. ТЖ салдарынан кәсіпорынның сегіз қызметкері зардап шекті.
Олар профессор Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілген.
Компания қаза тапқан қызметкердің отбасына он жылдық жалақысы төленетінін хабарлады.