• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 08:25

Өндіріске серпін берген өнертабыстар

20 рет
көрсетілді

Қолданбалы ғылымда зерттеу мен өндіріс – құстың қос қанатындай. Бір қанаты әлсіресе, биіктеу бұйырмасы белгілі. Дәл осы өндіріске өту, өнім алу мәселесі бізде өзекті болып отыр. Мұны бұған дейінгі материалдарымызда бірнеше рет көтерген болатынбыз. Дегенмен қу шөппен ауыз сүртуге болмайды. Аз да болса, нарықта қолданысқа енгізіліп жатқан, халықтың тұрмысын жақсартуға жол салған ғылыми жобалар бар. Өзге де ғалымдарға үлгі болса деген ниетпен солардың бір парасына тоқталғанды жөн көрдік.

Зауыт ашуға себеп болған зерттеу

Үй салсақ та, жөндеу жүргізсек те түрлі шетелдік қоспаларға тапсырыс беріп жатамыз. Енді өзіміздің отандық өнімді алуға болады. Жақында құрғақ құры­лыс қоспаларын шығаратын жаңа зауыт ресми түрде ашылды. Бұл өндіріс орнының ашылуына ғалымдар тобының зерттеу жұмысы арқау болып отыр.

Осы топтың жетекшісі, PhD зерттеуші профессор Руслан Нұрлыбаев – Қазақстанда ғылым мен өндірісті ұштастырып, нақты нәтижеге қол жеткізіп жүрген ғалымдардың бірі. Ғалымның ғылыми қызметі Сәтбаев университетімен тығыз байланысты. Аталған жоғары оқу орнын тәмамдап, әр жылдары сол университеттің ғылыми және инновациялық құрылымдарында қызмет атқарып, бүгінде зерттеуші профессор ретінде жұмысын жалғастырып келеді.

Бүгінде ол химиялық технологиялар мен өнеркәсіптік экология бағытында жұмыс істеп, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы жаңа буын құрылыс материалдарын әзірлеу жобасын жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар ғалым «Savenergy» ЖШС құрылтайшысы әрі басшысы ретінде ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізумен айналысады. Оның ғылыми еңбектері наноматериал­дар мен бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы салаларын қамтиды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Р.Нұрлыбаев жетекшілік ететін ғылыми топ өндірістік қалдықтарды тиімді пайдалануға негізделген құрғақ құрылыс қоспаларын әзірледі. Зерттеу жұмыстарына магистранттар мен докторанттар белсенді қатысып, ғылым мен білім үйлесім тапты. Жобаның басты ерекшелігі – жергілікті минералдық шикізат пен қайта өңделген қалдықтарды пайдалану арқылы экологиялық әрі экономикалық тұрғыдан тиімді өнім шығару. Бұл технологиялар патенттеген, ал дайын өнімдер ұлттық стандарттарға сай, нарықта сұранысқа ие.

Ғалымдар тобы құрамын әзірлеп, шикізатты іріктеуден бастап технологиялық үдерістерді баптау мен сериялық өндірісті іске қосуға дейін зерттеулердің толық циклін жүргізді. Міне, енді осы ғылыми әзірлемелердің нәтижесінде Алматы қаласында өндірістік қалдықтар негізінде зауыт жұмысын бас­тап жатыр. Кәсіпорын толық автоматтандырылған, жылына 20 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріс орнында шамамен 30 жаңа жұмыс орны ашылады. Отандық технологиялар негізінде құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауытта шикізат ретінде өндірістік қалдықтар пайда­ланылады. Осылайша, бұрын қалдық саналған ма­те­риалдар құрылыс индустриясында құнды ре­сурс­қа айналып отыр. Бұл қоршаған ортаға түсе­тін жүк­те­ме­ні азайтып, өндірістің тиімділігін арттырады. 

Алыстан басқарылатын ақылды үй

Нарықтағы кез келген тиімді жүйе немесе қандай да бір өнім ұзақ жылғы зерттеулердің нәтижесінде туады. Соның бір үлгісі болар, Ғылым қорының қолдауымен 2023–2025 жылдары жүзеге асырылған ғылыми жоба аясында әзірленген «Smart Home» жүйесі нарыққа шығарылды.

Ғылымға негізделген жаңа жүйе ғимараттардың инженерлік, тұрмыстық жүйелерін бір платформаға біріктіріп, сценарийлік басқару мен автоматтандыруды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жүйе қауіпсіздік, энергияны басқару, тұрмыстық үдерістерді  оңтайландыру бағытында кешенді шешім ұсынады.

