• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Заң 26 Шілде, 2024

Берік Бекжанов: Заң мен тәртіп халық игілігіне қызмет ету керек

155 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру бастамасы қоғам өміріне ашықтық пен жариялылық лебін ала келді. Соның ар­қасында азаматтар ел ішінде қор­­да­­ланған әрі шешімін күткен ше­тін мәселелерді ашық та батыл айта бас­тады. Бұл өз кезегінде осы жылы ел өміріндегі елеулі заңдар­дың қабыл­дануына ықпал етті. Біз Пре­зи­денттің Іс басқармасы жанын­дағы Парламентаризм институты директорының орынбасары Берік БЕКЖАНОВТАН аталған заңдардың қоғам тыныштығы мен тұрақ­тылығы үшін маңызын, адам құқығын қорғау жолында қолға алынған өзге де бастамалар туралы сұраған едік.

– Берік Айдарбекұлы, жуыр­да Парламенттің қос пала­тасы кезекті сессияны аяқ­тап, демалысқа шықты. Бұл сес­сия­ның жұмысы жемісті бол­ған сыңайлы. Өйткені жыл басталғалы ел күткен бірқатар маңызды заң қабылданды. Бұл заңдар қоғамдағы қордалан­ған проблемаларды шешуге қаншалықты ықпалды болады деп ойлайсыз?

– Екінші сессияның заңна­малық күн тәртібі өте мазмұн­ды болды деп айтуға негіз бар. Өйткені Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларын, Президенттің сайлауалды бағ­дарламасын, Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдерді іске асыру депутаттық корпус қыз­метінің негізгі өзегіне айналды. Соның арқасында екі палата 179 заң жобасын қарап, оның 102-сін қабылдады.

Аталған құжаттардың негізгі­леріне тоқталып өтсек, ең алғаш болып ауызға ілігетіні – әйелдер мен балалар құқын қорғауға байланысты заңнамаға енгізілген өзгерістер. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоғам болып күре­суді қажет ететін әлеуметтік проб­­лема деп атаған болатын. Тұр­­мыс­тық зорлық-зомбылықты кри­ми­налдандыру, балаларға қа­тыс­ты зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдату және алдын алу шаралары – негізгі заң­на­малық жаңашылдықтар. Осы заң арқылы қоғамда бұл кеса­паттың өршуіне тосқауыл қойылды.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Түркістанда өткен отырысында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидатын алға тартқаны белгілі. Бүгінгі қоғам адал азаматты қалай тәрбиелейді? Біз қазақ «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, көп проблеманы жабулы қазан күйінде қалдырып, тіс жармай сақтап жүре береміз. Мұндай ескі әдеттен бойды барынша аулақ ұстап, заң үстемдігі орнаған қоғамды бірге жасауымыз керек. Осы орайда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған, өзге де өзекті заңдар жылдар бойы пісіп-жетіліп, әділетті қоғам құрудың тетігі ретінде өмірге келді.

– Бұл заңның ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– Жаңа заңда әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін қолданылар жазаны кү­шейту көзделген. Мәселен, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылықтар санатына жатқызылса, енді осы тектес қылмыстар үшін қыл­мыстық жауапкершілік енгізілді. 80-нен 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу сынды жаза түрлері қарастырылған.

Ал жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жыл­ға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру жазасы бел­гіленді. Бұл заң өзінің нәтижесін беріп, жемісті жұмыс істейді деп үміттенеміз.

Дегенмен айта кету керек, заңды қабылдау мен оны орындау – екі бөлек мәселе. Шерағаң атап өткендей: «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты». Заң қабылданды деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, ертең оны қалай жүзеге асырамыз? Әлде бәрін мемлекеттің мойнына жүктеп қоямыз ба? Жоқ, заңның орындалуы ең алдымен ел тұрғындарының оны құр­меттеуінен және тәртіпке бағынуынан басталады. Конс­титуцияда жазылғандай әр аза­маттың құқықтарымен қатар жауапкершіліктері де бар. Егер өзің заң талаптарын белшесінен басып, ал қоғамдағы проблема­лар үшін «әкім қайда қарап отыр?» деп талап қоюды ғана біл­сең, ондай жағдайда кез кел­ген заңың да өз нәтиже бермей­ді. Біз тұрмыстық зорлық-зом­былық жасағандар үшін жазаны қатаңдаттық. Бірақ тек қатаңдатумен мәселе шешілмейді. Ең алдымен азаматтардың құқық­тық мәдениеті жоғарылап, тәртіп­пен өмір сүруді үйренуі керек.

