Шу ауданының қалың құмы ішінде жатқан Қорағаты сайында есірткі жинаумен айналысқан бір азамат ұсталды.
Бұрын да бір мәрте сотты болған 40 жастағы ол 879 кило болатын жаңа орылған марихуананы тасымалдауға дайындапты. Екі күннен кейін Меркі ауданында тағы біреу құрықталды. Ол 627 кило марихуана жинаған. Міне, осылайша, Шу алқабындағы есірткі саудасының жаңа маусымы құқық қорғау қызметкерлері үшін ә дегеннен қарбаласпен басталды.
Құзырлы органдар берген мәліметке сүйенсек, науқан кезінде Шу алқабы арқылы 100 тоннаға дейін марихуана өтетін көрінеді. Биылғы жылы есірткі қылмысына қарсы күрес және есірткі тасымалы жолдарын жабу бағытында үлкен тас жол бойынан бірнеше мобильді бекеттер қойылды. Жақында ғана Шу ауданында өткен «Көкнәр-2015» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасының басты ерекшелігі – биылдан бастап есірткі заттарын жинаушыларды ұстау және алқапты бақылап отыру үшін ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары қолданылатын болған. Яғни, есірткі алқабы әуеден де бақыланады. Сондай-ақ, МИ-2 тікұшағы мен АН-2 ұшағы есірткі жинаушылардың адымын аштырмайды деген үміт бар.
– Жыл өткен сайын Шу алқабынан есірткі саудасымен айналысушылар әдістерін өзгертіп, жетілдіріп отырады, – дейді бізбен әңгімесінде Жамбыл облыстық есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің бастығы, полиция полковнигі Шопырхан Жапабаев. – Әйтеуір, полиция олардың, олар біздің алдымызды орап, сан соқтырып кеткісі келеді. Өткен жылы Меркіде есірткі саудасымен айналысқан топ құрықталды. Нәтижесінде, топтың жетекшісі 19 жылға сотталды. Ұсталған алты адамның үшеуі – әйел, оның біреуі – мұғалім. Көрдіңіз бе, бұлар полицияның күдігі аз түсетін нәзік жандыларды және күнделікті елмен араласып, бала тәрбиелеумен айналысып жүрген ұстазды қатарына тартқан. Одан бөлек, мұндай топтар соңғы жылдары жүйрік әрі мықты жылқыларды дайындаумен айналысып келеді. Сөйтіп, көлік жүре алмайтын айдаламен аттармен өтіп кеткісі келеді. Былтырғы жылы бір салт аттыны 45 минөт қуалап жүріп, әрең ұстадық. 75 кило кептірілген есірткіні өңгеріп алған көк атты қашқын полиция қызметкерлерінің жанкешті қимыл-әрекетінің арқасында қолға түсті.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.