Халықаралық Абай клубы мен әлем әдебиетін уағыздайтын қазақтың әдеби журналы «Amanat»-қа он бес жыл толды. Қазақ топырағында тұңғыш рет әлем әдебиетінің арнайы 200 томдық «Amanat» кітапханасы да толық басылып шықты. Әлем әдебиетінің 200 кітабы – біздің он бес жыл бойғы тынымсыз еңбегіміздің жемісі.
Айтулы кітап сериясы Дешті-Қыпшақ даласының жыр, ой, саз, сөз кемеңгерлігіне толы кең тынысты әлемін І ғасырдан ХХІ ғасырға дейінгі аралықта барынша ашық та айқын көрсетуді өзінің басты мақсаты деп қабылдаған. Сонымен қатар, әлем халықтарының үздік ой мен терең сөзге тұнған әдебиетін де қазақ оқырманына ерекше ықыласпен ұсынуға тырысқанын ерекше атамақпыз.
Ендігі сөз «Аmanat» кітапханасының соңғы 200-томы – Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақыл-парасат кітабы» туралы болмақ.
Ой-толғанысқа толы кітапты оқу, санаға сіңдіру келелі рухани мектептен өтумен бірдей. Бұл кітаптағы ой-толғаныс сені бүкпесіз шындыққа толы кеңістікке жетелейді. Сенің бойыңнан желдей жылдам уақытқа төзіп берер аса қуатты күшті талап етеді. Уақыт пен кеңістікті бірдей қамтып игере алған кітаптар ғана аса құнды шығармалардың санатына қосылмақ.
«Ақыл-парасат кітабы» ой айдыны терең кітаптардың қатарынан.
Бұл кітап адам тағдыры туралы көркем шығарма емес, тізбектеліп түскен адам ойының бұлқынысына бағышталған ой әлемі. Адам ойының күздің тұманды кешіндей күйзелген, әлде енді ғана сәуле шашқан таңғы нұрдай жарқыраған бейне суреті.
Дұрысы, адам ойының суреті.
Жанды сурет.
Күрсіндірер, күлдірер, күйзелтер, тамсандырар суреттерге толы толғанысты сөз әлемі.
«Ақыл-парасат кітабы» ерен тұлғаның қара басының қамын емес, туған елінің бақытын аңсаған толассыз ой керуені.
Қазақты қалай өрге сүйреп шығарсам деген үкілі үміт пен қалың күдікке толы ашық толғаныс.
Намыс толғанысы.
Рух толғанысы.
Ал дәл осындай аласапыран заманда, қиямет толғаныстармен жанды қинау Алла тағала таңдаған тұлға ғана бекінер тәуекел.
Сол тәуекелден тартынбауды Нұрсұлтан Назарбаев қош көріпті. Ықылым замандардан бері ата-бабаларымыздың көңілі сенгені де, жаны қалағаны да тәуекел тірлік болған. Елбасы сол тынымсыз жолды таңдапты.
Сананы сандалтар ойларды бір жүйеге жию қанша қиын болса, ой-толғанысқа толы кітап туралы ой айту онан да өткен қиямет, асылы азап десем болар.
Әуелі кітап сөзіне жол берейік, оқырман.
«Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, Ол – тәуелсіз Қазақстан».
«Отаны жоқ адам – тамырсыз, тұрлаусыз қаңбақ сияқты».
«Отаншыл болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа риясыз сеніп, қоғамға қызмет ету. Бірақ Отаныңның тарихын, ана тіліңді, шыққан тегіңді білмей нағыз отаншыл бола алмайсың».
«Менде туған елімді дамыған елдердің санатына қосудан асқан мақсат жоқ».
«Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлттың өзіне деген нық сенімі болуы қажет».
Нұрсұлтан Назарбаев халқының сан салалы тірлік аясын жіті зерделейді. Перзенті ретінде де, Президенті ретінде де халқының бүгіні мен ертеңін қатар өрбітіп, өткенін жинақтап, толықтырып отыруды азаматтық салты қылып ұстанған. Бұл ірі тұлғалар ғана бекінер тастүлек мінез. Елбасының ой аясы қашанда кең, қашанда терең болуы керек екенін осы кітап растап бергендей. Өкінішке қарай, бабаларымыздың жазғандарын сақтай алмай, көбіне иелік те жасай алмай, жаттың қолында қалдырып кетіп отырдық. Жоғалғанымызды жоқтауға, асылымызды сақтауға салақтау халық екеніміз рас.
Қазақстан Республикасының Президенті халқының өткен қанқұйлы тарихын да, сөздері халыққа толық жетпей қалған әулиелері мен хандарының өксікті өмірлерін де жақсы біледі. Сонан да көне замандағы көне бабаларымыздай Нұрсұлтан Назарбаевтың ісі – сөз, сөзі – іс болып қалыптасқан. Ол туралы Президент былай деп ой кеседі:
«Мен ешқашан қолдан келмейтін іске уәде берген емеспін, ал уәде берген екем орындап болғанша жаным тыным көрмеген».
