• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

«Ауыл аманатының» қолдауы

23 рет
көрсетілді

Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда ерекше маңызға ие «Ауыл аманаты» бағдарламасы Алматы облысында да қарқын алып, қарапайым халықтың өз кәсібін ашып, нәпақасын табудың тиімді тетігіне айналып отыр.

Өңірде «Ауыл аманаты» бағдар­ла­ма­сы аясында өткен жылдан бері 1089 адам 8 млрд 267 млн теңге сомасында шағын несие алған. Биыл республикалық бюджеттен 14 млрд теңгеден аса қаражат қарастырылып отыр. Қазіргі уақытта бас-аяғы 629 өтінім келіп түскен. Оның жалпы сомасы 5,9 млрд теңгені құрайды.

Бағдарлама аясында шағын кә­сіп­керлер мен ауыл тұрғындарына көрсетілетін қолдау көлемі жыл са­йын артып келеді. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлерде кәсіпкерліктің дамуына үлкен серпін беріп отыр.

Бұл күнде «Amanat» партиясымен бірлесе атқарылатын бағдарламаның игілігін көріп, іске қосылып жатқан шағын өндіріс орындары аз емес. Солардың қатарында Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылдық округінің тұрғыны Назира Мың­баева партияның аудандық филиалына жүгініп, кәсіп ашу үшін кеңес сұраған. Өтініші оң шешім тауып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несиеге қа­жетті құрал-жабдықтар мен шикі­зат сатып алды.

Сөйтіп, нар тәуекелмен бастаған ісі ілгерілеп, иісі тәбет ашатын тәтті нанын тұрғындар таласа-тармаса алатын болды. Баптап пісірген өні­мі­не сұраныс көбейген сайын кәсіп иесінің де құлшынысы артып, еңбек өнімділігін еселей түсуде.

«Жоба аясында кәсіп бастау үшін «Amanat» партиясының аудандық филиалына барып кеңес алдым. Кейін 2,5 пайызбен жеңіл­де­тілген несиемен үлкен пештер, қамыр илейтін құрылғы және тағы да басқа қажетті құрал-жабдықтар мен ұн, тұз секілді шикізаттар алып, наубайхана жұмысын бастап кеттім. Қазір Шамалған ауылында тұрғындарды сапалы нанмен қамтамасыз етіп отырмын», дейді кәсіп иесі Назира Мыңбаева.

Осы күні наубайханада 6 жұ­мысшы бар. Өндіріс орнында тәу­л­ігіне 1500 бөлке нан шығары­ла­ды. Сонымен қоса күнара 500-600 дана бәліш, пицца, тәтті тоқаш пісіріп, дүкен сөрелеріне жөнелтеді. Өндіріс көлемі артып, өнім түрлерінің көбейе түсуіне байланысты қосымша тәтті өнімдер жасайтын кондитерлік цех ашу да жоспарында бар.

Алматы облысы