• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 27 Шілде, 2024

Шетелден шақырту алды

109 рет
көрсетілді

Еліміздің талантты да білімді жастарын шетелдік университеттер жиі шақырады. Бір түлектің бірнеше оқу орнына түскеніне талай куә болдық. Осындай тамаша жаңалықтың рекордын қойған Дамир Аюпов болды.

Түркістан қаласындағы №15 жалпы орта мектептің түлегі Дамир Ұлттық бірыңғай тестілеуден 133 балл жинаған. Мектепті бітіре салысымен талапты баланы шетелдің 45 жоғары оқу орны тегін оқуға шақырды. Олардың ішінде АҚШ, Швейцария, Германия, Испания, Малайзия, Шотландия секілді елдер бар.

– Мектепте география, математика және ағылшын тіліне қатты көңіл бөлдім. Содан IT саласын таңдаймын деген жоспарым болды. Дегенмен 11-сыныпта бұл ойым өзгерді. Оныма өкінбеймін. Қазір бизнес бағытын таңдап отырмын, – дейді Дамир.

Талапкер таңдауын жасап, шешімін шығарып қойыпты. Ол оқуға шақырту алған елдерінің арасында Чехия астанасы Прага қаласын таңдап отыр.

– Шетелде білім алу үш жылға жалғасады. Тағы бір жыл сол елдің тілін меңгеремін. Мені шәкіртақысы 2,5 млн теңге болатын университеттер де шақырды. Бірақ жүрек қалауым Еуропаға түсіп тұр, – дейді алғыр бала.

Еске сала кетейік, осыған дейін түркістандық түлек Ислам Абдурахманов да алпауыт 6 мемлекетте орналасқан 40-тан астам жоғары оқу орнынан шақырту алған болатын. Атап айтар болсақ,  БАӘ, АҚШ, Англия, Польша, Малайзия, Швейцария елдеріндегі әлемге танымал жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алған еді. Ол да таңдауын жасады. АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында орналасқан «North American University (NAU)» оқу орнында білім алатын болды.

– 8-сыныпта IT саласына қызығушылығым оянып, жаңа бағытқа қадам бастым. Бұл салада республикалық деңгейде өткен «Hackathon» атты жарыстан алтынға қол жеткіздім, осы іс-шарада алған тәжірибем еліміздегі білім олимпиадасынан бірінші орын иеленуіме себепкер болды. 9-сыныпта қоғамдық істермен айналысамын деп шештім. Түркістан қаласының «Eco Turkistan» клубының мүшесі болдым және ол жерде біраз тәжірибе алып, Кентау қаласында өзімнің «Green Team» атты жеке эко клубымды аштым, – деген еді ол.

Өздерінің айтуынша, екі жігітіміз де бала кезден білім әлемі­нің есігін айқара ашқан. Оқуда ерік-жігердің, үлкен ізденіс­тің керек екенін ұққан. Сол жолда талмаған. Енді, міне, жемісін де көріп отыр.