Министрлік ақпаратында айтылғандай, жоба нәтижелері өнімнің нақты пайдалану жағдай­ларында жоғары тиімділігін көрсетті. Атап айт­қанда, қанатқақты режімде әрі коммерциялық нысандарда сынақтан сәтті өтіп, өндіріс пен сатылым көрсеткіштері жоспарланған деңгейден асып түскен.

«Connected Home» компаниясының директоры Саят Ақтайдың айтуынша, әзірленген жүйе қазір құрылыс саласында кеңінен қолданылып келеді.

«Ғылым қорының қолдауымен іске асырылған ғылыми жоба негізінде «Wallee» бақылаушы мен оған арналған бағдарламалық қамтамасыз ету жасалып, «Smart Home» жүйесі әзірленді. Бүгінде біз ірі құрылыс компанияларымен жұмыс істеп жатырмыз. Бақылаушы автоматтандыру үшін қолданылады, ал датчиктер қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Барлық сигнал біздің мобильді қосымшаға түседі. Пайдаланушы үйден тыс жерде болса да, су ағуы, түтіннің шығуы немесе бөгде адамның кіруі туралы бірден хабар ала алады. Сонымен қатар түйiстiргiш құрылғысы арқылы үйдегі электр қуатын қашықтан қосып немесе өшіруге мүмкіндік бар. Қазір біздің ақылды жүйе бойынша Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы 15 мың пәтерге келісімшарт жасалып, оның 7 мыңына орнатылды», деді ол.

Ғылым қоры таратқан ақпаратқа сүйенсек, «Wallee» – оңтайлы, бюджеттік және гибридті (сымды және сымсыз шешім) ақылды үй бақылаушысы. Бұл ақылды үйдің негізгі функцияларын сақтай отырып, электр қуатын аз жұмсауға мүмкіндік береді. Ақылды үй өз кезегінде үйді автоматтандырады әрі сіздің үйіңізде су ағып кету, ұрлық және рұқсат етілмеген әрекеттердің алдын алуға көмектеседі. Ғылыми зерттеулердің нәтижесінде барынша ыңғайлы енгізу үшін бірегей формфактор әзірленді, қосымша блоктарды, қуат көздерін, жеке сымсыз модульдерді қажет етпейді. 

Ұшқышсыз ұшу аппараттары

«Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы 2020 жылдан бері әртүрлі мақсаттағы ұшу аппараттарын әзірлеумен айналысып келеді. Аталған технологиялар әуе, су, суасты, жерүсті кеңістіктерін­де барлау, бақылау жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылығы мен әскери салада қолдануға арналған. Бұл ұйымның қызметі қорғаныс-өнер­кәсіп кешеніндегі отандық ғылымды дамытуға, мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әскери және қос мақсаттағы өнім­дерді жаңғырту мен жаңа түрлерін әзірлеуді ғылыми-техникалық тұрғыда қолдауға бағытталған. Сонымен қатар орталық инновациялық идеялар­ды өнеркәсіптік сериялық өндіріске жеткізу мақса­тында жаңалық табушыларға қызметтердің толық спектрін ұсынып, жобаларды кешенді қолдау мен сүйемелдеуді жүзеге асырады.

Осы орталықтың «Әртүрлі экономикалық сала­лар­дың қажеттіліктері үшін отандық әзірлемедегі ұш­қышсыз авиациялық кешендерді (ҰАК) өндіру» тақы­рыбындағы зерттеу жұмысы ғылыми қызмет нәти­желерін коммерцияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Бүгінде орталық әуе роботтехникасы бағытында мемлекеттік сектор, қоғамдық қауіпсіздік және өндірістік кәсіпорындар үшін бірқатар заманауи ше­шімдер әзірлеген. Олардың қатарында ны­сана­ларды анықтау мен зақымдауға арналған «Жебе» тосқауылдау оқ-дәрісі, оқу-жаттығу мақса­тын­да­ғы ұшқышсыз әуе нысаналары, теңіз операцияларына арналған экипажсыз кеме, мобильді робот­тех­никалық кешендер, сондай-ақ мониторинг, барлау және арнайы тапсырмаларды орындауға арнал­ған «Қарақұс», «МАСА», «Saryarqa», «JETISÝ», «SAMŪRYQ»,«Шағала-М» сияқты ұшқышсыз жүйе­лер бар.

Атал­ған әзірлемелер отандық ғылымның қорғаныс және жоғары технологиялар саласындағы әлеуетін арттырып, еліміздің технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосуды көздейді.

Соңғы жаңалықтар