– Биыл қабылдан­ған тағы бір өзек­ті құжат – лудома­ния, яғни ойынқұмарлыққа қарсы заң. Бұдан кейін аталған қоғам кесапатымен күрес нәтижелі болады деп ойлайсыз ба?

– Иә, таяу күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудоманияға қатысты заң жобасына қол қойды. Өзіңіз айтқандай, ойынқұмарлық – қазір қоғамның қасіретіне айналды. Жасы да, кәрісі де жеңіл пайда табам деген ниетпен соның апанына құлап, салдарынан отбасындағы, қоғамдағы орындарын жоғалтып жатыр. Тіпті мемлекеттің сеніп тапсырған мүлкін құмар ойынға жұмсап, талан-тараж еткен мем­лекеттік қызметшілер де, қолына түскен қаржының бәрін құрдымға жіберіп, сол үшін әйелімен ажырасып, тіпті өз-өзіне қол жұмсап жатқандар да бар.

Сондықтан әрине, мұндай қоғам кеселінің алдын алу үшін мемлекет тарапынан тегеурін­ді шара жасалуы қажет. Сол үшін жаңа заңға халықтың ойын­­құмарлыққа тәуелділігін төмен­детуге бағытталған шектеу­ші және ынталандырушы нормалар енгізілді. Бұдан былай мемле­кеттік, әскери қызметшілер, ар­найы және құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері, бюд­жеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға, бәс тігу­ге қатыса алмайды. Бұл шек­теу­ді сақ­тамағандарды жұмыс­тан шы­ғару шарасы қарасты­рыл­ған. Ойын бизнесін ұйымдас­тырушы­лардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді.

Сонымен қатар вейп сатуға тыйым салатын заң нормалары да жақында ғана күшіне енді. Соңғы екі жылда елдегі вейп сатылымы 300 есе өскен. 2,5 жыл ішінде елге үш миллионға жуық вейп әкелініпті. Денсаулық сақтау туралы заң аясында вейп таратуға толық тыйым салынды.

Былтырдан бері Парламентте кеңінен талқылаудан өткен масс-медиа туралы заң жайында да айтпай кетуге болмас. Күні кеше бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекемен құт­тықтау кезінде Президентіміз бұл заң журналистердің мүддесі мен құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтетінін атап өтті. Ақпа­рат саласына қатысты 33 жыл өткен­нен кейін «Масс-медиа туралы» заң қолданысқа енді. «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Ұлттық теле-радио хабарларын тарату мүддесін қорғау мақсатында мемлекеттік тілдегі отандық теле-радио бағдарламалардың апта сайынғы көлемі 50 пайыз­дан 60 пайызға дейін ұлғай­тылды. Отандық теле-радио арналарда шетелдік теле-радио бағдарламаларын ретрансляциялау көлемі 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетілді. Жаңа заң отандық масс-медиа саласының дамуына тың серпін берері сөзсіз.

– Біздің білуімізше, бір­қа­тар заң жобасын әзірлеу мен талқылау жұмыстарына Пар­ламентаризм институты да ат­салысқан екен. Ол қандай заңдар еді?

– Өткен сессия аясында біз Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп 29 заң жобасын әзірледік. Сондай-ақ Мәжіліске келіп түскен 49 заң жобасына талдамалық сүйе­мелдеу жүргізілді. Еліміздің атқарушылық іс жүргізу саласын реттейтін заңнамалық актілерге түгендеу және 21 бағыт бойынша қолданыстағы заңнамаға талдау жасалды.

Бұдан басқа, Парламентаризм институты депутаттық корпустың сұранысына ие және жұмыс топтарында заң жобаларын қарау барысында пайдаланылатын 53 заң жобасына сараптамалық қорытынды дайындап, Мәжілістің бейінді комитеттеріне жолдады. Жоғарыда сөз болған ойын бизнесі, лотерея қызметі және тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сот жүйесін жетілдіру сынды заң жобаларының әзірленеуіне де Парламентаризм институты тікелей атсалысты.

– Бүгінде жеке детективтер туралы заңды қабылдау үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұндай заңның ерекшелігі мен қажеттілігі неде?

– Елімізде жеке детективтердің жұмысы заңмен реттелмеген. Осыған орай Мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділері, біздің институт сарапшылары бірлесіп «Жеке детективтердің қызметі туралы» заң жобасын әзірледі. Жеке детективтік қызмет институтын енгізудің өзектілігі, ең алдымен, осы саланы құқықтық реттеудің айрықша қажеттілігінен туындап отыр. Бұл ретте азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қамтамасыз етуде шешуші рөл, әрине, мемлекеттік құқық қорғау органдары мен атқарушы билік органдарына тиесілі.