Бұл жауапты адамның жауапты сөзі. Елбасы солқылдақ болса, елі қандай болмақ?!. Елбасына мәрттік пен өжеттік, ақыл мен парасат жарасады. «Қазақфильмде» сөйлеген бір сөзінде «Бізге өжет ұлдар қажет. Соларды тәрбиелеу керек», – деп айтқан сөзінде арман тұрған. Президенттің көзінде от жарқ етіп еді. Теледидардан көрген сол бір сәтті мен ешқашан ұмытпаймын. Елбасына деген сенім мен құрмет менің жүрегімде сол сәтте тағы бір бұлқына соққан болатын.
Өмірдегі ақыл-парасаты, саясаттағы әдіс-амалы, басына біткен кісілік мінезі Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдегі ең салиқалы саясаткерлердің қатарына қосты. Туа біткен мәрт мінез, ерекше байқампаздық Елбасының адамдық келбетін айқындай түскен. Әлемнің қай басшысы болса да, Қазақстан Республикасы Президентінің сырға толы бет-жүзін, байыптап айтар кемел ойын, қашанда ашық пікір-таласқа атойлап шығар жанкештігін ерекше құрметтейді. Президенттің адамгершілігіне, көңілінің ақтығы мен ашықтығына күмән келтірмейді. Елбасының өзі де ешкімді алаламай, барлығына бірдей таза ықыласпен, шын пейілмен беріле сырласатынын қай-қайсысы да жақсы біледі. Қазақ елінде ЕҚЫҰ саммиті (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) өткен тұста қазақ елі басшысының көсемдік тұлғасы ерекше бой көтерді. Жалпы келісімге әлем басшылары таңғы төртте ғана қол жеткізгеніне бәріміз де куә болдық. Бұл қазақ ұлы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің, табандылығының, кемеңгерлігінің талассыз биіктігі болатын. Бес құрлықтың халқындай, қазақ халқының қаны да қызыл, жаны да таза, ойы да ашық, тілеуі де анық екенін мойындатты. Президент Назарбаев дәл сол жолы өз халқының мейірбан жанын әлем алдына жайып салды.
Әлем қазақ еліне алғаш рет түстей қарады. Сонымен бірге, Елбасының көсемдік тұлғасын қабыл алды.
«Ақыл-парасат кітабының» басты ерекшелігі келісті сөз құдіретінде. Осыған орай көне Шығыс ғұламаларының бірі айтқан сөз ойға оралды.
«Кәміл ақыл тұрғысынан зерделеп қарағанымда сөзден асыл, сөзден асқақ ешнәрсе таба алмадым. Сөзден артық күш болғанда, Алла тағала оны Пайғамбарына білдірген болар еді», деген.
Ат тұяғынан жаратылған қазақ үшін сөзден қуатты, сөзден асыл ештеңе жоқ. Бабаларымыз жығылғанды сөзбен көтерген, жылағанды сөзбен жұбатқан, дұшпанды сөзбен тоқтатқан.
Сөз – дертке дәрмен болар ем, жасқа ұлағат болар тәрбие, келешекке аманат қылып қалдырар асыл мұра.
Сөз өнері – қазақтың қанына сіңген таусылмайтын байлық.
Жастайынан тамыры тереңде жатқан түгесілмейтін қазақ ойының қазанынан сусындаған қазақтың дара ұлы Нұрсұлтан Назарбаев сөзді түстеп те, салмақтап та, астарлап та біледі. Сөз қасиетін таныған адамның ары да, жігері де, намысы да таза болатыны белгілі.
Ал мен дербес елдің дара көсемінің тынымсыз ауыр ойларға толы «Ақыл-парасат кітабын» әлемнің ұлы ойшылдары мен жазушыларының көшіне қосып жіберіп, соңынан ақ тілеу тілеп қарап тұрмын.
Уақыт пен кеңістік сынынан қара үзіп дара шығар, жандары ақиқатқа суарылған санаулы тұлғалар бар. Сол санаулылар қатарына «Ақыл-парасат кітабының» авторы да еркін енетініне сенімдімін.
Әлем экономикасы, саясаты, ой-жүйесі сағат сайын толқып, тұйыққа келіп тіреліп жатқан тұста, анық, батыл шешім қабылдау, алған беттен қайтпау, билік шыңында жайғасқан жалғыздық атты жалмауызбен жекпе-жек айқаста күн кешу оңайға соқпайтыны белгілі.
Елінің есік-терезесін ашық ұстаған, озық идеяларға құшағын ашқан Нұрсұлтан Назарбаевтың ойлау жүйесі ұшқыр, талғамы таза, еркіндік аясы кең екендігіне енді ешкімнің шүбә келтірмесіне сенген –
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ.
АЛМАТЫ.