Дүниежүзілік қуыршақ өнері фестивалінен бас жүлдемен оралды
Чехияда өткен Дүниежүзілік қуыршақ өнері фестивалінде Алматы қалалық мәдениет басқармасына қарасты қуыршақ театры “Қаңбақ шал” қойылымы бас жүлдені жеңіп алды.
Аталмыш фестиваль 14 жылдан бері әлемнің әр шалғайындағы театр ұжымдарының басын қосып келе жатыр десек, оның мақсаты – дүниенің төрт бұрышындағы қуыршақ шеберлері арасында шығармашылық байланыс орнатып, сондай-ақ симпозиумдар, конференциялар және де басқа қуыршақ жанрының дамуына ықпал ететін шаралар өткізу.
Биылғы фестивальге қатысуға 273 өтініш келіп түскен, бірақ іріктеу комиссиясы 44 елдің шығармашылық топтары арасынан лайықтыларды ғана таңдап алған. Осылайша 28 мемлекеттен келген 38 театр ұжымы фестивальге қатысу құқығына ие болады.
Ал “Қаңбақ шал” қойылымына келсек, ол “Үздік театр декорациясы және қуыршақ дизайны” және “Үздік режиссер” номинациялары бойынша бақ сынаған еді. Мэри Бойд (Жапония), Меда Сида Ахмед (Алжир), Кджелл Хелджелэнд (Норвегия) және қазылар алқасының төрағасы Роберт Уолтл (Словения) сияқты қуыршақ жанрының шеберлері “Қаңбақ шал” қойылымын “Үздік театр декорациясы және қуыршақ дизайны” номинациясы бойынша бас жүлдеге лайық деп тапқан.
Қазақ қуыршақ театрына жеңімпаз дипломын табыстай отырып, қуыршақ жанрының саңлақтары біздің актерлеріміздің шеберлігін, қойылымның сценалық көп көріністілігін және қазақ музыкасының өзіндік нақыштарын ерекше атап өтті.
“Өзге елден келген қонақтар біздің қуыршақтарымызды ұстап көріп, ризашылықтарын білдірді. Нағыз қуыршақ қойылымы болғанын бір ауыздан атады. Актерлардың кәсіби машықтары, дауыстары ұнады. Әрі ертегінің сарыны ешбір елді қайталаған жоқ, дейді театр директоры Мәдениет Юсупов.
Бір айта кететін жәйт, Алматы қуыршақ театры келер жылы Прагада өтетін мерейтойлық фестивальге шақырту алып отыр десек, келер жылғы фестивальда биыл жеңімпаздар қатарынан көрінген театрлар ғана өзара бақ сынайтын көрінеді.
Ал бүгінгі күндері Алматы қаласы мәдениет басқармасының мемлекеттік қуыршақ театры өзінің күзде болатын 75 жылдық мерейтойына дайындалып жатқан жайы бар.
Суретте: қазақ қуыршақтарымен суретке түскісі келгендер көптеп табылды.
“Егемен-ақпарат”.
АЛМАТЫ.
_________________________
ҚЫЗЫЛАҒАШТЫҚ БАЛҒЫНДАР
“Көктал-Арасан” шипажайында жазғы демалыстарын қызықты өткізуде
Шәкірттер кезекті жазғы каникулға шықса, олардың бос уақыттарын қызықты өткізу мәселесіне де айрықша назар аударылған. Осылайша балалар туған табиғаттың әсемдігімен танысып, оның аясында тыныстаса, енді бірі мектеп жанында ұйымдастырылған демалыс лагерьлерінде уақыттарын қызықты өткізуде. Көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердегі балалардың демалысын ұтымды ұйымдастыру мақсатында Егінсу, Ақтоған, Қызылағаш ауылдарындағы 60-тан астам оқушы Жаркенттегі Доланқара тау шатқалындағы бүлдіршіндерге арналған “Көктал-Арасан” шипажайында демалып, күш жинап, денсаулықтарын түзеуде.
Қызылағаштық балғындар бос уақыттарында мұнда табиғаттың тамаша көріністерімен танысып, жаңа дос тапқанын айтуға болады. Олар Кербұлақ, Панфилов, Райымбек, Ұйғыр аудандары мен Алматы қаласынан келген құрбы-құрдастарымен есте қаларлықтай сәттерді бастап, қызықты кеш, өзара бәсекелестікпен жарыстарды жалғастыруда.
Алыстан келген балаларды аудан әкімінен бастап, үлкен-кіші игі ниетпен қарсы алғанын айтуға болады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы мен Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы жеткіншектердің жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында 4,5 млн. теңгеден астам қаржы бөліп, жақсы істің бастамашысы болғанын ризашылықпен атап айтқан жөн.
Қай кезде де бар жақсылық – балаларға деген ғой. Мұнда бүлдіршіндердің жақсы тамақтануына, саламатты өмір салтын қалыптастырып, спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалғаны осының дәлелі.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
______________
КӘСІБИ БІЛІМ ЖӘНЕ УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Техникалық білім берудегі педагогтардың кәсібиліктері, инженер-педагог кадрларды даярлау құрылымы, қазіргі заман технологиясын енгізу және жеке техникалық пәндерді оқыту ерекшеліктері және осы салаға қатысты басқа да маңызды мәселелер “Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары үшін инженер-педагог кадрларды даярлау” атты халықаралық конференцияда талқыланды.