«Жеке детективтің қызметі неге қажет?» деген сауалға жауап берсек. Адам жоғалып оны іздестірумен полицейлермен қатар детективтер де айналысса, бір жағынан ол полицияға көмек, екінші жағынан детектив өз қызметін заңдастырып, лицензия алып, салық төлесе, бұл қазынаға түсетін қаржы.

Бірақ детективке де қойыла­тын талаптар өте жоғары: құ­­қық қорғау немесе арнаулы мем­лекеттік орган­дардың жедел-тергеу бөлімшелерінде кемінде 7 жыл жұмыс тәжірибесі болуы қажет. Ішкі істер саласында қызмет етк­ен тергеуші мен із кесуші қыз­мет­керлер зейнеткерлікке 40-45 жаста шығады. Тәжірибесі бар мамандар қазіргі таңда күзетші болып нәпақасын та­уып жүр. Ал егер олар детектив қызметін ат­қар­са, елдегі жылдар бойы ашылмаған қыл­мыстар мен қордаланған проб­лемалардың шешілуіне атсалысар еді. Бұйырса, Парламенттің күзгі сессиясы басталғанда бұл құ­жат заң жобасы ретінде тіркеліп, оны қабылдау үшін әрі қарай жұмыстар жүргізілетін болады.

– Адам құқын қорғау саласында қолға алынып жатқан жұмыстардың тағы бірі – адвокатура туралы заңды жетілдіру. Осы орайда қорғаушылар тарапынан қандай ұсыныстар айты­лып жатыр? Қолданыстағы заң­ның қандай олқылықтары бар?

– Адвокаттардың дербестігін қамтамасыз етіп, мәртебесін көтеру – қоғам алдында тұрған маңызды мәселе. Қазіргі таңда депутаттардың бастамасымен іс жүргізу заңнамасын жетілдіру, адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі шешу мәселелері туралы заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Біздің институтымыз көкейтесті мәселеден тыс қалмай, жақын­да Республикалық адвокаттар алқасы, шетелдік және ТМД елде­рінің заңгер-адвокаттарының қатысуымен кеңейтілген «дөң­гелек үстел» өткізді. Респуб­ликалық адвокаттар алқасы заң жобасында адвокаттар қауым­дастығының көптеген бастамасын қолдайтынын атап өтіп, кейбір дамытуды қажет ететін тұстарына назар аударды.

Қазіргі таңда адвокаттар тергеу изоляторында кездесу өткізудің, ол үшін құжат рәсімдеудің күрде­лілігі, басқа өңірлердің тергеу изо­ляторына қорғаушыларды ауыс­тырудағы келеңсіздіктер сын­ды қиындықтарға тап болып жатады. Сонымен қатар «E-оtinish» порталы арқылы адвокаттардың өтініштерімен жұмыс істеу кезінде мәселелер туындап, оның ішінде басқа жүйелермен интеграцияның болмауы адвокаттық қызметке кедергі келтіреді. Портал жүйе­сінде мерзімдердің сақталмауы және қылмыстық істер бойын­ша адвокаттардың өтініш мәрте­бесінің белгісіздігі де өзекті. Мойындау керек, адвокаттың жала­қысының төмендігі, атқа­рылған жұмыс уақытын есеп­теудің әділетсіз тетігі, адвокаттың судьяға және оның процессуалдық қарсыласына төлем мөлшерін анықтау кезіндегі тәуелділігі – шешімін күткен маңызды мәселе.

Қолданыстағы заңды жетіл­діру жұмыстары, Мемлекет басшысы айтқандай, сот отырысында айыптаушы мен қорғаушының, яғни прокурор мен адвокаттың тепе-тең құқығын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып жатыр. Айналып келгенде бұл да адам құқығының қорғалуы үшін қажет. Сол үшін бүгінде қылмыстық іс бойынша дәлел жинау сатысында адвокаттарға еркіндік беру туралы бастама көтеріліп жатыр. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары орын алған құқық бұзушылық кезіндегі азаматтың кінәсін анықтау үшін дәлел жинайтыны сияқты, адвокаттарға да өз дәлелін жинауына құқық беру мәселесі күн тәртібінде тұр.

– Қазіргі трендтердің бірі – жасанды интеллектіні пайдалану. Қоғамның барлық саласында жаппай қолға алынып жатқан ЖИ мүмкіндіктерін заң жобаларын әзірлеуге де қолдануға бола ма?

