Шыны керек, кейде бір адамның тағдырын бір ғана сәт өзгертіп жібереді. Бұл жазбамның кейіпкерінің өмірі де арманға толы екенін әу бастан аңғардым. Оның есімі – Валентина Свириденко. Ол бала кезінде отбасымен бірге Ресейден Шығыс Қазақстан облысына қарасты Марқакөл ауданының Қарой ауылына қоныс аударыпты. Қазақ ауылына келгендегі әсерін бірауыз сөзбен жеткізу қиын.
Жаңа ортаға бейімделу оған оңай болмаған. Дегенмен, ауыл балалары оны бөтенсінбепті. Олар қазақша сөйлесе, Валентина орысша жауап береді. Ауылдың шаңын бірге жұтып, түрлі ойын ойнап өседі. Осылайша, ауыл балаларымен араласа жүріп, бірте-бірте тіл үйренеді. Шындығында, ол қазақ тілінің алғашқы сабағын мектепте емес, ауылдың шаң басқан көшелерінде бастаған еді.
Валентина төртінші сыныпқа дейін қазақша дұрыс оқып, жаза алмапты. Сабақтан төмен бағалар алған. Әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін меңгеру аса ауыр көрінетін.
Әкесі жаз сайын балаларын жайлауға алып баратын еді. Интернетсіз, телефонсыз өткен сол күндері балалардың ермегі үлкендердің әңгімесі мен кітап еді. Бір күні әпкесі оқып жүрген Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінділерді ерекше әсермен әңгімелеп береді. Ол Оспанның тентек мінезін, Абайдың Тоғжанға деген алғашқы сезімін, кейіпкерлердің қуанышы мен қайғысын үлкен ықыласпен жеткізеді. Дала өмірінің тазалығы мен еркіндігіне, өзгеге ұқсамайтын махаббатқа қызыққан Валентина сол оқиғаларды көз алдына қайта-қайта елестетіп жүреді.
Сол кезде оған найзағайдай жарқ еткен бір ой келеді. «Өзім өмір сүріп жатқан елдің әдебиетін, тарихын, мәдениетін білмейтініме іштей ұялдым. «Абай жолын» түпнұсқадан түсініп оқи алсам ғой деген арман пайда болды», дейді ол сол шақты еске алып.
Жайлаудан ауылға оралғаннан кейін оның қолынан кітап түспейтін болады. Кітаптағы әр сөздің мағынасын түсініп, оны күнделікті өмірде қолдану мақсатында бір шығарманы қайта-қайта оқудан да жалықпайды. Осылайша, қазақ тілі мектеп бағдарламасындағы міндетті пәннен рухани қажеттілікке айналады.
Әдебиетке деген сүйіспеншілік оның бойындағы шығармашылық қабілетті де оятты. Тілді меңгерген сайын қазақша шығармалар жаза бастайды. Уақыт өте келе сыныптастары өздерінің шығармаларын жаздырып алатын дәрежеге жетеді. Бала қиялына тән алғашқы «кәсібі» де сол кезде басталған екен. «Шығарма жазып берші» деп өтінген сыныптастарынан суретті дәптер, бәліш немесе елу теңге алатын деңгейге жетті.
Бүгінде бұл қызықты естелік болып көрінгенімен, сол тәжірибе оның жауапкершілігін арттырып, жазуға деген ынтасын күшейткен еді. Мектептегі қызығушылық кейін болашақ мамандығына айналды.
Ол Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, кейін «Менің өлкем» газетінде тілші болып еңбек етті. Сонымен қатар «Алтай» телеарнасында жұмыс істеді.
Марқакөл өңірінде жаңа газет ашу бастамасы көтерілгенде, Валентина сол істің бел ортасында жүрді. Бұрын бұл аймақта «Шамшырақ» («Маяк») газеті шығып, кейін тоқтап қалған-ды. Кейіпкеріміз жаңа басылымның қайта жандануына өзіндік үлесін қосты. Қазір ол – «Марқакөл таңы» газетінің бас редакторы.
Сөз арасында оған: «Сен үшін, сенің жұмысың үшін қазақ тілі қандай рөл атқарады?» деген сұрақ қойдық. Ол сәл ойланып былай деді: «Мен қазір барлық мақаламды қазақ тілінде жазамын. Газетке сұхбат берушілерден де қазақша ақпарат беруді сұраймын. Әрине, орыс тілінде де сөйлесе аламын. Бірақ мемлекеттік тілде сөйлеп, ақпаратты қазақша алуға басымдық беремін. Осы арқылы қазақ тілінде сөйлесу мен ақпарат алмасудың мәдениетін көрсеткім келеді. Бұл – мемлекеттік тілдің дамуына қосып жүрген аз ғана үлесім».
Бұл сөздер оның қазақ тіліне деген құрметін ғана емес, азаматтық ұстанымын да аңғартады.
Қазіргі уақытта өңірде газет шығарып, оны оқырманға жеткізу оңай емес. Ақпарат жинау, материал дайындау, оқырман сұранысынан шығу үлкен еңбекті талап етеді.
«Жұмысымды жақсы көремін. Ақпарат алу, мақала жазу, адамдармен араласу маған өте қызық. Өзімнің өскен өлкем болғандықтан, мені қолдайтындар да көп. Қолдау бар жерде ынта бар. Қазақ тілі – өте бай тіл. Мен білмейтін көне әрі қазақы сөздер әлі де көп. Жазушылар мен ақындардың шығармаларын оқығанда олардың тілді қолдану шеберлігіне тәнті боламын. Қазақша еркін сөйлесем де, арнайы уақыт тауып кітап оқып, әдебиет арқылы өзімді әлі де дамытып келемін», дейді Валентина.
Осылай дей келе ол тағы бір маңызды мәселеге тоқталды. «Қазір газет оқитындардың қатары сиреп бара жатқанын мойындауымыз керек. Сондықтан шынайы оқырманмен байланыс өте маңызды. Қолым бос кезде ауылдарды аралап, оқырмандарыммен бір дастарқан басында әңгімелесемін. Олар мұң-мұқтажын айтады. Мен мақалаларымның мазмұнын ауызша айтып беремін», дейді ол күліп.
Валентинаның айтуынша, отбасы түгелдей қазақша сөйлейді екен. Оның өмір жолына үңілсек, кезінде түсініксіз болып көрінген Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы шын мәнінде оның өмірлік бағытын айқындаған шамшыраққа айналыпты. Әдебиетке деген қызығушылық оны журналистикаға жетелеп, қазақ тілін өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған.
Бұл оқиға тіл дегеніміз жай ғана қарым-қатынас құралы емес екенін тағы бір мәрте еске салады. Ол – адамның дүниетанымын қалыптастыратын, болмысын байытатын рухани кеңістік.Төртінші сыныпқа дейін қазақша оқып, жаза алмаған қыздың кейін қазақ тілінде мақалалар жазып, елге қызмет етіп жүрген журналист атануы – соның айқын дәлелі.
Міне, бұл – өзге ұлт өкілі болса да, қазақ тілі арқылы өз орнын тапқан журналист Валентина Свириденконың ғибратты ғұмыры.