Қазақстандағы Германия жылы аясында өткізіліп жатқан аталмыш конференцияға Қазақстан, Германия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан сарапшылары, жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының басшылары, Астана және Алматы қалалары, облыстық білім беру басқармаларының өкілдері қатысты.
Конференцияда сөз сөйлеген Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев бүгінгі талқыланып отырған тақырыптың заман талабына сай өзекті мәселе екендігін атап өте келе, Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуына арналған мемлекеттік бағдарламасын техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарындағы инженер-педагог мамандарын даярламай іске асыру мүмкін емес екендігін тілге тиек етті.
Бір айта кететін нәрсе, қазіргі таңда Қазақстанда отандық техникалық кәсіптік білім құрылымын дамытуға бағытталған 10-нан астам халықаралық жобалар іске асырылуда. Солардың бірі техникалық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамының “Оқытушыларды оқытудың (кәсіптік педагогика/дидактика) Орталық Азия елдеріндегі өңірлік желісі” атты жобасы болып табылады. Сондықтан жоғарыда аталған жоба жетекшісі Томас Люкстің жасаған баяндамасы жиналған қауымның қызығушылығын оятты. Оның айтуынша, техникалық білім беруді жетілдіруде сондай-ақ, ауылшаруашылық ғылымын да қатар игеруді оқыту жоспарына енгізудің берері көп.
Жалпы, бұл жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен тығыз байланыста екенін атап өту керек. Осы жобаны іске асыру экономиканың көптеген салаларындағы мамандарды даярлау сапасын арттыруға септігін тигізетінін де айтып кеткеніміз жөн болар. “Бұл үшін Дрезден қаласының техникалық университетімен бірігіп қазіргі заманғы білім беру модульдерін әзірлеп, оқытуға енгізу жоспарланып отыр” – деді Томас Люкс.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.
__________________________
КОНСЕРВАТОРИЯДАҒЫ ЖҰЛДЫЗДАР ШЕРУІ
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Үлкен орган залында 2009-2010 оқу жылын қорытындылау мақсатында кілең өнерлі, талантты жастардан жасақталған биылғы түлектер мен халықаралық байқау жүлдегерлерінің концерті зор табыспен өтті.
Еліміздегі музыкалық білім беру саласындағы жетекші оқу орны болып табылатын 65 жылдық тарихы бар қазақ музыка өнерінің қара шаңырағы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы бүгінде өздерінің кәсіби дайындығының бәсекеге қабілетті екенін тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де дәлелдеп жүрген киелі білім ордасы. Соңғы жылдары консерватория студенттері мен түлектері халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алып жатуы, шығармашылық ұжымның алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапарлары, халықаралық байланыстың қарқын алуы соның айғағы болса керек. Мәселен, басқа қол жеткізген жетістіктерін айтпағанда, биылғы оқу жылында консерватория хорының Венециядағы байқауда 2 алтын жүлдені иемденсе, студенттік симфониялық оркестрі АҚШ-тың ең ірі “ІMG Artіsts” концерттік агенттігінің шақыруымен Американың бес қаласын концерттік бағдарламамен бір ай бойы аралап қайтуының өзі еліміз үшін үлкен абырой. Сондай-ақ, аталмыш оқу орны бірқатар халықаралық өнер байқауларының, халықаралық камералық “Асыл мұра”, басқа да ірі жобалардың ұйымдастырушысы, ұйтқысы болғанын да атап өткеніміз жөн болар.
Кеште осыдан он үш жыл бұрын еліміздің экономикалық өрлеу жылдарында консерваторияға ректор болып келген Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Жәния Әубәкірова студенттерді оқу жылын бітіру салтанатымен құттықтай келіп, ал түлектерге төрт жыл алған білімдерін әрі қарай үзбей жалғастырып, шығармашылықтарына таңғажайып табыстар мен таңғаларлық нәтижелер тіледі.
– Алғаш оқу орнына басшылық қызметке келген кезімде біздің студенттердің халықаралық байқауларға қатысуы қолжетпес армандай көрінетін. Он үш жыл бұрын маған біреу консерватория шәкірттері осындай жетістіктерге қол жеткізеді деп айтса, сенбеген болар едім, – деді бізге студенттерінің жетістіктеріне риза болған Жәния ханым.
Кеш барысында “Үздік ұжым”, “Жаңа есім”, “Жыл таланты”, “Жыл студенті”, “Жыл түлегі”, “Жылдың жаңалығы”, “Үздік группа”, “Үздік куратор”, “Жыл белсендісі”және тағы басқа номинациялар бойынша студенттердің еңбегі аталып өтіп, мақтау қағаздарын алды.
Сондай-ақ, кештің қадірлі қонақтары да бітіруші түлектерді құттықтап, өз лебіздерін білдірді. “Нұр Отан” ХДП Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Амангелді Каримуллин, консерватория түлегі, Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов қазақтың бүгінгі өнерін әлемге танытып жүрген Жәния Әубәкірованың еңбегін атап өте келе, білім ұясынан ұшып шыққалы отырған қарлығаштарға сәттілік тіледі.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.