– Бүгінде цифрландыру үде­рістері адамзат өміріне мық­тап енді. Жасанды интеллект қоғамның барлық саласын түбе­гейлі өзгерте алады. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландырудың страте­гиялық маңыздылығын атап өтіп, жасанды интеллект технологиясын енгізу және IT саласындағы цифрлық қуатты мемлекет болу мақсатын алға қойып отыр.

Осыған байланысты Парла­ментаризм институты жасан­ды интеллектіні еліміздің заң шығару үдерісіне енгізу мәселесін белсенді түрде зерттеп жатыр. Яғни құқықтық технологияларды дамытудың басты бағыт­тарының бірі – заң саласына жасанды сананы енгізу және жаңадан туындаған мәселелерін шешу. Институт сарапшылары ЖИ-ді заңнамалық қызметке интеграциялаудың үш маңызды тенденциясын атап өтеді.

Оның біріншісі – құқықтық сараптама үшін ЖИ пайдалану. Оның алгоритмдері деректердің үл­кен көлемін талдайды, заң жо­ба­л­арындағы қайшылықтарды анық­тайды және оларды қолда­ныс­тағы заңнамамен және халық­аралық стандарттармен салыстырады.

Екіншіден, құқықтық саладағы мәліметтерді талдау негізінде бол­жамдарды әзірлеу жұмысына тартуға болады. Үлкен деректер мен аналитикалық құралдарды пайдалану белгілі бір заңның қабылданылуының ықтимал салдары және оның экономикаға әсері туралы құнды болжамдар жасауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, заң шығару мәтін­дерін жасау үдерісін автоматтандыру. Заманауи технологиялар қол еңбегін барынша азайтуға және заң жобаларының мәтіндерін жасау кезінде «адами факторды» төмендетуге көмектеседі. Міне, егер біз жасанды интеллект мүмкіндіктерін барынша кеңінен кәдеге жарата алсақ, заң жобаларын әзірлеу жұмыстарын барынша жеңілдеткен болар еді.

– Соңғы жылдары Парламент депутаттарының белсенділігін атап айтуға болады. Бұрын заң жобалары көбіне Үкіметтің бастамашылдығымен жасалатын болса, қазір депутаттардың өздері бастама көтеріп, белсен­ділік танытып жүр. Мұны жақсылықтың нышаны деуге болатын сияқты...

– Заң жобаларына бастама­шылық жасау құқығы Пре­зидентке, Үкіметке және Парла­ментке берілген. Дәл қазіргі жағдайда Парламент депутаттары өздерінің осы құқығын өте белсенді пайдаланып жүр. Өзіңіз айтқандай, бұрын заң жобалары негізінен Үкімет арқылы келсе, қазір депутаттар біздің институтпен бірге бірқатар заң жобасына бастамашылық еткенімізді жоғарыда айтып өттім.

– Дегенмен кейде халық арасында «Парламент – заң қабылдаушы орган, сондықтан ол жерде заңгерлер отыруы керек. Ал бізде блогерлер, айтыс­керлер, спортшылар депутат болып кетті» деген пікір айтылып қалады. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

– Қоғамның өзі түрлі саладан тұрады емес пе? Сондықтан Парламентте әр саланың өкілде­рінің отыруы – заңды құбылыс. Заң жобаларын жасау, оны талқы­лау үшін өз саласын жетік біле­тін адамдардың болғаны маңызды. Парламент – қоғамда қорда­ланған көптеген көкейтесті мәселенің қайнайтын қазаны болғандықтан, ол жерге түскен әрбір мәселе әбден қайнауы жетіп, пісіп шығуға тиіс. Сол үшін әр саланың өз өкілінің отырғаны абзал деп білемін. Бұл заңның сапалы, тиімді қабылдануына септігін тигізеді.

Әр сала өкілдері Парламентте жұдырықтай жұмылып қызмет етуінің нәтижесінде түрлі әлеу­меттік топтардың мүдделерін дұрыс көрсетуге мүмкіндік алады. Қоғамдағы барлық топтардың пікірлері ескеріледі және заңдар мүмкіндігінше әділетті әрі теңге­рімді болады. Заман ағымы өзгер­ген сайын азаматтардың қажет­тіліктеріне сәйкес заңдар­дың қол­дану аясы кеңейіп, олар қосым­шалар мен түзетулер енгізуді қажет етеді. Сол себепті, билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайтып, құқықтық міндеттемелер мен өзгерістерді қарапайым жұртшылыққа түсін­діру маңызды. Азаматтық қоғам қалыптастыруының не­гізі – заң мен тәртіптің халық игілігіне қызмет етіп, әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі болуында!

– Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»